Бессайыстың бас бәйгесі

0 156

Астанада қазіргі бессайыстан Азия чемпионаты өтіп жатыр. Өткен сенбіде «Сарыарқа» велотрегінде салтанатты түрде ашылған құрлық бәсекесіне Австралия, Қытай, Үндістан, Жапония, Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Өзбекстан, Тайвань және Қазақстан спортшылары сынға түсуде. Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде Халықаралық бессайыс федерациясының президенті Клаус Шорман, Азия конфедерациясының басшысы Ли Джей-Йон, Қазақстан бессайыс федерациясының президенті, Әділет министрі Берік Имашев, ҚР спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Ерлан Қожағапанов спортшыларға арнап құттықтау сөз сөйлеп, табыс тіледі.

Семсерлесу, жүзу, ату, жүгіру және конкурс жарыстары бойынша құрлық чемпионы атағы ересектер мен жастар арасында өткізілуде. Сондай-ақ, біріншілік аясында Азия мен Океания өкілдері арасында жасөспірімдер олимпиада ойындарына іріктеу турнирі де ұйымдастырылуда.
Жарыстың алғашқы күні жасөспірімдер сынға түсті. Азия чемпионы атағымен қатар жасөспірімдер олимпиадасына жолдама беретін жарыс қорытындысында жасөспірім ұлдар арасында бірінші орынға ие болған қытайлық Шуан Ли мен күміс жүлдегер атанған оңтүстік кореялық Джилунг Парк жеңімпаз болып танылды. Ал, қыздар арасындағы сайыста бірінші және екінші орынды иеленген қытайлықтар Данни Вей мен Лишан Дженг жасөспірімдер олимпиадасына қатысатын болды.
Ал, ересектер бәсекесінде алдымен эстафета жарысы өтті. Бұл сында Оңтүстік Корея құрамасы жеңімпаз атанса, Қытай жігіттері екінші орыннан көрінді. Құрамында П.Ильященко, Р.Сабирхузин және А.Солдатов сынды спортшылары бар Қазақстан құрамасы қола жүлдегер атанды. Ал әйелдер бәсекесінде Қытай құрамасы бірінші, Жапония құрамасы екінші. Оңтүстік Корея құрамасы үшінші орынға ие болды. Қазақстан атынан сынға түскен қыздарымыз тек төртінші орынға табан тіреді.
Азия чемпионатының бағдарламасына сәйкес бүгін ерлер және әйелдер арасында семсерлесу және жүзу жарыстары өтеді. Ертең «Қазанат» ипподромында ат спорты бойынша жарыстардың жеңімпаздары анықталады.

 Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

10 − four =