«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бес саябақ ашылды

0 11

Халықаралық балаларды қорғау күнінде елордада бес саябақ ашылды. Қаланың үш ауданында тұрғындар үшін гүлзарлар пайда болды. Омаров көшесінде Музыкалық жас көрермен театрының ғимаратынан Республика даңғылына дейін, сондай-ақ «Sine Tempore» сауда үйі ғимаратының алдындағы алаңда жаяу жүргіншілер аймағын қайта құру және қоғамдық кеңістікті ретке келтіру жұмыстары жүргізілді.

сквер 2

 

Жұмыс қала тұрғындарының отбасылық бос уақытын өз үйлерінің жанындағы жайлы ортада өткізу, елордаға эстетикалық келбет беру, экологиялық қолайлы өмір сүру жағдайларын жасау бойынша ұсыныстары ескеріле отырып жүргізілді.

Қазір бір кездері бос тұрған жерлерде заманауи субұрқақтар, ойын-сауық және ойын алаңдары, балалар алаңқайлары және шағын сәулет нысандары пайда болды.

Қала тұрғындарының жайлы демалысы үшін қоқыс жәшіктері орнатылған орындықтар, заманауи үлгідегі шамдар орнатылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

Елорданың Байқоңыр ауданында бірден үш жаңа саябақ ашылды. Олардың бірі Абай даңғылы бойында №53/1 және №57/1 үйлер ауданында орналасқан.

Тұрғындардың қарауында-тыныш, ойын-сауық және ойын алаңдары, балалар алаңқайлары, отбасылы жандар мен жастарға жайлы уақыт өткізуге арналған аймақтар бар. Алаңның периметрі бойынша қауіпсіз беті бар балалар веложолы қарастырылған. Аумағы бұталармен, көгалдармен және гүлзарлармен көгалдандырылған.

Екінші саябақ Иманов көшесінде №32, 34 және 36 үйлер ауданында ашылды. Оның негізгі ауданын көгалдар мен жасыл сәндік екпелер алып жатыр, аллеялар мен жолдар тармақталған, олардың бойында орындықтар мен қоқыс жәшіктері бар демалу орындары ұйымдастырылған.

Пушкин көшесі 8 мекенжайында тағы бір қоғамдық кеңістік таныстырылды. Мұнда фитнес залдарында кездесетін, тек көше спортына лайықталған тренажерлардың барлық түрлерін кездестіруге болады. Үлкен жабық шатыр жазда да, қыста да Есіл өзенінің жағасында таза ауада жаттығуға мүмкіндік береді.

Басты тілектердің бірі осында қанша жылдан бері өсіп келе жатқан ағаштарды сақтап қалу еді. Үлкен ағаштар да, көшеттер де өте көп. Тұрғындардың барлық тілектерін ескеріп, 100 пайыз ағаштарды сақтап қалдық. Сондай-ақ, гүлдеп, жұпар исі шығатын 300-ге жуық сирень бұталары отырғызылды, – деп хабарлады қала әкімдігінің Қоршаған ортаны қорғау басқармасы басшысының орынбасары Айдын Бегімбетов.

Бүгін Интернациональный тұрғын үй алабында № 135 көше ауданындағы жаңа саябақ таныстырылды. Мұнда ойын алаңы мен воркаут аймағы бар.

Аумақ шағын сәулет пішіндерімен безендірілген, орындықтар, көше шамдары жеткілікті мөлшерде орнатылған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды