Беттұмша неге жетіспей жатыр?

0 17

Елімізде медициналық масканы (беттұмша) тұрғындардың жаппай сатып алуға тырысуы елімізде беттұмша тапшылығын тудырды. Бұл туралы кеше Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде өткен коронавирусқа қатысты баспасөз мәслихатында айтылды.Дені сау адамдардың маска тағуының қажеті жоқтығын, масканың орнына гигиеналық талаптарды сақтаудың өзі жеткілікті екенін ашып айтқан ҚР ДСМ «Дəрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының» бас директоры Арнұр Нұртаев беттұмша тапшылығына мұрындық болған мәселелерді де атап өтті. «Ақпан айының басында дәріханаларда 9 млн дана маска бар еді. Алайда коронавирустық инфекцияға қатысты дүрлігудің әсерінен халық медициналық маскаларды көптеп сатып ала бастады. Нәтижесінде сұраныс 30 млн данаға дейін өсті» деді ол.
Қазіргі таңда отандық медициналық беттұмша өндірушілер күніне 180-200 мыңға жуық маска шығарады. Алайда маска материялының шетелден импорт етілуі, сондай-ақ алыпсатарлардың маскаларды шетел асырып сатуы немесе тауарды басып алып, маска тапшылығын қолдан жасап, 15 теңгелік масканың бағасын 200 теңгеге дейін көтеруі де маска тапшылығын тудырып отыр. Дегенмен, ҚР фармецевтикалық қызметтін қолдау және дамыту қауымдастығының өкілдері Қарапайым медициналық масканың бағасы 30 теңгеден көтерілген жоқ деп отыр. «Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласындағы бөлшек саудада медициналық масканың жетіспеушілігі байқалады. Алдымен бұл қолдан жасалған дүрлігу деуге негіз бар. Біздің елдегі медициналық маска шығарушылар шикізат болмауы себепті тығырыққа тірелді. Үкімет қазір шетелден шикізат жеткізу мәселесін шешіп жатыр. Жақын арада дүрлігу басылады деп ойлаймыз. Ал қарапайым медициналық масканың бағасы 30 теңгеден көтерілген жоқ. Дәріханалар тұтынушыға 10-20-дан артық сатпайды» деді «ҚР фармецевтикалық қызметтін қолдау және дамыту қауымдастығы» ЗТБ Нұр-Сұлтан қаласы филиалының директоры Гүлсарай Альмурзина.
Айта кетейік, 2020 жылдың 28 қаңтарында коронавирустың таралуының алдын алу мақсатында қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің төрағалығымен штаб құрылды. Сондай-ақ вирустың таралуына жол бермеу мақсатында ҚР Үкіметінің резервінен 73,6 млн теңге көлемінде қосымша қаржы бөлінген болатын. Бүгінгі таңда бас қалада коронавирус жұқтырған оқиға тіркелген жоқ.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды