БЕС ҒАРЫШТЫҚ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

0 184

молдабеков

Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшқанына биыл 22 жыл болды. Одан соң Талғат Мұсабаев көкке көтерілді. Өкінішке қарай, осылардан кейін бірде-бір қандасымыз ғарыштан көрінбей жүр. Оның себептері қандай? Алты жарым жыл бұрын құрылған Ұлттық ғарыш агенттігі не тындырып отыр? Бұрнағы күні Орталық коммуникациялар  қызметінің брифингіне келген агенттік төрағасының орынбасары Мейірбек Молдабеков осы сұрақтарға жауап берді.

acd3a495d3dd1a2c81600bccad7141feҚос бірдей ғарышкерін ғарышқа аттандырған Қазақстан жуық арада үшіншісін ұшыра алмайды. Мейірбек Молдабекұлының күлбілтелемей айтқан сөзінен осыны ұқтық. Оның екі себебі бар екен. Біріншіден, халықаралық ғарыш стансасының жасалуына еліміз қатыспаған. Бұл іске қаржы құймағандықтан құқығы да жоқ. Біз тек ғарыш стансасын жасаған елдерге өтінішпен шыға аламыз. Ал, стансадан тек Ресейдің үш орындық «Союз» аппараты ғана ұшырылады. Орындардың бірі – Ресей, екіншісі – АҚШ, үшіншісі Еуропа ғарышкерлеріне тиесілі. Өтінішімізді Ресей жағы ғана қабылдаған. Алайда, ғарышкерімізді ғарышқа жіберу үшін 150 млн доллар сұраған. Ондай ақшаны төлеуге Қазақстан дайын емес. Оның үстіне, елімізге бұл тиімсіз. «Өзге елдер ғарышкерлерін ғарыштық техниканы сынау үшін ұшырады. Ал, Қазақстанда ғарыштық өндіріс әлі өркендемеген. Ғарыштық аппараттар құрастыру орталығы тек 2015 жылы ғана іске қосылады. tm2B9tfF4Rink4LvIMjDbhmf3M1KQrБасқа мемлекеттер ғылыми зерттеулер жасау үшін де адамдарын ғарышқа жібереді. Ал, біздің ғалымдарымыз өткізетін тәжірибелік сынақтарға арналған ғарыштық құрылғылар стансада жоқ екен. Тағы бір себебі, өзге елдер ғарышкерін аттандырғанда, ақылды, білімді, парасатты, денсаулығы мықты азаматтарының бар екендігін паш етуді мақсат етеді. Ал, Қазақстан Тәуелсіздік алғалы бері өз ұландарының мықты екенін екі рет дәлелдеп үлгерді. Сонда біз қазір не үшін 150 млн доллар жұмсап, ұшыруымыз керек? Біз бүгіндері бұл ақшаға зауыт салып жатырмыз. Яғни, экономикаға қайсысы тиімді екенін ойлануымыз қажет» деді Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары.

Мейірбек Молдабековтің айтуынша, Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы мен «Қазақстан-2050» стратегиясының талаптарына сүйеніп, агенттік ғарыш саласын екі бағытта дамытып жатыр. Оның біріншісі – ғарыштық инфрақұрылымды жасау мен құру және дамыту, ал, екіншісі – ғылыми және ғылыми-технологиялық базаны нығайту. Бірінші бағыт бойынша бес ірі ғарыштық жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның алғашқысы – «KazSat» байланыс және хабар таратуға арналған отандық спутник жүйесі.

Осыдан екі жыл бұрын «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «KazSat-2» жер серігі ұшырылғаны белгілі. Сол уақытта қазақстандық операторларды осы жер серігіне біртіндеп көшіру жұмыстары басталған. Қазіргі уақытта аталған жүйе арқылы еліміздегі он бір ірі оператор жұмысын жүргізуде. Жер серігінің мақсаты – Қазақстанның, Орталық Азия елдерінің және Ресейдің орталық бөлігінің аумағына телевизиялық хабар таратуды және деректер беруді қамтамасыз ету, қазақстандық операторлардың спутниктік байланысқа деген қажеттіліктерін қанағаттандыру. Осы істі жақсарту мақсатында келесі жылдың бірінші тоқсанында «KazSat-3» ғарыш аппаратын ұшыру жоспарланды. Ол Красноярск қаласында құрастырылып, дайын болып қалған да екен. Астанаға таяу орналасқан Ақмола облысына қарасты Ақкөл қаласында ғарыш аппараттарын жерден басқару кешені және байланыс мониторингі жүйесі жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, Алматы облысының Талғар ауданында оның резервтік кешені әзір. «KazSat» сериялы ғарыш аппаратының жұмысын осының алғашқысы басқаруда.

Өзге жобаларға тоқталсақ, олар: жерді қашықтықтан зерттейтін ғарыштық жүйе, ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешені, жоғары дәлдікті спутниктік навигация жүйесінің жерүсті инфрақұрылымы және «Бәйтерек» зымыран кешені жобалары. Қысқасы, ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенін М.Молдабеков ТМД елдерінде теңдесі жоқ зауыт деп атады. Ол пайдалануға берілгенде біз мұндай аппараттар мен оның бөлшектерін экспортқа шығара алады екенбіз. Сөйтіп, осы саладағы әлемдік державаларға бәсекелес бола аламыз әрі мемлекетке кіріс кіреді. Ал, жерді қашықтықтан зерттейтін ғарыштық жүйе Францияда жасалып жатқан көрінеді. Бұл жүйе келесі жылы іске қосылмақ. Спутниктік навигация жүйесінің жерүсті инфрақұрылымы құрылыс, геодезия мен картография, ауыл шаруашылығы жағдайын, соның ішінде егін-жайылым жайын зерттеу мен төтенше жағдайлардың алдын алуға арналады. «Бұл жүйені осы желтоқсан айының аяғында іске қосуымыз керек» деді М.Молдабекұлы.

2004 жылы Қазақстан және Ресей Президенттері «Ангара» зымыран тасымалдағышы базасында «Бәйтерек» зымыран кешенін құру туралы келісімге келген. Алайда, Ресей жағы «Ангара» зымыран тасымалдағышын әлі жасап үлгерген жоқ. Сондықтан, осы жылдың басында «Бәйтеректі» «Зенит» зымыран тасымалдағышы базасына көшіру ұйғарылған. Оны «Роскосмос» мақұлдады. Қазір бұл тарапта жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен бірге Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары елдің бәрін алаңдататын «Протон» зымыран тасығышын ұшыру жайы және «Байқоңыр» ғарыш айлағы маңындағы экологиялық ахуал жөнінде хабар берді.  Оның айтуынша, «Протонның» ұшырылуы тек 2025 жылы ғана тоқтатылуы мүмкін. Себебі, коммерциялық мақсаттағы ұшырулардың басым бөлігі спутниктік байланысқа қатысты. Ондай спутниктер тек «Протонның» көмегімен ғана ұшырылады, оған басқа зымыран тасығыштардың қауқары жетпейді. Ал, Байқоңыр аймағына келсек, өткен күздің алғашқы айында топырақты уытсыздандыру мен жерді ылғалдандыру жұмыстары жүргізілді. Сол кезде топырақтағы гептил мөлшерінің 99 пайызға азайғаны байқалған екен. Ал, 1 қарашадан бастап микробиологиялық әдіспен химиялық анализдер жүргізілді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ  

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 + nineteen =