Бес жыл күткен Олимпиада

0 52

Ертең бес жыл күткен жазғы Олимпиада ойындары басталады. Бүгінгі таңда төрт жылда бір рет өтетін, алайда әлемдік пандемияға байланысты кейінге шегерілген, байрақты бәсекелер өтетін Токио алаңдары түгелдей сақтандыру шараларымен қамтылған. Олимпиада ойындарына Қазақстан спортшылары да тас-түйін дайындалып, қазір алғашқы жарыстарға түсетін қыз-жігіттеріміз Жапония астанасында қызу дайындық жүргізуде. Олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімінде Қазақстан туын боксшы Қамшыбек Қоңқабаев пен жеңіл атлет Ольга Рыпакова көтеріп шығады. Төрткүл дүниенің үздік спортшылары бәсекеге түсетін Олимпиада ойындары 23 шілде – 8 тамыз аралығында өтеді. Жарыстың алғашқы жүлделерін әдеттегідей винтовкамен нысана көздеушілер және дзюдошылар бастайды. Боз кілемге Елдос Сметов шығатын болады.1988 жылға дейін Қазақстан спортшылары КСРО құрамында өнер көрсетті.1991 жылы Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, бұрынғы КСРО-ның 15 елі бірігіп, 1992 жылғы XXV жазғы Олимпиада ойындарында «Біріккен команда» (Unified Team) ретінде өнер көрсетті. Ал 1994 жылы XVII қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстан алғаш рет дербес мемлекет ретінде қатысып, 1 алтын және 2 күміс медаль иеленді. Үш жүлдені де шаңғышы Владимир Смирнов жеңіп алған еді.
Ал жазғы ойындарға келер болсақ, 1996 жылы АҚШ-тың Атланта қаласында өткен XXVI жазғы Олимпиада ойындарына тұңғыш рет қатысқан Қазақстан спортшылары жақсы жетістікке қол жеткізді деп айта аламыз. Атап айтқанда, Василий Жиров (бокс), Александр Парыгин (бессайыс), Юрий Мельниченко (грек-рим күресі) – алтын, Анатолий Храпатый (ауыр атлетика), Сергей Беляев (нысана көздеу), Болат Жұмаділов (бокс) – күміс, Мәулен Мамыров (еркін күрес), Болат Ниязымбетов (бокс), Ермахан Ыбрайымов (бокс), Владимир Вохмянин (нысана көздеу) – қола медаль алып, командалық есепте Қазақстан 196 елдің арасынан 24-ші орынға табан тіреді.
2000 жылы Сиднейде өткен XXVII жазғы Олимпиада ойындарында Бекзат Саттарханов, Ермахан Ыбрайымов (бокс), Ольга Шишигина (жеңіл атлетика) – алтын, Болат Жұмаділов, Мұхтархан Дәлдібеков (бокс), Александр Винокуров (велоспорт), Ислам Байрамуков (еркін күрес) – күміс медаль алып, командалық есепте 199 елдің ішінен 22-ші орын алды.
2004 жылы Грекияда өткен XXVIII жазғы Олимпиада ойындарында, Қазақстанға жалғыз-ақ алтын медаль бұйырды. Бұл жүлдені байрақты жарыстың соңғы күні боксшы Бақтияр Артаев жеңіп алды. Ал Геннадий Головкин (бокс), Генадий Лалиев (еркін күрес), Георгий Цурцумиа (грек-рим күресі), Сергей Филимонов (ауыл атлетика) – күміс, Серік Елеуов (бокс), Мкхитар Манукян (грек-рим күресі), Дмитрий Карпов (жеңіл атлетика) – қола жүлдеге қол созған еді. Бұл жарыста Қазақстан құрамасы 202 мемлекеттің арасынан 40-шы орыннан көрінді.
2008 жылы Бейжіңде өткен XXIX жазғы Олимпиада ойындарында Бақыт Сәрсекбаев (бокс), Илья Ильин (ауыр атлетика) – алтын, Ирина Некрасова (ауыр атлетика), Асқат Жіткеев (дзюдо), Алла Важенина (ауыр атлетика), Таймураз Тигиев (еркін күрес) – күміс, Нұрбақыт Теңізбаев (грек-рим күресі), Әсет Мәмбетов (грек-рим күресі), Мария Грабовецкая (ауыр атлетика), Елена Шалыгина (еркін күрес), Марид Муталимов (еркін күрес), Еркебұлан Шыналиев (бокс), Арман Шылманов (таэквондо) қола жүлдені иемденді. Бұл жарыста Қазақстан құрамасы 204 мемлекеттің арасынан 29-шы орынға тұрақтады.
2012 жылы Лондонда өткен XXX жазғы Олимпиада ойындары Қазақстан үшін ең табысты жарыс болды. Қазақстан спортшылары 7 алтын медаль алды! Мұндай көрсеткіш бұрын болмаған еді. Лондонда 7 алтынмен қоса 1 күміс, 5 қола медаль жеңіп алған Қазақстан құрамасы – медаль саны бойынша жалпы есепте 204 ел арасында 12-ші орында тұрды. Бұл ойындарда Серік Сәпиев (бокс), Илья Ильин (ауыр атлетика), Александр Винокуров (велоспорт), Зүлфия Чиншанло (ауыр атлетика), Майя Манеза (ауыр атлетика), Светлана Подобедова (ауыр атлетика), Ольга Рыпакова (жеңіл атлетика) – алтын, Әділбек Ниязымбетов (бокс) – күміс, Ақжүрек Таңатаров (еркін күрес), Гузель Манюрова (еркін күрес), Даниял Гаджиев (грек-рим күресі), Марина Вольнова (бокс), Иван Дычко (бокс) – қола жүлдені иемденді.
Бір өкініштісі, Халықаралық Олимпиада комитетінің допинг жөніндегі шешіміне байланысты, әлемдегі көптеген елдердің спортшыларының жетістіктері жоққа шығарылды. Солардың қатарында Қазақстан спортшылары да болмай қалған жоқ. 2008 және 2012 жылдарғы ойындардың нәтижелерін сараптаған ХОК бірнеше жылдардан кейін, Қазақстанның 5 алтын, 1 күміс және 2 қола медальін есептен алып, жоққа шығарды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 + eight =