БИ-АПАНЫҢ БЕНЕФИСІ

0 173

95038123_artgazetakz

Бүгін «Астана Опера» опера және балет театрының сахнасында КСРО және Қазақстан Республикасының халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, қазақтың бұлбұлы атанған Бибігүл Төлегенованың 85 жылдық мерейтойына арналған «Сүю, үміттену және сену» атты гала-концерті өтеді.

Бағдарламаға қазақстандық және шетелдік композиторлардың операларынан ариялар, халық әндері, романстар және т.б. шығармалар енген. Сондай-ақ, көрермендер алдында  «Астана Опера» хоры және симфониялық оркестрінің қатысуымен мерейтой иесінің құрметіне белгілі қазақстандық опера әншілері, шәкірттері, оның дәстүрін жалғастырушылар, Бибігүл Төлегенова конкурсының лауреаттары және басқалары ән шырқайды.

Көрме ұйымдастырылып, онда Б.Төлегенованың қойы­лымдарға және концерттерге киген костюмдері, жеке заттары мен әр жылдары алған марапаттары қойылады. Сонымен қатар, әншінің өміріне және шығармашылығына арналған фотогалереяны да тамашалауға болады.

Әртіс бүгінде қатарлас қазақ опера әншілерінен жалғыз қалғанын айтып: «Биыл – мерейтойым, сол себепті халқыма есеп бергім келді. Қазіргілер оны «бенефис» дейді екен. Соны осы «Астана Опера» сахнасында өткізбекшімін. Мұндағы солистердің тең жартысы – менің конкурсымның лауреаттары. Олардың қатарында Сүндет Байғожин, Әлфия Кәрімова, Медет Шотабаев, Талғат Мұсабаев, тағы басқаларды атар едім. Бұл гала-концерт бәрінен бұрын менің дауысымды естігісі келетін тыңдаушыларыма арналады» деді әнші тебіреніп.

Жұма ҒАЗИЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

12 − two =