Бес боздағын күтумен өткен

соғыс тақсіретін тартқан қазақ әйелдеріне ескерткіш ашылса...

0 13

Екінші дүниежүзілік соғыс қасіретінің ауырлығы соншалық, қан майдан аяқталғалы қанша жыл өтсе де, көңіл мен жүректегі нала тарқар емес. Әсіресе, өзім туып-өскен Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданына қарасты Бозай ауылынан аттанған боздақтар жайы есіме түскенде, кеудемді ащы өкініш кернейді.Дерек бойынша, Аягөз ауданының Бозай және Коммунар ауылдарынан алпыс шақты азамат майданға аттаныпты. Оның ішінде Бәтиман апа мен Әли атаның бес ұлы бар. Ешқайсысы оралған жоқ. Ол кезде мен жеті-сегіз жасар баламын. «Құлындарымның ең болмаса бірі келіп қалар» деумен жолға қарайлап жота басынан қайтпай жүріп алатын Бәтиман апа әлі күнге көз алдымда. Дастарқан басында көз жасы алдындағы тамағына тамып отыратын.
Бертінде туған жерім Бозай ауылының тұрғыны, соғыс ардагері Жұмағали Оразбеков ағамен кездесіп қалдым. Арамыздағы әңгіме көңілімнің астан-кестеңін шығарды. Жұмағали ағаны тыңдап отырсам, Бәтиман апаның бес баласы жайлы сол беті еш хабар болмаған, ең болмаса кімнің қайда жерленгендігінен де дерек жоқ. Ешкім де кезінде сұрастырып, іздестірмеген көрінеді. Бес боздақтың анасы Бәтиман апа Ақ кілет деген жерде үмітін үзбеген қалпы 95 жасында өмірден өтіпті. «Япыр-ай, бейбіт өміріміз үшін жандарын құрбан еткен ауылдас әке-аталарымыздың ерлігі мен есімін біз жоқтамағанда кім жоқтайды?! Неге осыншама уақыт елеусіз қалған, соңына түсер жан табылмаған ба?» деген сұрақтар көмейіме кептелгендей болды. Содан бес боздақ туралы мәлімет жинауға бел будым.
Бұл отбасын зерттей келе анықтағаным, үлкен ұлдары Дүйсенбай Әлиев ұрыс кезінде қатардағы жауынгер болып қаза тауып, 1943 жылы 27 тамыз­да Харьков облысы Волчанск ауылында жерленіпті. Екінші ұлдары Шәріп Әлиев 1943 жылдың наурыз айынан соң хабарсыз кеткен. Үшіншісі Сембай Әлиев 1944 жылы 27 шілдеде Латвия­ның Даугава өзені маңында жерленген екен. «За отвагу» медалінің иегері, пулеметші болыпты. Төртінші ұлдары Шора Әлиев Семей облысы Шар қаласында мектеп директоры болып жүрген жерінен майданға алынған. Ал бесіншісі Жексенбай Әлиев Алматыда оқып жүргенде шақырылған.
«Сұрай-сұрай Меккеге де барасың» дегендей, жоғарыда аталған деректерді іздестіру барысында таптым. Екі жылдай уақыт соңына түсіп, бес боз­дақтың алғашқы үшеуінің қаза болған жерлерін, суреттерін тауып, бірқатар мәліметке қол жеткіздім. Осыдан соң ерліктері елдің жадында жүрсін деген оймен өздері соғысқа аттанған ауылға бір белгі қоюды ұйғардым. Бозайдағы орта мектептің алдына ескерткіш белгі орнатуға тиісті құжат жинап, жұмысын есептеттім. Зейнетақым оған жете қоя ма, елге, тарихқа жаны ашиды-ау деген азаматтарға қолқа салдым. Обалы не керек, ауыл дегенде аузындағысын жырып беруге дайын жандар табылды. «Осы жаман шалдың қолынан не келер дейсің, бос әурешілік қой» дегендер де болған шығар. Ізгі бас­тама берекелі, бір өңірдің басын біріктірген шаруамен аяқталды. Жан-жақты қолдаудың арқасында бес боздақтың суреттері мен есімдері мәрмәр тасқа қашалып, ауыл мектебінің алдына ескерткіш қойылды. Бәтиман ананың жайынан хабары бар үлкендер көздеріне жас алып, мойындарынан жүк түскендей әсерде болды. Осы басқосудың арқасында бұрын аралары ажырап кеткен Әлиевтердің ет жақын туыстарынан тараған ұрпақтар бір-бірімен қауышты.Ауылдан аттанып, қайта оралғаны-оралмағаны бар майдангер жерлестеріміздің рухына құран бағыштап, ескерткіштің ерлік көрсеткен барлық боздақтарға ортақ белгі екенін де жеткізуге тырыстық.
Өзім де майдангердің баласы болғандықтан, бір үйдің бес адамын жалмаған соғысқа кегім бар. Сөзімнің соңында елорданың билік тізгінін ұстаған азаматтарымызға датымды жеткізгім келеді. Сұм соғыстың тақсыретін тартып, бірі – сүйеніш болар жан жарынан, бірі – жатырын жарып шыққан баласынан айырылған қазақ әйелдеріне арнап шаһардың бір бұрышынан ескерткіш тұрғызылса деген тілегім бар. Олар да қан майданда қырғын көрген ерлерімізден кем қиналған жоқ. Кейінгі ұрпақ та әлгі ескерткіштің жанынан әр өткенде әзиз аналарымызды бір еске алып тұрар еді.

Құрман ӘБІШЕВ,
зейнеткер

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды