БЕЛУАРДАН СУ КЕШПЕС ҮШІН…

0 148

IMG_8398

Күн жылына бастасымен жер үйдің тұрғындарынан маза қашады. Су алып кетпес үшін қыс бойы жинақталған қарды тазалап, әбігерге түсетіндер көп.

Тұрғындардың ішінде ауласындағы қарды сыртқа шығара салуға ерінетіндері бар. Көктемгі су алу қаупі көбіне осындай қырсыз тұрғындардың қамсыздығынан болып жатады. Айталық, бүгінге дейін 62 жер үй мен 5 көшені су басқан екен. Аудандық су тасқынына қарсы комиссияларға 4763 өтінім келіп түссе, бір тәулік ішінде 513 өтінім қаралған. Коммуналдық қызмет өкілдері 12 мыңнан астам текше метр су сорғызып алған. Бұл жұмыстарға 233 техника тартылған екен.

«Астана тазалық» ЖШС қызметкерлері күн-түн демей, шақырту түскен үйге жедел жетіп, суды сорғызып-ақ жатыр.  Бірақ қыс бойы тазаланбай, тау болып үйіліп, мұз болып қатып қалған қар оңайлықпен тазалана қоймайды. Осы  кәсіпорынның директоры Әзімбек Басқанбаевтың айтуынша, су тасқыны қыстай жинақталған қар ерігенде басталады. Сондықтан оған тосқауыл қою үшін қатқан қар алдымен  арнайы бу машинасымен ерітіліп, содан кейін еріген қар суы алдын-ала қазылған арықпен ағып кетеді. Әрине, бұл айтуға ғана жеңіл. Әйтпесе, таудай қарды еріту үшін қанша адамның қажыр-қайраты мен қайран уақыты кетеді десеңізші. Кейбір жүгенсіздер таяқ тастам жердегі қоқыс жәшігіне баруға ерініп, тұрмыс қалдықтарын су ағатын арықтарға лақтырып кетеді. Оны тазалаудың өзі – күш. Бүгінде қала бойынша күнделікті 120 АС-машинсы жұмыс істеп тұр. Бұл техникалар күшімен күніне 106 мың текше метр су сыртқа шығарылады екен.

Кез келген табиғат апаты айтып келмейді. Сондықтан тосын жағдайларға тұрғындар дайын болуы керек. Көктемде белуардан су кешіп жүрмес үшін, әсіресе, жер үйлердің тұрғындары қамсыз отырмауы керек. Егер елордалықтарға су басу қаупі төнсе, онда Алматы, Сарыарқа және Есіл аудандарының диспетчерлік қызметіне немесе «051-ге» хабарласуға болады

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen + 2 =