Берері мол бес томдық

0 33

Белгілі қоғам қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Озғанбайдың бес томдық шығармалар жинағы жарық көрді.

Бес томдықтың ерекшелігі – қазақ тарихында әлі де игерілмей жатқан ақтаңдақтарға қатысты көп ой қозғайды. Бұл турасында 1999 жылы Ы.Алтынсарин атындағы қазақтың білім академиясының президенті А.Сейдімбек «Қазақстан тарихын оқытудағы жаңа тұжырымды оқулықтардың тапшылығын ескере отырып, Ө.Озғанбайдың «Ресей Мемлекеттік Думасы және Қазақстан» атты кітабын оқулыққа қосымша құрал ретінде пайдалануға әбден жарамды, мейлінше қажет еңбек деп білеміз» деп пікір жазған екен.
Бес томдықтың «Ресей Мемлекеттік Думасы және Қазақстан» деп аталған 1-томына кезінде Ресей Мемлекеттік Думасына Қазақстаннан депутат болып сайланған қазақ қайраткерлері өмірінің бұрын-соңды зерттелмеген қырлары туралы еңбектер ұсынылған. 1906-1917 жылдар аралығында Ресей Мемлекеттік Думасына қазақтардың белсене араласқанын, ұлт тағдырын шешудегі үлестері мен көрген қиындықтарын, қазақ зиялыларының ұлт келешегі үшін тарихи күресін жан-жақты ашып көрсеткен озық еңбекті жазу барысында автор мұрағаттық түпдеректерге сүйенген. «Тарих тағылымы» деп аталған 2-томда Абылай хан, азаттық үшін жан қиған ерлер жайында, Алаш азаматтары, сондай ақ Қарабура әулие, ақын, жырау Қарнияз Шопықұлы, Зуқа батыр туралы жазылған. 3-томда «Қазақтың шешендігі мен көсемдігі астасқанда» деп қазақтың би-шешендері туралы айтылса, «Жарық жұлдыздар» деп аталған 4-томда Ә.Бөкейханов, Б.Құлманов, Ш.Қосшығұлұлы, т. б. Алаштың ардақты азаматтары жайында сыр шертіледі. Сондай-ақ, «Тағзым» деп аталатын 5-томда халқымыздың Мұстафа Шоқай, Кейкі батыр, Тілеу батыр, Т.Жүргенов, т. б. сияқты көптеген асыл перзенттерінің ерлігі, қызметі мен өнегесіне тоқталады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × two =