БЕРЕКЕЛІ МЕРЕКЕ

0 120

erm_3146-asli

Ұлыстың ұлы күнінде Ұлы дала елінің тұс-тұсында ұлан-асыр той. Осынау мерекені Астана халқы да думандатып қарсы алып жатыр. Қазір қаланың көрікті орындарында көріскен, қауышқан ағайынның қарасы қалың. Сондай ортасы толған мекеннің бірі – елорда әкімдігінің алдындағы қалалық алаң.

Айшықты ақшаңқан киіз үйлер

Бұрынғы орталық алаңда бұқараға бет бұрғызарлық қызық көп. Бұл жақтан өткен жұрттың көзіне бірден ақшаңқан киіз үйлер түседі. Мұндай қазақы шатырдың алтауы құрылған. Олардың әрқайсысының іші ұлттық бұ­йымдармен бедерленіп, дастарқаны түрлі дәмге толтырылған.
Алаңның мерекелік ажарын айшықтап тұрған бұрышсыз үйлердің салтанат құруына елордалық басқармалар мұрындық болды. Атап айтсақ, Жастар сая­саты мәселелері басқармасы, Дін істері басқармасы, Энергетика басқармасы, Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қамту басқармасы және Көлік және коммуникация колледжі, Астана медициналық университеті, «Кроссфит» спорт клубы өз киіз үйлерін орналастырған. Оған қоса, тағы бір шаңырақ асхана ретінде көтеріліп, жұртты наурыз көжеге тойдыруда.
– Жылына айналып бір-ақ рет келетін Наурыз мейрамы – ол шат-шадыман халық пен аста-төк дастарқан. Сондықтан да Наурыз – береке мен мерекенің белгісі. Осынау күні көпшіліктің көңілінен шығу үшін дастарқанымызды барынша жайнатып, бар тәттімізді ұсынамыз. Бұл күндері астың үлкені – наурыз көже. Осы тағамды ынта-ықыласымызбен дәмді етіп дайындауға тырысамыз. Бүгін, міне, адамдар дәмін татып, алғысын жаудыруда. Бастысы, қарынның тоқ болуы емес, көңілдің тоюы ғой, – деді жеті түрлі дәмнен көже әзірлеген аспаз Әзиза Бердебаева.
Қалалық алаңның кіреберісін­де алып саялы «Бәйтерек» орналасқан. Бұл осы маңайға қонған «ауылдың» табалдырығы іспетті. Осы жерден табылған тұрғындар «мәуелі» ағаштың түбінде естелік суретке түсіп мәз-мейрам.
Бұл тұста киіз үйлермен қоса, түрлі ұлттық бұйымдарды сататын орындар мен тамақтанатын шатырлар құрылған. Ал «ауылдың» төрінде халайыққа мерекелік көңіл-күй сыйлайтын сахна жасақталған. Онда өнерпаздар ән әуелетіп, би билеп, айналаны думанға бөлеп жатыр.

Асық атып асыр салды

Қалалық алаңдағы мереке­нің көрігін қыздырған ойын-сауықтың бірі – ұлттық ойындар. Осындай құндылықтарымыздың дәстүрлі думандарда қадірі арта түсетіні баршаға аян. Соның ішінде асық секілді асылымызды ерекше атауға болады. Қайнаған тіршіліктің ортасы даладан қалаға ауған заманда асық ойнайтындар некен-саяқ. Бірақ Наурызда жиналған жұрттың кішісі де, үлкені де асық атуға епті екенін байқадық.
Асық ату сайысында балалар бір жақ, үлкендер бөлек жеке-жеке бақ сынады. Сонымен, сақаларын сайлап шыққан балалардың ішінде ең сұрмергендері белгілі болды. Әбжілдігімен бәрі­нен үздік болғаны – Әділет Дә­ке­­­­нов есімді бүлдіршін. Одан кейін­гі орынды Күнар Бақытнұр алды. Ал үшінші орын Санжар Сайлау­­бекке бұйырды.
Үлкендер жағынан да асығы алшысынан түскен жеңімпаздар анықталды. Бұл сында Марат Исламбек жеңіске жетті. Екінші орынды Дидар Кибатуллов алса, үшінші орынды Ермахан Ергешбаев иеленді.

Күші тасығандар қол күрестірді

Көпті көрсе арқаланатын жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай жігіттердің табылатыны да сөзсіз. Күштері тасыған ондайларға арнайы қол күрес, арқан тартыс, кір тасын көтеру секілді сайыстар ұйымдастырылды.
Сайдың сақпан тасындай жігіттер алдымен армрестлингте күш сынасты. Бұл додада қатысушылар салмағына қарай 70 келіге дейін және 70 келіден жоғары деп екіге бөлінді. Бірінші санатта бәрінен мықтысы Рысбек Мейрамбекұлы болды. Одан кейін – Руслан Дәуітов, үшіншісі – Ықылас Әлімжол. Ал екінші бөлімде Арсен Әлім жеңіске жетті. Күміс – Асылжан Алинге, қола Руслан атты жігітке бұйырды.
Бұған қанағаттанбаған мық­тылар кір тасын көтеруден сайыс­қа түсті. Салмағы 16 келіні тар­татын тасты көтеруден Ернұр Бегалиев үздік болды. Екінші орынға – Диас Жауқатов, үшінші орынға Иван Демичев қол жеткізді. Ал 24 келілік тасты еңсеруден Саян Сақыпов жеңімпаз атанды. Одан кейін Табысбек Шабдарбай мен Дидар Қибатуллов ерекшеленді.
Біріксе, алынбас қамал болмайтынын білдіретін сайыстың бірі – арқан тартыс. Бұл сайыста «Тигр» командасының мерейі тасыды. Екінші «Барыс», үшінші «Астана» командаларының аты шықты. Ал балалар арасында «Айдар» командасы жеңді. Екінші орын – «Восток» командасы, үшінші орын – «Сұңқар» командасы.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 2 =