«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бақыт СҰЛТАНОВ: Кешенді жоспарды іске асыру елге де, елордаға да оң әсер етеді

0 150

 Астана әкімі Бақыт Сұлтанов Үкіметтің отырысында алдағы бес жылда астаналықтардың өмірінде қандай өзгерістер болатынын баяндады. Қала басшысының айтуынша, 2023 жылға қарай Астананың халқы 1,5 млн адамға өседі. Халық санының ұлғаюы елордада жаңа балабақша, мектеп, ауруханалар салуды қажет етеді. Әкімдік бұл бағытта нақты стратегиялық жоспар жасады.

Елорданың халқы 2 млн адамға жетеді

         Бақыт Сұлтанов Үкіметтегі жиында Астананың 2019-2023 жылдарға арналған ықшамды құрылысы жөніндегі кешенді жоспарын таныстырды. «Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында әкімдік Астананың 2019-2023 жылдарға арналған ықшамды құрылысы жөніндегі кешенді жоспарын әзірледі. Бұл жоспар мүдделі мемлекеттік органдармен келісілді» деп мәлімдеді қала әкімі. Оның айтуынша, жерді игеру аумағының шекаралары 25,7 мың гектардан 15,4 мың гектарға дейін оңтайландырылды. Сондай-ақ, құрылыс жүргізілетін келешегі зор бес аймақ анықталған, олар – Мыңжылдық аллеясы, «Нұрлы жол» теміржол вокзалы, Мәңгілік ел даңғылы, Тұран даңғылынан батысқа қарай және Тельман кентінен оңтүстікке қарай орналасқан жерлер, Асанқайғы көшесінің ауданын жаңарту. Халықтың көші-қоны және бала туу санының ұлғаюы есебінен халықтың саны жыл сайын орташа есеппен 2,5 %-ке өседі (2023 жылға қарай шамамен 1,5 млн адамға) және 2030 жылға қарай Астана тұрғындарының саны 2 млн адамға жетеді.

         «2023 жылға жасалған болжам бойынша, экономика өсімінің жыл сайынғы қарқынының 4%-тен 6%-ке дейін өсуі салдарынан елорданың жалпы өңірлік өнімі 70%-ға өседі және 10 трлн теңгеден асады. Бұған қоса, шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 216 мыңнан асып, 37%-тен асатын көрсеткішке жетеді. Өңірлік жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 2023 жылға қарай 57%-ке (2018 жылы – 50,5%) дейін ұлғаяды. Экономиканың өсімі және салық түсімдерінің күтілетін қарқыны жергілікті бюджеттің кірісін 43,7%-ке, 355 млрд теңгеге дейін ұлғаюын қамтамасыз етеді. Астана қаласынан жыл сайын республикалық бюжетке түсетін түсімдер 14%-ке артады, ол 2018 жылы 823 млрд теңгеден 2023 жылы 940 млрд теңгеге дейін ұлғаяды» деді әкім.

5 жылда 10 млн шаршы метр үй салынады

        Алдағы бес жылда елорданы дамытуға шамамен 6 трлн теңге жекеменшік инвестициялар салынады. Осылайша, 1 теңге мемлекеттік инвестицияға 4-5 теңге жекеменшік инвестиция салынады. Өз кезегінде мұндай инвестициялар әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды кеңейтуге, сондай-ақ тұрғын үй құрылысының өсіміне мүмкіндік туғызады. Жоғарыда аталған аумақтарда құрылыс жұмыстарын жүргізу нәтижесінде 2023 жылға дейін шамамен 10 млн шаршы метр тұрғын үйлер пайдалануға беріледі. Жыл сайын көлік санының 8-9%-ке ұлғаюын ескере отырып, 2023 жыла дейін 121 шақырым тас жолды, 2 жол айрығын, 3 көпірді, 1 жол өтпесін, 1 туннельді салу және айналма жолдың құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Көліктік тіректі қалыптастыру елорданың көшелеріндегі көлік бейберекетсіздікті болдырмауға және қаланың негізгі магистральдарындағы жүктемені 50%-ке дейін азайтуға мүмкіндік береді. Қала басшысының айтуынша, 2020 жылы LRT жобасының құрылысын аяқтау жоспарланған. LRT желісінің ұзындығы 22,6 шақырымды құрайды, оның бойында 18 станция болады. Жоспарға сәйкес жолаушылар ағыны сөткесіне 146 мың адамды құрайды.

Нөсерлік кәріз мәселесі шешіледі

   Бақыт Сұлтанов 2019 жылдың соңында нөсерлік кәріз бойынша 17,3 мың гектар жерді қамтитын кәріз желісін қайта жөндеу және жаңалау жұмыстары жүргізілетінін мәлімдеді. «Соның нәтижесінде Жастар шағын ауданы, Ақбұлақ, «Өндіріс» тұрғын үй массиві, Шәкәрім Құдайбердіұлы көшесінің ауданы, Мыңжылдық аллеясы, жаңа теміржол вокзалы, әскери қалашықтағы жердің үстіндегі жаңбыр сулары кедергісіз ағып кетеді. Жаңбыр сулары жиналатын жалпы алаң 13 мың гектардан 23 мың гектарға дейін өседі. Мұның нәтижесінде 2030 жылға дейін су жиналатын аумақтың 66,2%-ы (34,6 мың гектар) игеріледі немесе 2020 жылы нөсерлік кәріз желісін қалыптастыратын ауданның көлемі 96,5%-ке артады» деп түсіндірді қала басшысы.

        Әкімнің айтуынша, халықты сапалы қызметпен қамтамасыз ету үшін, 150 шақырым сумен жабдықтау және 81 шақырым су бұру желілері салынады. «2-ші ТЭЦ-ті қайта жөндеуден өткізу қосымша 2-2,5 млн шаршы метр тұрғын үй және коммерциялық аудандарды орталықтандырылған жылу жүйесімен қамтамасыз етеді. 3-ші ТЭЦ-тің бірінші кезеңін салу нәтижесінде қаланың батыс және сол жағалаудағы бөлігін жылумен қамтамасыз етіледі. Ал оның қуаты 418 Гкал/сағатты құрайтын екінші кезеңінің құрылысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ – Т.Т.) механизмі арқылы жүзеге асырылады» деді ол. Сонымен қатар, қуаты 110 кВ-тық үш қосалқы станцияны салу және 110 кВ әуе желілерін жаңарту жұмыстары жоспарланған. Бұл өз кезегінде LRT-ны, Мыңжылдық аллеясын, Теміржолшылар кентін электр қуатымен қамтамасыз етіп, қаланың оңтүстік-батыс бөлігіндегі жүктемені азайтуға жол ашады.

2021 жылы қала шетіндегі аудандар газға көшіріледі

   Бас қалаға газ тартудың алғашқы кезеңінде 2021 жылы жылу-электр қуаты орталықтарындағы су жылытатын қазандықтарды, сондай-ақ шағын жекеменшік қазандықтарды және қала шетіндегі тұрғын үй массивтерін (Көктал, Оңтүстік-Шығыс, Шұбар, Family Village, Garden Village, Өндіріс, Агроқалашық, Теміржолшылар кенті, Тельман, Пригородный) газға көшіру жоспарланған. Бұл ауаға шығарылатын зиянды заттардың көлемін 30%-ке төмендетеді. Сонымен қатар, Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында Есіл өзенінің арнасын (12 учаске) одан әрі қайта жөндеу жұмыстарын жандандыру жоспарға енгізілген. Бұған қоса, қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру үшін саябақтар мен гүлзарлар салынады. Олар тұрғын үй аудандары орналасқан жерден 20 минуттық қашықтықта салынуы тиіс.

Бес жылда 37 мектеп салынады

       Болжам бойынша, 2023 жылға дейін көшіп келушілер есебінен контингенттік өсім 124 мың жаңа оқушы орындарын құрайды. Соның ішінде оқушы орындарының тапшылығының 50%-ын жекеменшік мектептер, 50%-ын республикалық және жергілікті бюджет есебінен (24 мектеп және 10 жапсарлас салынған құрылыстар) жабу жоспарланып отыр. Қала әкімі 2019-2023 жылдары шамамен 63 мың орындық 37 жаңа мектеп пен 10 жапсарлас құрылыстар салынатынын хабарлады. Бұл 2021 жылы мектептердегі оқушы орындарының тапшылығын жоюға мүмкіндік береді. Мектепке дейінгі білім беру саласында МЖӘ арқылы 6 млрд теңгеге 6 балабақша салу жоспарға енгізілген. Денсаулық сақтау нысандарын салуға да МЖӘ механизмі белсенді қолданылады. Жалпы сомасы 44,1 млрд теңгеге 13 нысан тұрғызу жоспарланған. Оның ішінде республикалық бюджеттің және МЖӘ-нің есебінен 30,4 млрд теңгеге тағы екі нысан салу жоспарланған. Бұл – 500 орындық Орталық жол ауруханасы және 250 орындық перинаталдық орталық.

     Бақыт Сұлтанов кешенді жоспарды жүзеге асыруға 1 трлн 473 млрд теңге қарастырылғанын, соның ішінде 946 млрд теңгесі республикалық бюджеттен (РБ/МЖӘ – 100 млрд теңге), 527 млрд теңгесі (мемлекеттік бағалы қағаздар шығару – 72 млрд теңге, МЖӘ – 64 млрд теңге)  жергілікті бюджеттен бөлінетінін айтты. Оның пікірінше, кешенді жоспарды іске асыру қаланың да, елдің де экономикасын дамытуға оң әсерін тигізеді. «Бес жылдың ішінде бюджетке 7 трлн теңге (республикалық бюджетке – 5,2 трлн, жергілікті бюджетке – 1,8 трлн теңге) түсім түседі. Сондай-ақ, 6 трлн теңге жекеменшік инвестициялар тарту жоспарланып отыр. Бұл қаражат елордада 300 мың жаңа жұмыс орындарын ашуға және 3 млн туристерді тартуға мүмкіндік береді» деп сөзін түйіндеді әкім.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды