Белсенді өмірді қалайды

0 15

Елордада егде жастағы азаматтарға «Белсенді ұзақ өмір» орталығы қызмет көрсетеді. Достық көшесіндегі «Нұрсая-2» тұрғын үй кешенінде орналасқан орталықта шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойындары және спорттық жаттығу құралдарымен жабдықталған, сондай-ақ көркемөнерпаздар, хор ұжымдары дайындалатын залдар бар.«Елорда әкімі осы орталықтың дамуына көмек пен қолдау көрсетіп келеді. Қазір біз барлық кеңселерді қажетті жабдықтармен қамтамасыз еттік. Жалпы орталық БҰҰ мен ДДҰ 2002 жылы қабылдаған бағдарлама аясында құрылды. Әдістемелік оқу құралдарының негізінде жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен және Халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің көмегімен осындай орталықтар еліміздің басқа аймақтарында да ашылады» деді белсенді ұзақ өмір орталығының жетекшісі Мұхтар Еркетаев.
Демалыс орталығы елорданың адам ең көп жүретін және жасыл желекті жерінде орналасқан. Бұл орын орталыққа келушілердің таза ауада серуендеп, табиғат аясында тынығуына әдейі таңдалғандай. Зейнеткерлердің бос уақыты шахмат ойнап, жаттығу жасаумен ғана өтпейді. Орталықта таңдау әлдеқайда көп, бүгінде мұнда 9 бөлме бар.
«Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде жастар денсаулығына жеткілікті мән бермейді, ал қарттарымыздың қимыл-қозғалысы аз. Сондықтан бізде хореография, қолөнер, йога бөлмесі, хор және ән айту залы ашылды. Барлық үйірмелер тегін, орталыққа зейнеткер екенін растайтын құжаты бар кез келген қала тұрғынын қабылдаймыз.
Бізде бір кері түсінік қалыптас­қан, адамның жасымен қатар салмағы да артса, заңдылық сияқты. Артық салмақ ауруға шалдықтырады. Сондықтан жасы ұлғайғандардың арасында инсульт, инфаркт алып, өмірден озатындар көп. Майлы тамақтан аз-аздан жеп, жоғарғы сұрыпты ұннан жасалған нанды, қанты көп қосылған тәттілерден де бас тартқан жөн. Сонымен қатар кола, фаст-фуд, хот-догтар өте қауіпті. Қуырылған тамақтар жүрек-қан тамырлары ауруына, тіпті қатерлі ісік дертіне әкеп соқтырады. Сондықтан, күніне кем дегенде 400 грамм көкөніс пен жеміс-жидектерді пайдалану қажет» деді М.Еркетаев.
Жақында орталықта домбыра мен сурет үйірмелері де ашылыпты. Сонымен қатар скандинавиялық жүріс курсы да бар. 73 жастағы нұсқаушы әжей жаттығудың қыр-сырын үйретеді. Мамандардың айтуынша, скандинавиялық жүріс омыртқаға жақсы әсер етеді. Адамның дене бітімін жақсартып, денені түзу, жинақы ұстауға септігін тигізеді. Қан тамырлары мен жүрек-қан тамырларының жұмысын жақсартады. Қарапайым жүрістен бұл жүрістің айырмашылығы өте көп. Бұл жүрісте жылдамдық маңызды емес, жүріп келе жатып тынығып, жаттығулар жасауға болады. Осылайша адам өзін төзімділікке, шапшаңдыққа үйретеді. Бұл спортта өзін-өзі бастан-аяқ қалыпты ұстап, жүрістің заңын бұзбаған жүргінші ғана артық салмақтан арылып, жақсы нәтижеге қол жеткізе алады.
Қозғалыссыз өмір салты адамның сүйек құрылысын қисайтумен қатар, ішкі ағзасына, жүрек қан тамырлары мен жүйке жүйесінің бұзылуына соқтырады. Сауықтыру кабинетінде көбіне остеохондроз, бел омыртқалары ауруларынан арылуға көмектесетін жаттығу құралдарын байқауға болады. Жалпы орталықта 4 жаттықтырушы бар.
Шахмат клубы да осы жерден орын тапты. Бірнеше жыл бойы оларда тұрақты үй-жай болған жоқ. Күніне 40-тан аса зейнеткер осы жерде айына бір рет өтетін шахмат турниріне дайындалады.
«Мен 30 жыл металлург болып қызмет еттім. 76 жастамын. Зейнет­ке шыққалы шахмат ойнаймын. Орталықтың жұмысына ризамын. Бос уақытты тиімді өткізудеміз» деді зейнеткер Мерғалым Нұрымов.
Сондай-ақ мұнда технология­лармен жұмыс істеу негіздерін үйрететін компьютерлік бөлме бар.
«Демеушілердің қолдауымен 11 компьютер сатып алдық. Қазір бізде 1, 2 және 3 топтағы мүгедектігі бар жандар, олардың ата-аналары, қамқоршылары білім алуда. Ал сенбі мен жексенбіде біз зейнеткерлерге уақыт бөлеміз. Тренинг үшін біз қазірдің өзінде өмірлік маңызды бағдарламаларды таңдадық: egov-қа қалай кіру керек, мемлекеттік құрылымға хат жазу және басқалар. Оқыту 40 күн ішінде өтеді. Егер осы уақыт ішінде үйрене алмаса, екінші рет оқып шығады. Бір топта 10-12 адамнан тұрады. Түске дейін екі, түстен кейін тағы екі топ кесте бойынша онлайн форматта білім алады. Бір айдың ішінде 80 зейнет­кер компьютерлік сауаттылық курсын оқып шықты» деді орталық ұйымдастырушылары.
Мұнда қарттардың жасын ұзарту, тағы басқа физиологиялық биологиялық, психологиялық жақтарын зерттейтін геронтология ғылымы мен қаржылық сауаттылықтан тренингтер өткізіліп тұрады.
«Мұнда біз мерейтойларды атап өтеміз. Тек алкогольді ішімдіктер мен темекі шегуге қатаң тыйым саламыз. Орталыққа келетіндердің көбі әйел кісілер. Оның себебін күтінумен байланыстырамын. Өзін күткен, денсаулығын ойлаған адам әрқашан ұзақ өмір сүреді. Орталықтың да мақсаты сол, қарттардың өмір сүруге деген құлшынысын оятып, белсенді қарттықты насихаттау» деп қосты Мұхтар Еркетаев.
Зейнеткерлердің де ағылшын тілін үйренуге құлшынысы жоғары. Бүгінде 60-қа жуығы шет тілі курсына жазылған. Мұнда қазақ және ағылшын тілдері оқытылады. Қазақ тілі курсына жазылғандар көбіне шешендік өнерді, қазақ әдебиеті мен латын әліпбиіне қызығады екен. Орталық бір сағат ішінде 120 адамға қызмет көрсете алады.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven + 4 =