Берекелi iстiң Баяны

0 104

Баян жас кезiнде теңiз толқыны түстес киiмдi көрiп, қатты қызығатын. Таныстарынан сұрастыра келе, ол кеденшi қыздардың киiм үлгiсi екенiн бiлген. Өз дегенiнен қайтпайтын қайсар қыз бойжеткеннен Алматы қаласының Кеден басқармасына тартады. Кеңес одағының ыдырап жатқан тұсында кеденшiлердi жұмысқа алу қарқынды жүрiп жатқан кез. Баян да солардың толқынына iлестi. Заңгерлiк мамандығы ескерiлiп, бiрден халықаралық жөнелтiлiмдер бөлiмiне жұмысқа қабылданған.

Қазақстандық кеден қызметiнiң iргесi қалана бастағанында кедендiк бақылаудың бағамы әлсiздеу болды. Халықаралық пошта жөнелтiлiмдерiн рентген аппараты, одан қалды иiсшiл иттер тексергенмен, заңсыз тасымалдың қарқыны бәсеңдемедi. Валюта, есiрткi, қару-жарақ, порнографиялық сипаттағы бейнетаспалардың тасымалдауына тыйым салынып, сырттан келетiн, Қазақстан Республикасы аумағынан шығарылатын барлық пошталық жөнелтiлiмдерге тексерiс күнделiктi жүргiзiлiп тұрды. Кеденшiлер дамылсыз, әрбiр затты жiтi қарап, тексерiп отырды.

Баян Есiмханқызының айтуынша, аптасына кем дегенде он келiге дейiн есiрткi заттары табылып отырған. «Бiрде Өзбекстаннан келген 10 келiлiк қапта «баялды, қызанақ тұқымдары бар» деп кедендiк декларацияда көрсетiлген жөнелтiлiм кездестi. Әрбiр қапты тексергенде, анашаға лық толы екенiн анықтадым. Осындай «жолдамалардың» талайының жолын кестiк. Жұмыс барысында қылмыскерлердiң небiр құйтырқы әдiстерiн бiлiп алдық.

Бiр күнi жемiс-жидек салынған ағаш жәшiктер Жамбыл облысынан келдi. Рентген аппараты есiрткiнi анықтау жағынан әлi де жетiк емес. Иiсшiл иттердiң жемiс-жидектердi сезiну қабiлетi төмен болғандықтан, өз қолыммен қағазға оралған әрбiр жемiстi мұқият қарадым. Күмәнiм келдi. Ақыры қаз-қатарынан тiзiлген алманың iшiне оған пiшiндес қып опиумның (есiрткiнiң бiр түрi) оралғанын таптым», – дейдi ол.

Ол кездерi есiрткi көбiне оңтүстiк аймақтардан жеткiзiлiп жатса, Еуропадан порнографиялық сипаттағы бейнеөнiмдердiң заңсыз тасымалы қызып тұрған екен. Әлгiнi жiберген адамның не болмаса жеткiзiлетiн мекенжайы әдейi көрсетiлмейтiн көрiнедi. Кейiн 1999 жылдары пошта арқылы жасырын «сәлемдемесiн» жолдайтындар қатары азая бастаған. Ала жiптi аттағандар жазаға тартылып, бақылаудың бағамы күшейтiледi. Тексерiстiң тегеурiнi қатайған сайын, адамдардың заңсыздыққа бой алғызуы күрт төмендептi.

Еңбек жолында әртүрлi басқармаларда жетекшi болған Баян Есiмханқызы Астана қаласы бойынша Кедендiк бақылау департаментiнiң «Сарыарқа» кеден бекетiнiң бас маманы қызметiн атқарған. «Елбасының тiкелей Жарлығымен құрылған Арнайы экономикалық аймақтың қарыштап дамуы көз қуантарлық. Бiрiншi мамандығым құрылысшы болғандықтан, бас қаланың құрылыс нысандарының керемет үлгiлерi тамсандырады. Өзiм еңбек етiп жатқан аумақта елорданың көркем де кербез сәулетiн айшықтайтын «Саранда» көпфункционалды кешенi салынып жатыр. Зейнеткерлiкке дейiн кеденде келелi қызмет етiп, жастарға бiлгенiмдi дәрiптеуден жалықпаймын», – дейдi әңгiме соңында.

Елiмiздiң экономикалық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуде еңбегiмен еленген Баян Әубәкiрова контрабандалық тасымалды тұсап, кеден төлемдерi мен салықтан жалтарғандарды тәртiпке шақырып қана қоймай, көпке үлгi бола бiлген аяулы жан.

Гүлмира Аймағанбет

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × 4 =