Берекесі кемел бірлік күні

0 137

Қазақстан халқының бірлігі күнін астаналықтар «Қазақ елі» монументінің алдындағы алаңда атап өтті. Театрландырылған қойылымды тамашалаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық-мәдени орталық өкілдерін мерекемен  құттықтады.

Түрі өзге болса да тілегі бір түр­­лі ұлт өкілдерінің той-думаны «Мә­­де­­ниет­­тер үндестігі» би композициясынан басталды. Мыңға жуық биші өнер тілімен еліміздегі 130 ұлттың жүз шайыспай, жаға жыртыспай тату-тәтті кешкен тіршілігін бейнеледі. Сондай-ақ, жұрт алдында эстрада өнерпаздары – «RinGo» тобы, Мәдина Сәдуақасова, Парвиз Назаров, Еділ Құсайынов, Әлішер Ка­римов, Алмаз Кішкенбаев, «Дер­­виши» тобы, Севара Назар­хан, Грузияның ұлттық балеті, Өзбек­­стан­­ның, Ресейдің бишілері өнер көр­­сетті.

Ұлттық-мәдени орталықтар арнайы тіккен ақшаңқан үйлерге тойшы қауым тартынбай кіріп, дәм татып, бір-біріне толғау-толғау тілек айтқан күн болды бұл. Жағалай жүріп, біз де әрқайсысына бас сұқтық. Қазақстан және Татарстанның халық суретшісі Камил Муллашев: «Қазақстан – түркі дүниесінің тірегі. Татарлар Нұрсұлтан Әбішұлын екінші президентіміз деп санайды. Еліміздегі біртұтас халық саясатының арқасында біздер мәдениетімізді еркін дамытып отырмыз. Мысалы, биыл республикалық деңгейдегі сабантой мерекесін Семейде тойламақшымыз» десе, «Вайнах» шешен-ингуш этно-мәдени орталығының жетекшісі Салман Героев: «Биылғы мереке, кешегі Ассамблея сессиясы біз үшін ерекше. Өйткені, Елбасы бүкіл халыққа «Қазақстан-2050» стратегиясын жария етті. Оны жүзеге асырудан біздер де сырт қала алмаймыз» деп пікірін білдіреді. Статистикаға сүйенсек, Астанада жүзден астам ұлт мекендейді. 28 этномәдени бірлестік, 11 жексенбілік мектеп жұмыс істейді. Ұлттық бірлестіктер тарапынан «Украіньски новини», «Казачий курьер», «Ақ барс», «Тұран-Таймс», Ахыска», «Хуэйзу» сынды басы­лым­дар шығарылады.

Еркежан СӘТІМБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 − three =