БЕЛСЕНДІ БОЛУҒА ШАҚЫРДЫ

0 94

Алматы ауданы әкімі Сапар Ахметовтың тұрғындармен кезекті  кездесуіне жиналған халықтың арыз-шағымынан гөрі алғысы көп болды. Аудан әкімінің есептік кездесуіне қала әкімінің орынбасары Аида Балаева қатысты. Екі сағатқа созылған кездесудің соңында әлі де айтары бар қауым әкімді қаумалап, тілдесіп қалуды жөн санады.  

Аудан әкімшілігінің тұрғын үй-ком­му­­­нал­дық шаруашылығын жетілдіруде ат­­қар­­ған істерінің нәтижесін көріп отырған халықтың алғыстан басқа айтары жоқ. Оның себебі де бар. 2012 жылы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын модернизациялау бағдарламасы бойынша 11 үйде инженерлік жүйелердің, шатыр, қасбеттердің және кіреберістердің жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 330 млн теңге қаражат жұмсалған. 42 тұрғын үйдің шатыры, 44 тұрғын үйдің жылумен жабдықтау жүйесі ауыстырылған, 21 үйде жаңа жылу алмастыру құралдары орнатылып, 141 үйдің кіреберісі жөндеуден өткен. Аудандағы 63 тұрғын үйдің сумен жабдықтау және кәріз жүйелері ауыс-тырылып, 86 үйдің электр жүйесі қайта жөнделген.

Аудан тұрғындарының сұранысы бойынша автобус бағдарларының жүйесін оңтайландыру жұмыстары жүзеге асырылды. Ауданда тұрғындарды тасымалдау ісімен 9 автокөлік кәсіпорны айналысады, 338 автокөлігі бар 11 таксопарктің қызметі жолға қойылған.

Ауданда әлеуметтік инфрақұры­лым­дар­дың жаңа нышандары бой көтерді. Есепті жыл мерзімінде 1200 орындық №70 орта мектеп, Күйгенжар алабында 400 орындық мектеп, 350 жатын орны және күніне 250 адам қабылдайтын емханасы бар көпсалалы №1 аурухана, №6 амбулаторлық-емханалық кешен, бірнеше сауда орталықтары ашылды.
Кездесудің соңына қарай, қалың түскен қардың тезірек тазаланбауына алаңдаған сұрақтар қойылды. Оған аудан әкімі биылғы қарлы қыстың қамы жасалып жатқанын айтты. Барлық техниканы іске қосып, екі ауысыммен жұмыс жасап жатқан жауапты мекеме жұмысшылары белгіленген кесте бойынша аула, көшелер қардан аршылатынын айтты.

Аудандағы ПИК қызметіне көңілі толмайтындардың арызы да тыңдалды. Бұл мәселелерді аудан әкімі жақсы білетінін байқадық. Осы ретте, қала тұрғындарының арасында жүргізілген сауалнама дәйек­терін айта кетелік. Тұрғындардың 85 пайызы ПИК төрағаларының жұмысын қанағаттанарлық деп таныпты. Аудандағы 18 төрағаның жұмысы қанағаттанғысыз деп танылып, бестен артық арыз түскен 4 төрағаның қайта сайланғанын білдік.

Сапар Ахметов сөзінің соңында: «ПИК төрағаларын жалпы жиналыста тұрғындардың өздері сайлады. Оны жұмысынан алып, орнына қолынан іс келетін азаматты сайлау да – өздеріңіздің қолыңызда. Іске жанашырлық пен жауапкершілік керек. Тұрғын үйлеріңізді басқаруда белсенділік танытыңыздар» деді. Әкімінің уәлі сөзін қалың көпшілік құптады.

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − thirteen =