Бетперде тағу өміріңізді сақтайды

0 43

Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Жанна Пірәлиева атап өткендей, маска тағу қазір өмірлік қажеттілікке айналды. Бұл жақындарыңыз бен жаныңыздағы отандастарыңызды қауіпті аурудан сақтай алады. Көбіне қала тұрғындары масканы иегіне тағып, бірнеше күнде бір ауыстырады. Бұл мүлдем дұрыс емес, өйткені осылайша олар өзінің ғана емес, өзгенің де өміріне қауіп төндіреді.

«Бүгінде барлық қоғамдық орындарда маска тағу қажет, олар бәріне міндетті болуы керек және мұны дұрыс жасау маңызды. Масканы үйден шығар алдында тағуы тиіс. Ең дұрысы, маска бетке тығыз орналасып, иекті жауып тұруы шарт. Оны мұрыннан төмендетуге болмайды, себебі бұл – өрескел бұзушылық. Көшеде масканы ұстамауға тырысыңыз, орнын ауыстырмаңыз, оны иекке және артқа қарай жылжытпаңыз. Масканың жоғарғы бөлігінде мұрынға тығыз басуға мүмкіндік беретін икемді металл сым бар. Сонымен қатар бұл қорғаныс құралын екі сағат сайын ауыстырып отыру, ескіргендерін арнайы қоқыс жәшіктеріне лақтыру керек» дейді елорданың бас мемлекеттік санитар дәрігері.
Егер сіз қайта қолдануға болатын маска сатып алған болсаңыз, оны қолданғаннан кейін кір сабынмен немесе арнаулы жуғыш затпен жуу керек. Содан кейін оны үтіктеңіз, қорғаныс құралын дымқыл түрде пайдалануға болмайды. Дәрігерлердің айтуынша, маскалар – бүгінде COVID-19 ауруына қатысты ахуалды бақылауда ұстауға мүмкіндік беретін құралдардың бірі.
«Маскасыз серуендеген адамға жаза қарастырылған, полиция әкімшілік хаттама жасайды. Карантин режимін және жеке тұлғаларға арналған санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзғаны үшін айыппұл мөлшері 30 АЕК немесе 83 340 теңгені құрайды» деп атап өтті Жанна Пірәлиева.
14 қазаннан бастап елордада карантин режимі күшейтілді. Нотариустардың, бизнес орталықтарының, ойын-сауық мекемелерінің жұмыс уақыты қысқарды. Коронавирусқа ПТР-тест тапсырғысы келетіндер үшін елордада 15 пункт бар, бұл қызметтің орташа бағасы 10 мың теңгені құрайды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 + 3 =