«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бэтменнен Алпамысқа ауысайық…

0 288

Жуырда «Балапан» телеарнасы эфирінен ақын Баянғали Әлімжанов: «Шетелдік мультфильмдерге, фантастикалық кейіпкерлерге қызығып қажеті жоқ. Ондай қаһармандар қазақтың фольклорында толып жатыр. Соны үлгі ету қажет» деп еді. Кеше Мәдениет және спорт министрлігі өкілдері «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешеніне журналистерге баспасөз турын ұйымдастырды.Сонда жүріп, Баянғали Әлімжанов айтқан кейіпкермен кездестік. Осында өтетін мәдени шаралардың негізгісі ретінде «Алпамыс» театралды-цирк шоуы 1 маусымнан бастап 3 ай бойы көрсетіледі. 70 әртіс қатысатын қойылымның дайындығымен таныстық.
Алдымен Алпамыс найза, қалқанымен өнер көрсетті. Қасында қыр қыздары билеп жүр. «Суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын» әуе гимнасттары аспандағы ауаны айнала секіріп, өнер көрсетті. Бұл тамаша шоуды Мәдениет және спорт министрлігі арнайы өткізіп отыр. Залда 1000-ға тарта көрермен керемет қойылымды тамашалай алады. Бұл жөнінде министрліктің баспасөз хатшысы Айдар Қырықбаев: «Шараға 7 мемлекет өз өкілдерімен, өнерпаздарымен келеді. Шоудан бөлек, бұл ауылда үш ай бойы аударыспақ, теңге ілу сынды ұлттық ойындар ойналады. Ат спортынан жарыстар өтеді. Біздің спортшылар да, өнерпаздар да сақадай-сай» деді.
Баспасөз туры барысында 2500 шаршы метрге жайылған аймақпен, «Шеберлер ауылы» секторы, «Спорттық-цирктік шаралар» мекені, «Концерттік зал», «Демалыс аллеясы», «Дәстүрлі қазақ және шығыс тағамдары мейрамханасы», «Ұлттық дәстүр-салт» секторы, «Жібек жолы Шығыс базары», «Аңшылықтың дәстүрлі түрлері» орындарымен таныстық. Бәрі дайын, соңғы тексеру жұмыс­тары жүріп жатыр.
Осы істің басы-қасында жүрген «Қазақ әуендері» АҚ вице-президенті Сәкен Шакеев: «Шоу рухани жаңғырғанымызды байқатады. Алпамысты басты кейіпкер ретінде тегіннен тегін алғанымыз жоқ. Біздің балалар Бэтменді емес, өзінің Алпамысын үлгі тұтуы тиіс. Қазақ тарихының ең көне және жұмбақ беттерінен бастау алатын батыр туралы ғажап аңыз желісі ежелгі Бозоқ қаласының бойында өтеді» деп атап өтті.
Алпамыстың рөлінде – Дархан Камбышев ойнады. Шоудың тылсым сазға тұнған музыка авторы – Жанболат Әділов. Ол – «Ұлытау» тобының көптеген композицияларын жазған өнерпаз. Ал режиссері – Сергей Козин.
Бір ерекшелігі, көрермен үшін «Трапеция мектебі» жұмыс істейді. Мұнда өзін әуеде сынап көргісі келген адам ашық аспан астында қалықтауға және ауада гимнастикалық трюктер жасауға мүмкіндік алады.
«Этноауыл» сонадайдан көрінгенде-ақ, қазақ екеніңді танытады. Рухтанып кететінің анық. Ал Алпамыс сол рухқа жігер үстей түсетіні сөзсіз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды