БЕЛДЕУІ БЕКЕМ БАС ҚАЛА

0 85

Астананы азық-түлiкпен  қамтамасыз ету – көкейтестi мәселе. Өйткенi, елордалықтардың қатары күн санап көбейiп, iшiп-жемге деген сұраныс артуда. Статистикалық мәлiмет алдағы үш жылдың iшiнде бас қаланың  тұрғындары 900 мыңға жетедi дейдi.
Жақында Астананы одан әрi дамыту жөнiндегi алқалы  жиында Мемлекет басшысы елорданың азық-түлiк белдеуiн бекемдеу барысына тоқтала келе, қала маңындағы мал, егiн, көкөнiс өсiретiн шаруашылықтардың жұмысын ынталандыруды тапсырды.

Мiндет межеленбек

Бүгiнде бағдарлама аясында жалпы сомасы 19,4 млрд теңгенi құрайтын 48 жоба қаржыландырылған. Бұл бойынша Астанада 31 кәсiпорын өз жұмыстарын жүргiзiп келедi. Олар бүгiнде елорда халқын 12,3 мың тонна өнiммен қамтамасыз етуде. Астана әкiмi И.Тасмағамбетовтың айтуын­ша, бұл бас қалаға жеткiзiлетiн әлеуметтiк маңызы бар өнiмнiң 17 пайызы ғана. Осыған байланысты ендi өндiрушiлерге қойылатын талап өзгертiлмек. Яғни, бұдан былай мұн­дай  кәсiпорындар өз өнiмдерiнiң кем дегенде елу пайызын  астаналық нарыққа жеткiзуге мiндеттелмекшi.
Айта кеткен жөн, Ақмола об­лы­сының  тауар өндiрушiлерi 2008 жыл­дан бастап Астана қаласының азық-түлiк бел­деу­iн қамтамасыз ету бағ­дар­­ла­масына қатысып, өлке ты­ны­сын кеңейтуге барынша күш са­лып келедi.
Олар мемлекет тарапынан қолдау­ға кенде емес. Жеке кәсiпкерлер өнiм сапасын жақсартып, өндiрiс көлемiн ұлғайту мақсатында төмен пайызбен несие ала алады. Iстiң көзiн таба бiлсе, кез келген шаруаны дөңгелетiп әке­ту­ге барынша жеңiлдiктер қарас­тырылып бағуда.
Бұл күнде  «Родина АФ», «Ижев­ский», «Поиск», «Дастархан» ШҚ, «Возрождение», «Ақ бас» секiлдi  бiр­қатар кәсiпорындармен   азық-түлiк және көк­өнiстiң барлық түрлерiмен елорданы қамтамасыз ету туралы кешендi шаралар жасалынған.  Десек те, елорда базарлары мен дүкен сөре­лерiнде тұрған азық-түлiк тауарлары мен көкөнiстер сырттан әкелiнiп сатылатыны жасырын емес. Азық-тү­лiк белдеуi дегенiмiз – қарапайым тiл­мен айтқанда, сапалы өнiм, қолже­тiмдi баға. Сондықтан, бас қаланы сапалы өнiммен қамтамасыз ету әлi де қауқарлы жұмысты қажет етедi.

Қолайлы қоймалар қажет

Зерттеулерге сүйенсек, елордалық­тарға жыл сайын 252,2 мың тонна сүт, 40,2 мың тонна ет өнiмдерi мен 101,1 миллион бiрлiк жұмыртқа  қажет.
2011 жылы тұрғындардың азық-түлiк тұтыну көрсеткiшi  4 мың тон­наны құраған.  Өнiм сақтаудың қажет көлемi бүгiнде 60 мың тоннаға дейiн жетiп отыр. Осыған байланысты қа­жет­тi өнiмдердi сақтау үшiн қойма­лардың санын көбейтiп, жылыжай жұмысы үйлестiрiлуде.
Қойма демекшi, дәл қазiр Астанада 11 көкөнiс қоймасын салу жобасы жүзеге асырылып жатыр.  Ал, жылдың соңына дейiн жалпы көлемi 31 тонна құрайтын iргелi 6 жоба аяқталуы тиiс.
Жоспар бойынша келесi жылы 35 мың тонна қосымша өнiм сақтау мүмкiндiгi бар 5 жоба аяқталады деп күтiлуде. Бұлардың бәрi уақтылы iске қосылса, астаналықтардың сұранысы толығымен орындалатыны даусыз.

Жылыжайлар жыл бойы өнiм бередi

Дамыған елдерде жылыжай өндiрiсi экономиканың басым бағыттарының бiрi болып табылады. Бұл өз кезегiнде халыққа сапалы өнiм ұсынып қана қой­май, маусымдық кезеңде тұтынушы­лардың сұранысын толығымен өтейдi.
«Астананың азық-түлiк белдеуi» бағдарламасы аясында дүниеге келген «АстанаЭкоСтандарт» ЖШС иелiгiн­дегi жылыжайда тәулiгiне 5 тонна өнiм шығарылады.  Айта кетерлiгi, соңғы уа­қытта  Астанада жылыжай өнiмдерiне сұраныс артқан, яғни 6,5 мың тоннаны құрайды екен.
Алдағы мамыр айында жалпы өнiм көлемi 1900 тоннаны құрайтын жылы­жай iске қосылады. Жылдың соңына қарай тағы екi жылыжай аяқталуға тиiс. Қала әкiмнiң айтуынша, 2013 жылы жалпы 1030 тонна өнiм шығаратын  екi жылыжай пайдалануға берiлмекшi. Жоғарыда аталған кешендердiң бар­лығы өз жұмысын бастағанда жылы­жай өнiмдерi маусымаралық сұра­ныстың 80 пайызын қанағаттандырады екен. Осылайша, азық-түлiк белдеуi аясында көкөнiс түрлерiн жыл бойы тұтынатын күн астаналықтар үшiн  алыс емес.

Жөнi бөлек жәрмеңкелер

«Астананың азық-түлiк белдеуi» бағдарламасы аясындағы айтулы шараның бiрi – жексенбiлiк жәр­мең­келер. Қаладағы азық-түлiк бағасын тұрақтандыру мақсатында Астана қаласы әкiмдiгiнiң ұйымдастыруымен өткiзiлетiн жәрмеңкелердiң басты ерек­шелiгi ауыл шаруашылығы өнiм­­дерiнiң сатылымға ешбiр  дел­далсыз, арзан бағамен түсетiн­дi­гiнде. Үш жылдан берi үздiксiз өт­кiзiлiп келе жатқан жәрмең­келердiң жақсы­лығы көп болып тұр. Бұнда азық-түлiк өнiмдерiн өзге сауда орында­рындағы бағадан 15-20 пайыз төмен бағамен  ұсынатын жәр­меңке биыл да басталды. Мә­селен, Абылайхан даңғылындағы «Әлем» дүкенi ал­дын­дағы алаңда, Сауран көше­сiн­дегi Есiл аудандық ХҚКО аума­ғында, Бөгенбай батыр даңғы­лын­дағы «Шапағат» комму­нал­дық база­рының автотұрақ ала­ңында жәр­меңкелер жыл бойы жал­ғасады.  Ал, айтулы мейрам күндерi аймақтан келетiн жәрмеңкелердiң жөнi өз алдына әңгiме.

Баға саясаты бақылауда

Қала базары мен сауда үйлерiнде азық-түлiктiң бағасы әр жерде түрлi бағамен сатылатыны рас. Кейбiр жерде ет, кейбiр жерде жарма, ал кейбiр жерде сүт өнiмдерi қымбат. Бұл – сауда саласындағы баға сая­сатын олардың меншiк иелерi жүр­гiзетiнiн бiлдiредi. Баға саясатына бақылау жүргiзуге мемлекеттiң заң­ды бекiтiлген өкiлеттiлiгi қарасты­рылмағандықтан, әкiмдiк  кәсiпкер­лермен арнайы келiсiмге келген. «Астана қаласында азық-түлiктi көтерме-бөлшек сатуды жүргiзетiн сауда мекемелерiнiң үстеме баға­сының мөлшерiн белгiлеу және қою туралы» меморандум  негiзiнде  сау­да нүктелерiндегi азық-түлiк тауар­ларына қойылған үстеме бағаларға мониторинг жүргiзу арқылы  баға­ның негiзсiз өсуiне жол бермеу көз­делген.
Ендi елордалықтар да әкiм сайты арқылы  азық-түлiк бағаларының өзгерiсiн бақылай алады. Мұнда апта сайын  елордаданың  22 сауда нүктесiндегi 27 тауар түрiнiң мони­торингi жариялануда.  Мәлiметтер тiкелей сауда сөрелерiнен арнайы алынады. Әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк бағасын осылайша қада­ғалау – халық үшiн қажеттiлiктен туындағаны анық.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

8 − 4 =