БЕКЗАТ ӨНЕРДІҢ БЕС КҮНДІК АНШЛАГЫ

0 128

Астана Опера

«Астана Операда» қойылған «Дон Кихот» балетін алты мыңнан аса көрермен тамашалады.

Бес күн бойы жүрген балеттің сериялы тұсаукесеріне қазақстандықтар ғана емес, сондай-ақ гастрольдегі атақты ұжымды арнайы көрмекке келген ТМД тұрғындары да тәнті болды.

«Ла Скала» театрының келуі «Астана Опера» театры­ның шығармашылық өмірі үшін де, миландық труппа үшін де шынымен тарихи оқиға болды. Шетелдік труппа қазақстандық әріптестерінің «Аққулы көл» балетінің репетициясында болып, классикалық балеттегі тамаша кәсіби деңгейіне және Қазақстанда ежелгі балеттің жақсы дәстүрі сақталғанына тәнті болды. «Ла Скала» театры балеттік труппасының жетекшісі Махар Вазиев, әсіресе, екі балет әртісі – Айгерім Бекетаева мен Еркін Рахматуллаевтың талантын ерекше атап өтті. Вазиев оларды Миланда Expo-2015 шеңберінде 30-31 қазанда «Ла Скала» сахнасында өтетін екі гала-концертте өнер көрсетуге шақырды. Әртістер «Аққулы көл» балетінің үшінші актісінен және «Ұйқыдағы ару» балетінен па-де-де орындайды.

«Ла Скала» театрының гастролі қазақстандық БАҚ назарынан да тыс қалған жоқ. Статистикаға сүйенсек, миландық труппаның келуі жайлы шамамен 200 ақпарат көзі хабар таратты және олардың барлығы дерлік «Дон Кихот» спектаклінің қойылуын биылғы жылдың жарқын оқиғаларының бірі деп бағалады.

Қорытындылай айтқанда, қос театр басшылығының бірлесіп атқарған жұмысы жемісін берді. Миландық театрдың гастролі барысында өткен келіссөздер нәтижесінде «Астана Опера» театрының «Ла Скалаға» жауапты гастрольмен бару мүмкіндігі талқыланып, әріптестік жөнінде меморандумға қол қойылды. Сөйтіп, күзге қарай «Ла Скала» театры мен «Астана Опера» Дж. Вердидің «Аида» (қоюшы режиссері Франко Дзеффирелли, Италия) операсын қоюды жоспарлап отыр.

Ал жұмыс пен спектакль арасындағы үзілісте екі жақты жақындастыра түсу және «Ла Скала» театрының дәстүріне құрмет көрсету мақсатында қонақтар «Астана Опера» ұжымымен футбол ойнады. Ойын соңында командалар футболкаларымен алмасып, театр директорлары доптарда қолтаңбаларын қалдырды, енді ол доптар аталған өнер ордалары мұражайының қорына тапсырылып, 2014 жылдың тамаша жазы жайлы естелік боп қалады.

Салтанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × four =