БЕСІК БІЗГЕ НЕ ҮШІН КЕРЕК?

0 366

Редакциядан:

Жалпы, барша адамзаттың ой-зердесіне салмақ салар пәлсапа пәнінде «ұғым» атауына «нәрселер мен құбылыстардың елеулі ерекшеліктерін, байланыстары мен қарым-қатынастарын бейнелейтін ойлау пішімі» деген ғылыми анықтама беріліпті. Ал, логика ілімінде оны заттардың белгілі бір ортақ әрі ерекше белгілеріне қарай топтастырып, бөлектеуді арқау ететін ой желісі ретінде түсіндіреді. Бір-бірімен бағзыдан қоңсылас қонып, қойындасып жатқан қос ғылымның түсініктемесінде де ұғым категориясы «түйсік», «пайым», «ой-пікір», «байлам» сияқты атау сөздермен қапталдасып, адами танымның қолына су құйып жүргендей көрінеді. Шын мәнінде со­лай: ұғымсыз табиғат пен қоғамның дәйекті заңдарын зерделеп-білу мүмкін емес. Иә, кәдуілгі ұғымдардың негізінде белгілі бір заңдылықтар түзіледі, әртүрлі ғылым салаларының арқауы (пәні) ажыратылып, жүйеленеді, ғылыми тео­риялар жасалады.

Дейтұрғанымен, ғылымдағы «ұғым» атауынан тұрмыста, әсіресе, қазақ халқының тыныс-тіршілігінде қолданылатын осы сөздің мәні бөлектеу, астары қалыңдау екенін айтуға тиіспіз.

Қазақ халқы сан ғасырлар бойы табиғаттан кіндігін ажыратпастан тұрмыс кешті. Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов те 1918 жылы жазылған бір мақаласында: «…адамның тұрмысын, кәсібін, жан-сипатын түрлі түрге салатын табиғаттың шарттары; әр халықтың мінезі, қылығы, салты, пейілі, талабы, жігері өз маңайындағы табиғат әсерінен пайда болады» деп, ұлттық болмыс пен дәстүрлі дүниетанымдық ерекшеліктердің қалыптасып, тінін ширатуына уақыт пен кеңістік аясының – тарихи һәм табиғи ортаның тікелей қатысы барын атап көрсеткен еді.

Ендеше сан ғасырлық тұрмыс-тіршілігіне, тарихи жолы мен табиғи ортасына байланысты қалыптасқан дәстүрлі дүниетанымның түпқазығы іспетті қазақы пайым – ұлттық ұғымдар да «ұлттық рух», «ұлттық сана», «ұлттық намыс» және т.б. сияқты құдайақы құндылықтарымыз ғана емес, қай кезде де өзімізді алдымен өзіміз бағалап, қадірлеудің, өзгенің жасығынан өзіміздің асылымызды ажырата білудің, ділімізді қанықтырып, құнымызды арттырудың алтын кілті саналуға тиіс. Халықтық ойлау қалыбы, қазақы пәлсапа, дәстүрлі дүниетаным деген аңсар-ағындардың сарқа құяр арнасы осы – тіршіліктің түрлі құбылыстарынан түйген ой-тұжырымдары, ұлағаты ұшан ұғымдары.

Міне, сондықтан халқымыздың дүниені тану өрісінен өрбітіп, өмір сүру тәжірибесінен түйген ой-тұжырымдарының мәні-мазмұнын, танымдық маңызын ізерлеп, астарын аңдату мақсатында «Ұлттық ұғым ұлағаты» айдарын ашқанды жөн көрдік.

 

Бесік туралы қасиетті Құранның «Зүхруф» сүресінде: «Сондай Алла, сендерге жерді бесік қылды да онда тура жүрулерің үшін жолдар жаратты» және «Таһа» сүресінде: «Ол сондай Алла, сендер үшін жерді бесік қылып, онда сендерге жолдар ашқан және көктен жаңбыр жаудырған. Ол су арқылы түрлі өсімдіктерден пар-парымен шығардық» деген жолдар бар.

Иә, Жер ғаламшары адамзат үшін бесік екен. Адамның тіршілік етіп, өмір сүруі үшін ол өз бойында әртүрлі үдерістерді жүзеге асырып, бірінші кезекте, оның сыртқы ортаға бейімделуін қамтамасыз етеді. Ол үшін қоршаған табиғи ортадағы химиялық және физикалық құбылыстар тұрақты болуы қажет. Егер де кез келген жанды нәрсенің, соның ішінде адамның да ортаға бейімделу мүмкіншіліктері арқылы тіршілік етуін қамтамасыз ете алмаса, онда ол өмір сүруін тоқтатып, жойылып отырады.

Сонымен, адам организмі белгілі бір физикалық құбылыстар және химиялық қосылыстар тұрақты болған жағдайда ғана өзіндегі заттар алмасуын жүзеге асыра алады екен. Алайда, қажетті химиялық қосылыстар денеде артық жиналса, адам уланады. Мыса­лы, қанында қант мөлшерінің көбеюі, дәріні көп мөлшерде қолдану, арақты шамадан тыс ішу және т.б. жағдайда өте зиян. Сондай-ақ, олар денеде қажетті мөлшерде болмаса да адам ауруға шалдығады. Айталық, темір жетіспесе, қан азаяды (анемия), йод жетіспесе, жемсаулық (зоб) ауруы пайда болады. Міне, енді адам денсаулығына қажетті химиялық қосылыстармен қамтамасыз ететін тек қана Жер ғаламшары екенін ұқтық. Жер ғана керекті заттарды өз бойына қажетті мөлшерде жинап, тамақ арқылы адам бойына дарытып отырады.

Сол сияқты адам тіршілігіне қажетті физикалық құбылыстар да Жер ғаламшары қызметінің нәтижесінде тұрақталып, тіршілікке дем береді. Мысалы, ауаның қысымы. Ауа қысымының Жер бетіндегі тұрақты мөлшері 760 мм сынап бағанасына тең болса, адам денесі өз қызметін қалыпты атқарады. Егер де ол төмендеп кетсе, онда организмге енетін оттегі мөлшері азайып, адамның басы айна­лады, ауа жетпей тұншығады. Ал, керісінше, ауа қысымы артық болса, мұрын қанап, басқа ағзалардың да қан айналымы арнасынан шығып кетеді. Мұндай жағдайларда уақтылы шаралар қолданылып, ауа қысымы қажетті деңгейге тұрақтандырылмаса, адам өліміне әкеліп соғады.

Сол себепті қоршаған табиғи ортада жанды заттардың тіршілік үдерістерін қамтамасыз ететін тұрақты өлшемдер қалыптасуы қажет. Міне, сол өлшемдерді қалыптастыратын құрылымды «бесік» деп атайды.

Адамзат баласы ана құрсағына ұрық ретінде түскен сәттен бастап пәниді өткергенге, яки, дәм-тұзы таусылғанға дейін, тіпті, жер қойнына тапсырылып, торқа топырағын жамылғанда да бесікте болады. Ол туралы аталарымыз: «Тал бесікке түскен дене, жер бесікке де кіреді» деп, оның бүкіл тіршілігі құндақта тербеліп өтетінін меңзеген. Әлгінде айтқанымыздай, адамның негізгі бесігі – Жер ғаламшары; ұрықтан ұйып, жан бітіп, жарық дүниеге шыққанға дейін анасының жатырын, туғаннан соң аяғы шыққанға дейін тал бесікті «мекендейді». Аяғы шыққаннан соң өзі Жер бетінде, яғни, негізгі бесігінде тіршілік етіп, оған тербелістер (ырғақтар) арқылы ғана бейімделеді.

Тербелу (ырғақтық) – кез келген нәрсенің Жер ғаламшарына бейімделуінің екі шартының бірі. Оның екіншісі – зат алмасу. Бұл адамның тамақтануы арқылы жүзеге асады. Ал, тербе­лу арқылы адамның денесі сыртқы ортаның ырғақты өзгерістеріне, былайша айтқанда, күн тәртібіне: күндіз жұмыс атқарып, түнде демалуға, айлық және маусымдық өзгерістерге, бес уақыт намаз оқуға және т.б. бейімделеді.

Жалпы, «тербелу» ұғымын «шайқалумен» шатастырмау керек. Шайқалу – орнынан қозғалу деген мағынаны білдіреді, мәселен, басына қатты соққы тигенде адамның миы орнынан қозғалып кетеді, яки, шайқалады. Бұл – өте зиянды. Ал, тербелген баланың миы еш қозғалмайды, жетілуіне пайдалы әсерге бөленеді. Әлдебір ән мәтінінде: «Аялап тербеткен, сұрашы Жер-Көктен…» деп айта­тынындай, анасы бөбегін тал бесікте тербету арқылы әлдилеп, аялайды, табиғи түрде өсіп-жетілуіне жәрдемдеседі. Тербелу де жараты­лыс ырғақтылығы – Күн мен түннің ауысуы тәрізді адам тіршілігіне аса қажетті де қаделі құбылыс.

Жатырдағы бала бұл құбылыстардың барлығын анасының денесі арқылы қабылдайды. Ал туғаннан соң аяғы шығып, өздігінше жүріп бейімделгенге дейін, оның денесі табиғи түрде қажетті тербеліске түсіп отыруға тиіс. Мұны іске асыратын нәрсе – тек қана бесік. Сондықтан бесікті орысша «ко­лыбель» (тербелетін құрылғы) деп атайды. Отырықшы халықтарда, мысалы, орыстарда аспалы бесік (люлька) болған. Олар оны төбеге ілмектей бекітіп, тербетіп отырған. Ал көшпелі халықтарда, мысалы, қазақта көшіп-қонып жүруге ыңғайлы етіп тал бесік жасалған.

Емшектегі бала бесікте жатса, оны қоршаған кіші кеңістікте (микроортада) өсіп-жетілуіне керек барлық физикалық жағдайлар, соның ішінде, ең негізгісі – жылу тұрақтылығы сақталып, заттар алмасу үдерісі қалыпты деңгейде өтеді. Сондықтан, дені-қары сау болуы үшін бөбек бесікке бөленуі қажет. Бұл туралы Құранда мынадай сөз бар: «Мәриям баланы көрсетті. Олар: «Бесіктегі бір бөбекпен қайтып сөйлесеміз?», – деді». («Мәриям» сүресі, А-29). Аятта Иса пайғамбардың анасы Мәриям пайғамбарды бесікте тәрбиелегені анық айтылған. Бұл мысал – бөбекті бесікке өсіру керек екенінің бір дәлелі.

Емшектегі бала тербелетін құрылғының құндағында (бесікте) өссе, оның миының дамып жетілуі де қалыпты деңгейде болады. 1973 жылы жануарлардың ақылын зерттегені үшін Нобель сыйлығының иегері атанған үш ғалымның бірі – Н.Тинберген «Жануарлар мінезі» атты кітабында май­мыл ұрпағына жасалған тәжірибе туралы жазған. Онда маймыл балаларын туған бойда төрт топқа бөліп, әртүрлі жағдайда өсірген. Бірінші топтағысы – қалыпты жағдайда, енесінің қасында, екіншісі – сырты қапталған, тербелетін тетігі, емізікпен сүт ішетін құтысы бар құрылғы ішінде, үшіншісі – жалаңқат сым­нан қуыршақ кейпінде тоқылған, сүт құтысы орнатылған құрылғыда, ал төртіншісі жеке-да­ра, тек емізікпен қоректенетін жайда ұсталған. Нәтижесінде, бірінші және екінші жағдайда өсіп-жетілген мешіндер кейін жұп құрап, ұрпақ таратқан. Үшінші топтағы маймылдар жұп құрағандарымен, ұрпақ қалдыра алмаған. Ал, енді төртінші топтағылар жұптасуға да, ұрпақ таратуға да қабілетсіз болып шыққан. Олардың ми құрылысын тексергенде де, көптеген морфологиялық айырмашылықтар бар екені, әсіресе, тербетіліп өскендерінің ми жасушала­ры анағұрлым толық жетілгендігі анықталған…

Адамның түзге отыруы – яғни, зәр шығарып, нәжіс тастауы да шартты рефлекс түрінде қалыптасады. Мәселен, табиғи жағдайда тауықтың астына басылған жұмыртқадан балапан болып шыққан қораз уақтылы шақырады. Ал, әртүрлі инкубаторларда, жа­санды жағдайда дүниеге келген қораздар кез келген уақытта шақыра береді. Бұл денеге ыстық-суықтың уақтылы ырғақпен немесе бейберекет, ырғақсыз әсеріне байланысты. Сол сияқты сәби бесікте өссе, оның да түзге отыруы нақты жүйемен қалыптасады. Ал, оны бесікке бөлемей, ұзақ уақыт памперс кигізіп өсірсе, ер жеткенде түзге отыруының шартты рефлексі жөнді қалыптаспайды. Памперс тек қана су сорғыш есебінде қуық төңірегінің жылуын тұрақтандырады. Ал, бесік жалпы дене жылуын тұрақтандырады.

Сонымен, қорыта келе айтарымыз, емшектегі баланы бесікте өсіру оның ақыл-ой қабілетінің және дене саулығының қажетті деңгейде қалыптасуын қамтамасыз ететін бірден-бір әдіс болып саналады.

Шайзинда ЖАНӘДІЛОВ,

медицина ғылымының

докторы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine + three =