БЕСІНШІ ШАҚЫРЫЛЫМ БЕЛЕСТЕРІ

0 66

Парламент депутаттары екі сессия жұмысында қандай заңдар қабылдады?

Еліміздің басты құжаты Конституция болса, одан кейінгі сүйенеріміз – қос палаталы Парламент әзірлеген заңдар әрі еліміздің Ата Заңында Парламентке биліктің бір тармағы ретінде айрықша мән беріледі.

Жазғы демалыстан соң 2 қыркүйек күні Парламент өз жұмысын қайта бастайды. Қазірде оның қарауында 35 заң жобасы жатыр. Ал бұдан бұрын, бірінші және екінші сессия отырыстарын қосқанда депутаттар кейбір заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізді, кейбір заңдарды жаңадан жазды. Жалпы алғанда 132 заңды талқыларынан өткізді. Осы V шақырылым депутаттары қабылдаған маңызды-маңызды деген заңдар қандай? Олар қоғам өміріне нендей өзгеріс әкелді? Аз-кем шолу жасап көрелік.

РӘМІЗДЕРДІ ҚОРЛАМА

2007 жылдың 4 маусымында «Қазақстан Рес­публикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» заңы қабылданды. Содан бері жыл сайын осы күні Мемлекеттік рәміздер күнін атап өтіп келеміз. Рәміздерімізбен тікелей байланысты ұлт патриоттарының ашуын туғызған келеңсіз фактілер де кездесті. Сол кезде олар «Рәміздерімізді қорлағандардың жазасы жоқ па?» деп ойлағандары да дау тудырмайды. Жаза бар екен. Өткен жылдың 28 маусымында қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне мемлекеттiк рәмiздер мәселелерi бойынша өзгерiстер мен то­лықтырулар енгiзу туралы» заңының 317-бабын қарасаңыз, онда Мемлекеттік рәміздерді қорлағандарға бір мыңнан екі мыңға дейін айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынатыны немесе бір жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығы шектелетіні, әйтпесе, нақ сол мерзiмге бас бос­тандығынан айырылатыны айтылған. Есепке салсақ, рәміздерімізді қор­лағандар ең кемі 1 миллион 730 мың теңге айыппұл төлеулері керек. Біздіңше, өте әділ.

ҰРЛЫҚ ТҮБІ – ТҰТЫЛУ,
ТҰТЫЛУ ТҮБІ – ҰТЫЛУ

Сіз электр қуатын ұрлап көрдіңіз бе? Мұндай сұрақты осындай оқиғалар қоғамда әлі де кезде­сетіндіктен қойып отырмыз. Әрине, көп адамдар ондай әрекетке сараңдықтан емес, мәжбүрліктен барып жатады. Айлығы шайлығына жетпейтін болғасын немесе мүлде жұмыссыз қалғандықтан коммуналдық төлемдерді төлеуге шамасы кел­мейді. Сол кезде үйге келетін тоқ көздерін энер­гия тарататын мекемелер қиып кетеді. Ондайда электр энергиясын заңсыз қосып аласыз. Бірақ, заңсыздықтың аты – заңсыздық, ол үшін жауап­кершілікке тартыласыз. Жылу энергиясы мен суды ұрлайтын болсаңыз да солай. Былтыр 4 шілдеде қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне электр энергетикасы, табиғи монополиялар мен реттелетін нарық субъекті­лерінің инвестициялық қызметі мә­селелері бо­йынша өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізу туралы» заңының 127-бабы осылай дейді. Оқып көріңіз: «1. Электр және (немесе) жылу энер­гиясын пайдакүнемдiк мақсатта заңсыз қосу, пай­далану – жеке тұл­ғаларға – елу, лауазымды адам­дарға, дара кәсiп­керлерге – жүз, шағын немесе орта кәсiпкерлiк субъектiлерi немесе коммер­циялық емес ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларға – екі жүз, iрi кәсiпкерлiк субъектi­лерi болып табылатын заңды тұлғаларға бес жүз ай­лық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

2. Су құбырлары желiлерiнен суды пайдакү­немдiк мақсатта заңсыз қосу, пайдалану, сол сияқ­ты кәрiздiк желiлерге заңсыз қосу – жеке тұлғаларға – отыз, лауазымды адамдарға, жеке кәсiп­­керлерге – алпыс, шағын немесе орта кәсiп­керлiк субъектiлерi немесе коммерциялық емес ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларға – жүз елу, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылатын заңды тұлғаларға үш жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады». Сонда жеке тұлға ретінде электр немесе жылу энергияларын ұрлап ұсталсаңыз, 90 мың теңгеге жуық, суды ұрласаңыз, 50 мыңнан аса теңге айыппұл төлейсіз. Ол сізге керек пе?

ОНОМАСТИКАЛЫҚ АТАУЛАР БІРІЗДЕНДІРІЛДІ

Ағымдағы жылдың 21 қаңтарында «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық акті­леріне ономастика мәселелері бойынша өз­ге­ріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы қабылданды. Заң қабылданғаннан кейін оно­мастикалық атау берудің тәртібі өзгертілді. Енді көшеге атау жергілікті атқарушы биліктің шешімімен беріле салмайды. Ұсынылған атау Үкімет жанындағы ономастика комиссиясы қарап, мақұлдаған жағ­дайда ғана беріледі немесе өзгертіледі. Осындай талаптан кейін ономастикалық атау­лардағы бейберекеттік жойылуы тиіс.

ЕЛБАСЫ ӨШІРГЕН «ӨРТ»

Осы жазда біраз дау тудырып барып қа­был­данған «Қазақстан Республикасында зей­нет­ақымен қамсыздандыру туралы» заң осы мәселені реттейді. Заң қабылданбай тұр­ғанда халықтың едәуір бөлігі әйелдердің зей­неткерлікке шығу жасы ер адамдармен теңес­тірілгеніне наразы болатын. Елбасының өзі араласып, мәлімдеме жасағаннан кейін тұтанып бара жатқан өрт өшті. Нұрсұлтан Әбішұлы бәрін өз орнына қойды. Яғни, алдағы 4,5 жыл көлемінде әйелдер бұрынғыдай 58 жасында зейнеткерлікке шыға береді. Тек 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап қана оған жарты жыл қосылады. Сөйтіп әр жыл сайын жарты жылдан қосылып отырып, 2027 жылы ғана әйел­дер зейнеткерлікке 63 жасында шыға бас­тайды. Сондай-ақ, осы заң Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорының құрылуына негіз берді.

КӨПТЕН БЕРГІ КҮРМЕУДІҢ ШЕШІМДЕРІ

«Қазақстан Республикасындағы зейнет­ақымен қамсыздандыру туралы» заңы секілді Парламенттің V Шақырылым депутат­тары тағы бірнеше жаңа заңдардың қабыл­дануына мұрындық болды. Атап айтатын болсақ, «Қа­зақстан Республикасының Мем­лекет­тік шекарасы туралы», «Жеке басты куәлан­дыра­тын құжаттар туралы», «Қазақстан Респуб­ли­касының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» сынды заңдар көптен бергі күрмеулі мә­селелердің түйінін шешері анық.
Елімізде Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен қатар Ауған соғысының және Чернобыль арда­герлері бар. Ал осы кейінгі аталғандардың статусы айқындалмаған. Олардың статусын Парламентте біраз жыл қабылданбай жатып қалған«Ардагерлер туралы» заң айқындайды деп естиміз. Кім біледі, V Шақырылым депутаттары мұны біржақты қылар.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 1 =