Беларусь: Сайлау мен шеру

0 18

Беларусьтегі жағдай ушығып, арты қиынға айналатын түрі бар. Өткен жексенбі күні Минск пен Беларусьтің өзге ірі қалаларында өткен кезекті наразылық шараларында жүздеген адам таяқ жеп, мыңдаған адам ұсталды. Оппозицияның кейбір жетекшілері қамалды. Айта кету керек, Беларусь оппозициясы жетекшілерінің көбі – әйелдер (олардың қатарында президенттік сайлауға түсіп, артынан елден шығарылған Светлана Тихановская, Координациялық кеңестің қазір қамауда отырған мүшелері Мария Колесникова мен Лилия Власова бар). Лукашенко болса ешбір елдің «сайлау қорытындысын мойындауына зәру еместігін» айтып, Литва, Польша елдерімен шекарасын жауып, Украинамен шекара қауіпсіздігін күшейтетінін мәлімдеді. Ол оппозициямен диалог орнатудан бас тартып отыр.

ТИХАНОВСКАЯ БҰҰ-ДАН КӨМЕК СҰРАДЫ

9 тамыздан бері құқық қорғау органдарының бейбіт шерушілерді аяусыз ұрып-соғып, жаппай қамаған әрекеті билікке деген нарызылықты одан әрі күшейтіп жіберді. Шеру толастайтын емес. Қарсылық акциясына қатысушылардың қаншасын жазалап, қамап жатса да олар алған беттерінен қайтар емес. Сондай-ақ қамаудан босап шыққан шерушілер ақпараттық құралдар арқылы өздерін полицияның түрмеде азаптағанын, қорлағанын айтып, денесіндегі көгергендері мен жарақаттарын көрсетті. Осыған байланысты 18 қыркүйекте Светлана Тихановская БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі кеңесінің шұғыл отырысына видеобайланыспен шығып, «республикадағы жағдайға халықаралық қауымдастық араласу қажет» дей келіп, Беларусьтегі адам құқығын бұзу фактілерін тіркеу үшін тексеру тобын жіберуді сұрады. «Билікпен диалог орнатуға дайын екенімізді және халқымызға әсер еткен дағдарысты бейбіт жолмен шешу амалдарын іздестіріп жатқанымыз­ды атап өткім келеді» деген Тихановская беларусь билігін наразыларға күш қолдануды тоқтатып, жаңадан әділ сайлау өткізуге шақырды.
Айта кету керек, АҚШ пен Еуроодақ белорус билігінің әрекетін сынап, дауыс ұрлау мен күш қолдануға қатысы бар шенеуніктерге санкция қолдану мәселесін қарастырып жатыр. Ресми Мәскеу Лукашенконы қолдап отырғаны белгілі. Тихановскаяның мәлімдемесіне орай БҰҰ-да Анаис Марин баяндама жасап, «Беларусьте наразылықты басу кезінде 10 мың адам қамалды, Еуропа құрлығында»темір шымылдықтың» қайта пайда болуына жол бермеуіміз керек» деген кезде Ресей және өзге елдерден келген делегация мүшелері оның сөзін бірнеше рет бөліп жіберген. Мысалы, кей деректе Беларусьтің Женевадағы елшісі Юрий Амбразевич «елдегі сайлау­ға кедергі жасау үшін ұйымды пайдалануға болмайды» деп қарсы дау айтқаны айтылады.

ӘЙЕЛДЕР «КӨТЕРІЛІСІ»

19 қыркүйекте Минскіде мыңдаған әйел шеруге шықты. Кейбір ресми емес мәліметтерге қарағанда, «Әділет маршына» 100 мыңнан астам адам қатысқан. Қала орталығына әскерилер мен әскери техника әкелінген. Жексенбі күні кешке қарай құқық қорғаушылар 200-ден астам адамның (басым бөлігі – Минскіде) ұсталғанын хабарлады. (Бір айта кетерлігі, Минскіде әйелдер шеруі 12 қыркүйек күні де өткен. Маска таққан полиция жасақтары ол күні де шерушілерді ұстап әкеткен).
Ішкі істер министрлігі ел бойынша шеруге қатысы бар деген 114 адамның ұсталғанын, оның 99-ы ел астанасының үлесінде екенін мәлімдеген. «Лукашенко отставкаға кетсін» деп талап еткен әйелдер «Ұмытпаймыз! Кешірмейміз» деп ұрандатып, наразылықтың белгісін білдіретін ақ-қызыл жолақты жалаулар мен баннерлерді ұстап жүрді. Қара киген полиция олардың қолын қайырып, жүздеген демонс­трантты ұстап әкетті» деп жазады тәуелсіз ақпарат көзі.
Кей мәліметтерге қарағанда демонстрация басталғаннан жарты сағат өткен соң, ОМОН халық жүретін жолға су айдап, 20 қыркүйекке жоспарланған ауқымды жексенбілік шеру айтарлықтай нәтиже бермегенге ұқсайды. Минскідегі «Известия» тілшісі анықтағандай, наразы­лық білдірушілер шерулерді қорғау үшін отрядтар құруға шешім қабылдаған. Дегенмен ақыр аяғында Минскідегі жексенбілік митинг қатысушыларды қамауға алумен аяқталған.1003 ПОЛИЦЕЙДІҢ ДЕРЕГІ ЖАРИЯЛАНЫП КЕТТІ

Беларусьтегі наразылық кезінде ақпарат таратудың басты көздерінің бірі болған Nexta Live Telegram каналы бейбіт шерулерді басып-жаншуға қатысы бар деген 1003 полицейдің жеке дерегін жариялады. Жарияланған гугл-кестеде полицейлердің аты-жөні, туған күні, қызмет орны, лауазымы, тіпті телефон нөмірлеріне дейін жазылған. Канал авторлары полицейлер туралы бұл маңызды ақпаратты биліктің Александр Лукашенконың отставкаға кетуін талап еткен 19 қыркүйектегі әйелдер шеруін басып-жаншыған әрекетіне қарымта жауап ретінде жариялағанын айтады.

ЛУКАШЕНКОНЫҢ ҰЛЫ МОТОШЕРУДЕ

18-19 қыркүйек күндері ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай Ресей және Беларусь қалаларында мотошеру ұйым­дастырылды. Беларусь президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі, Александр Лукашенконың үлкен ұлы Виктор елдегі митингтерден қорықпайтынын айтты. «Қараңыздаршы, қала қандай таза! Бірі демалуға, екіншісі балаларымен қыдыруға бара жатыр. Ал митинг ше? Олар өтіп жатыр. Біз одан қорыққан жоқпыз» деді ол.
Сарапшылар Минскідегі наразылықтар суық түскенше жалғасуы мүмкін деп болжайды. «Дәл қазір Беларусь қоғамы үшін жалғыз жол – талқылауды көшеден бастап, бірте-бірте саяси платформаға ауыстыру» дейді олар.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 + nine =