Берекелі істер бастауы

0 52

50 АУЛА АБАТТАНДЫРЫЛАДЫ

– Нұрбол Төлегенұлы, қазіргі қызметіңізді осы жылдың ақпан айынан бері атқарып отырсыз. Қысқа мерзімде қандай жұмыс­тарды істеп үлгердіңіз?
– Биылғы қыс қатты болғанын білесіздер. Бірінші кезекте менің алдыма су тасқынына қарсы шараларды сәтімен өткізу міндеті қойылды. Ауданымызда жіті назарды қажет ететін су басатын негізгі 12 орын бар. Біз бұл бағытта жұмыс істеп, 100 мың текше метр жерасты суларын сордық. Арнайы комиссия құрып, ұзындығы 18 шақырым арықтарды тазаладық. Әрине, бұл жұмыста белгілі бір проблемалар болды. Бірақ жалпы алғанда, бұл кезеңнен сәтімен өттік.
16 наурыздан бастап 11 мамыр­ға дейін Қазақстан Республикасының аумағында төтенше жағдай режимі енгізілді. Екі ай бойы блокбекеттерде кезекшілік ұйым­дастырылды. Аудан тұрғындарынан азық-түлік себеттері бойынша өтініштер қабылданды. Бұл бағытта 2 мыңнан аса отбасына көмек берілді.


Көктем келісімен абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын бастадық. Осы уақыт ішінде 100 ағаш отырғыздық. Қазір шөп шабу, жасыл желек пен гүл отырғызу жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Бұл жұмыс әлі де жалғасады.
Аулаларды абаттандыруға ерекше көңіл бөліп отырмыз. Биыл Байқоңыр ауданында 50 аула абаттандырылады. Отыз аула бойынша тиісті жұмыстар басталып, екі ауланы абаттандыруды аяқтадық. Адамдар жаңарған аулаларына қуанып отыр. Жалпы алғанда, ауданда 235 аула бар. Олардың 107-сі күрделі жөндеуді қажет етеді.
– Осы жұмыстарды қай уа­қытқа дейін аяқтауды жоспарлап отырсыздар?
– Бұл қаржыландыруға бай­ланыс­ты. Әрине, үш жылда аяқтаймыз ба деп отырмыз. Яғни, осы жұмыс жоспарлы түрде жүргізіледі. Егер биыл 50 ауланы абаттандырсақ, аудандағы аулалардың 70 пайызын ретке келтіреміз. Бұған қоса, 15 аулада жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары жасалады. Осы жылы аудандағы 10 қоғамдық кеңістік бойынша тиісті жұмыстар қолға алынады. Сәйкес жұмыс тұрғын алаптарда да жоспарланған. «Казгородокта» осы жұмысты аяқтасақ, «Кирпичныйда» бастадық, ал «Өндірісте» екі мекенжай – Ақбидай мен Тайбурыл көшелерінде қоғамдық кеңістіктер бойынша жұмыс басталды.

ЖАС КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ЖӘРДЕМ

– Кәсіпкерлік – қазіргі негізгі бағыттардың бірі. Бүгінгі жағ­дайда шағын және орта бизнесті қалай қолдап отырсыздар?
– Шағын және орта бизнесті «Даму» қоры арқылы қолдау мақсатында төрт бағыт қарастырылған. Бұл – «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020-2025», «Еңбек», «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары және жергілікті «Астана бизнес-2» бағдарламасы. Алдындағы үш бағдарлама бойынша жылдық 6 пайызбен екінші деңгейлі банктер арқылы несиелеу жүргізіледі. «Астана бизнес-2» бағдарламасы 8 пайыздық несиелеуді қарастырады. Субсидия да беріледі. Ауданымызда кәсіпкерлерге кеңес беретін бөлім ашылған. Отырар, 5 мекенжайына келіп немесе әлеуметтік желілер арқылы тиісті мәселе бойынша мәлімет алуға болады. Аудан әкімдігінің парақшасы «Фейсбук» және «Инстаграм» желілерінде бар.
– Жас кәсіпкерлерге немесе жастарға арналған арнайы бағ­дарламалар бар ма?
– Жас кәсіпкерлерге арналған арнайы бағдарлама бар. 29 жасқа дейінгі кәсіпкерлерге 5 миллион теңгеге дейін көлемде арнайы гранттар беріледі. Қаржыландыру тамыз айынан басталады. Оған дейін Б.Момышұлы көшесі, 2/11 мекенжайында Ұлттық кәсіпкерлер палатасында оқудан өту керек.

МЕКТЕПТЕР КЕҢЕЙІП, ТҰРҒЫН ҮЙЛЕР АРТАДЫ

– Жуық арада жаңа нысандар салына ма?
– Әлеуметтік тұрғыдан алғанда, С.Сейфуллин – Ж.Омаров көшелері қиылысында жаңа мектеп бой көтерді. Қазір мектеп аумағында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. №31 мектепке қосымша ғимарат салынуда. Бұл нысан 1 қыркүйекке дейін пайдалануға беріледі. «Өндіріс» тұрғын алабында дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр. Спорт кешені құрылысы келесі жылы аяқталады. Сондай-ақ №23 және «Кирпичныйдағы» №12 мектептерге жапсаржай салу жобасы әзірленіп жатыр. Ауданымызда үш көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы да жүргізілуде. Биыл бұл үйлерді пайдалануға береміз.

Дайындаған
Аманғали ҚАЛЖАНОВ

МАҚСАТ – ҚЫЛМЫС ДЕҢГЕЙІН АЗАЙТУ

«Astana» телеарнасы мен «Elorda aqparat» бірлескен жобасы – «Elorda Live» бағдарламасында – Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бөлімінің бастығы Азамат Садықов елордадағы қылмыс деңгейі, қылмыстың алдын алу шаралары туралы айтты.

– Коронавирус пандемиясына байланысты елімізде шектеу шараларының нәтижесінде қылмыс саны анағұрлым азайған екен. ІІМ министрі Е.Тұрғымбаевтың мәліметінше, қылмыс саны 25 пайызға дейін төмендеген. Елордамыздағы статистика қандай деңгейде?
– Бес айдың қорытындысы бойынша айтатын болсақ, елорда аумағында жалпы қылмыс деңгейін 39 пайызға азайту көзделуде, ол тек қана енгізілген төтенше жағдайға байланысты емес, негізі жыл сайын қылмыс санын төмендетуді мақсат етеміз.
– Қылмыс азаюының басты себебі неде?
– Басты себебі – ішкі істер ор­ган­дарының жасап жатқан іс-әрекетінде, халыққа түсіндіру жұмыстарының жүргізілуінде деп есептеймін.
– «Ақылды технология» дейміз, «ақылды қала» жүйесіне өтуде жаңа қондырғылар жұмыстарыңызды жеңілдеткен болар?
– Біздің елорда аумағында бейнекамералар көптеп қойылды, ол да дер кезінде қылмыстың алдын алуда және жолын кесуде үлкен себін тигізуде.
– Қандай да бір көрсеткіштер бар ма?
– Мысалға айтатын болсақ, был­тырғы жылы жалпы елорда аума­ғында 8 мыңнан астам қылмыс болатын болса, қазіргі уақытта бес мыңнан астам қылмыс тіркелуде. Нақты осы бақылау камералары арқасында нәтиже бар.
– Карантин кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық саны жиілеп кетіпті. Бас қаламыздың өзінде қылмыстың бұл түрі 50 пайызға өскен. Жалпы отбасылық қысым көрсету фактілерін азайтуда қандай іс-шаралар қолға алынып жатыр?
– Қазіргі таңда отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстар тіркелуде. Ажырасу да көбейген. Бәрі үйде отырғандықтан ұрыс-керістер көбейген шығар, бірақ, бұл соншалықты шарықтап кетті деген мағынада емес, тіркеліп жатқан қылмыс карантин емес жай күндері де тіркеледі, сондықтан оның алдын алу міндетіне ең біріншіден, учаскелік полиция инспекторы жауапты. Бұл тұрғыда тұрғындарға құқық бұзушылардан қорғау нұсқамасын шығару, сотқа алып бару, әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 73-бабы бар, айталық, бес айдың қорытындысында 112 тұлғаға ерекше талаптар орнатылған.
– Елордада қандай қылмыс түрлері көбейген?
– Интернет дамуына байланыс­ты алаяқтық көбейген, киберқылмыстар, ұрлық бар.
– Тұрғындар алданып қалмау үшін не істеу керек?
– Өздері білетін сайттарға ғана тапсырыс беріп, ақшаны алдын ала жібермеу керек.
– Блокбекеттер алынғаннан кейін тәртіп сақшыларының жұмыс алгоритмі өзгерді ме?
– ТЖ кезінде жеті блокбекетте екі ауысымда ауқымды жұмыс жүргізілді, қазір де полиция жүйе­лі жұмыс жүргізіп жатыр, жеке кәсіпкерлердің карантин талаптарын орындауы, тұрғындардың бетпердемен жүруін тексереді.
– Осындай кезде үздік қызмет атқарған қызметкерлерге сыйақы тағайындалды ма?
– ПД бастығының бұйрығымен полиция қызметкерлері ынталандырылды, алғысхаттар тапсырылып, сыйақы берілді.
– Бізге сұрақ келді: «көршіле­ріміз тынымсыз, түннің ортасына дейін жөндеу жұмыстарын жүргізеді, мазаны алып таңға дейін ойын-сауық құрады, учас­келік полицейді шақырдық, бірақ нәтиже жоқ» дейді қала тұрғыны.
– Әкімшілік құқықбұзушылық кодекстің 437-бабына сәйкес, жеке тұлғаларға бес айлық есептік көрсеткіште айыппұл салынады, шағын кәсіпкерлікке – 20, орташа деңгейде 40-30 есептік көрсеткіште айыппұл салынады. Осындай жағдай кездессе тұрғындар 102-ге хабарлассын, себебі учаскелік инспектор күнделікті 24 сағат бойы жұмысында бола алмайды. Патрульдік полиция қызметкерлері келіп, айыппұл салу шарасын жүргізеді.
– Елордадағы құқық бұзушы­лықтың алдын алу іс-шараларына тоқталсаңыз.
– 25 мамыр-25 шілде аралығында «Учаске» іс-шарасы өткізіліп жатыр. Учаскелік инспектор тұр­ғындар алдында жиын өткізеді, қылмыстың алдын алуда департаменттің жоспарлы іс-шарасы бекітілген.
Дайындаған
Жадыра ШАМҰРАТОВА

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

6 + eight =