«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бекзат болмыс

0 193

Қамал алар қырық жасында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, ердің жасы елуде Мәдениет және ақпарат министрі болды. Бүгінгі асқаралы алпысында Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде биік мінберден елдің сөзін сөйлеп жүр. Әңгіме мемлекет және қоғам қайраткері, парасатты публицист Дархан Мыңбай туралы болып отыр.

01-102

Бала кезімізде ХХ ғасырдың әйгілі спортшыларының бірі, Ұлттық хоккей лигасының жарық жұлдызы Уэйн Гретцкимен бір күні туғанымызбен мақтанатынбыз. Журналистикаға келгеннен кейін осы салада 26 қаңтар күні туған кім бар екен деп іздей бастадық. Мұны анықтау қиынға соқпады, ғаламторда бәрі анық сайрап тұр. Сөйтіп «Намедни», «Ресей империясы» сынды тележобалар мен көптеген деректі фильмдердің авторы, белгілі ресейлік тележурналист Леонид Парфенов осы күні дүниеге келгенін білдік.

Ал Дархан Қамзабекұлы бізден тұп-тура 17 жас үлкен. Біз туған жылы Сайрам ауданындағы «Қайнарбұлақ» совхозының жұмысшысы екен. Ресми өмірбаянында осылай жазылып тұр. Әдетте белгілі тұлғалар биік белестерге шыққанда өмірбаянында осындай жолдарды көрсетпейді. Дархан аға өйткен жоқ, баяғы Аяз бидің үлгісін ұстанды. Бұл да қарапайым болмысынан шығар деп пайымдаймыз.

Қазақы қаймағы бұзылмаған ордалы оңтүстіктің тумасы журфакқа еңбек қазанында қайнап келіп түсті. Алматыдағы ­­С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде оқуын бастап, сол кездегі одақ астанасы Мәскеуден бір-ақ шықты. Үшінші курс­та М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіне ауысып, осы оқу орнын аяқтады.

Дархан Мыңбай журналистік еңбек жолын әйгілі ҚазТАГ-тан бастады. Осында редактор, аға редактор, аға бақылаушы, әдеби редактор болды. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің аға кеңесшісі, аға референті қызметін атқарды. Сол тұста еліміз тәуелсіздігін алғаны белгілі. Дархан Қамзабекұлы – азаттық таңындағы тарихи оқиғалардың, маңызды құжаттардың қабылдануының тікелей куәгері. Сондықтан Жоғарғы Кеңестің мұрагері Парламентке келгені заңды.

Жалпы баспасөзде де, тележурналистикада да, мемлекеттік қызметте де басшылық қызметтерді атқара жүріп, шыңдалды. «Өркен-Горизонт» республикалық газеттердің бас редакторы, «Қазақстан теледидары және радиосы» республикалық корпорация­сының вице-президенті болды.

«Туған жерге туың тік» демекші, ширек ғасыр бұрын туған елге оралып, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, облыс­тық Жастар ісі және ішкі саясат департаментінің бастығы, Түлкібас ауданының әкімі сынды қыз­мет сатыларынан өтті. Халықтың ортасында өсті, елде қайраткер болып қалыптасты. Өзі көпбалалы отбасында тәрбиеленген тұлға ешқашан ауылдан, туған жерден, қарапайым жұртшылықтан байланысын үзген емес, перзенттік парызын ұмытқан емес.

Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі кезінде мемлекеттік тілдегі құжат айналымының тәжірибеге ену жолдарын қарастырды. Нәтижесінде Президент Әкімшілігінде бес парақтан аз көлемдегі құжаттар қазақ тілінде хатталып, органдар арасындағы хат-хабар алмасу мемлекеттік тілге көшірілді. Ілеспе қағаздар тек қазақша жазылды. Оның алдында кеңсе ісін мемлекеттік тілге кезең-кезеңмен көшіру жөнінде бағдарламалар мен ережелер болғанымен, қазіргі құжат айналымының бірізділікке түсуі содан басталған. Бұл туралы қол астында жұмыс істеген жазушы Әділбек Ыбырайымұлының мақаласынан білдік.

2014 жылдың 2 шілдесінде елорда төрінде Қазақстан тарихының жылнамасын түзіп, ежелгі дәуірлерден бүгінгі күнге дейінгі құнды жәдігерлерді жинақтаған Ұлттық музей ашылды. Оның бой көтеруіне, материалдардың жинақталуына сол тұстағы Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай үлкен үлесін қос­ты. Музей ашылғанда да алғашқы директоры болып тағайындалды. Осы қызметті атқарғанда мәдени ошақтың танылуына, қыз­метінің насихатталуына қажыр-қайратын жұмсады.

Дархан Қамзабекұлының тікелей басшылығымен қолға алынған «Ұлттық музейге сый-тарту» шарасы туралы ғана айтайық. 2015 жылдың 18 наурызында басталған бұл шара өзімізге ерекше ұнаған еді. Үш жылдың ішінде музейге үш мыңнан астам құнды жәдігер қабылданды. Оларды белгілі тұлғалар мен олардың ұрпақтары тапсырды. Бұл шара елордада ғана емес, Алматы, Қызылорда, Шымкент, Ақтөбе, Қостанай, Орал, Петропавл, Тараз, Талдықорған қалаларында да ұйымдастырылды.

Музейден кейін Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – Президент Әкімшілігі КХА Хатшылығының меңгерушісі қызметіне келді. Одан Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Өткен жылғы сайлауда Мәжіліске қайтадан өтті. Міне, Парламент төрінен елдің сөзін сөйлеп жүргеніне төрт жылға жуықтады.

Басқасы басқа, қаламгерлердің депутат болғанын құп көреміз. Біз ғана емес, өзге салалардағы талай азаматтар бұл пікірімізге қосылады деп ойлаймыз. Кешегі Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбайұлы, Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Шаханов кезіндегі Парламентті аңсайтынымыз да өтірік емес. Бүгінгі Парламент палаталарында да қаламгерлер жоқ емес, соларға үміт артып отырмыз.

Шерағаңның шекпенінен шыққан азаматтардың бірі, рухани інісі Дархан Қамзабекұлы Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы да. Бірқатар заң жобаларының жұмыс тобына қатысып келе жатыр. Оған халықаралық қызметі мен аймақтағы жұмысты қосыңыздар. Депутат­тардың қызметі ұдайы халықтың назарында екені белгілі. Сын да көп жағдайда Парламент жаққа қарай бағытталып жатады. Әрине, депутаттардың мойнындағы жауапкершіліктің жүгі үлкен. Дархан Қамзабекұлы соның бәрінен абыроймен шығып келе жатыр.

Бір ғана депутаттық сауа­лына тоқталайық. Өткен жылдың 13 қазанында әріптесі Елнұр Бейсенбаев екеуі Премьер-минис­трдің орынбасары Ералы ­Тоғжановқа сауал жолдады. Онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әрбір отбасын сақтау – Отанымыздың берік болуының кепілі. Жас шаңырақ бақыт бесігіне айналуға тиіс» деген сөзін еске ала келе, қоғамдағы отбасы институтының әлсіреуі, некелесу санының азаюы мен ажырасу фактілерінің өсуі күрделі мәселеге айналғанын, әсіресе бұл проблема жастар арасында көбейіп бара жатқандығын айтып, бірнеше ұсыныс айтты.

Соның ішінде орта және жоғары оқу орындарында отбасы мәдениеті құндылықтарын сақтау­ға, қастерлеуге бағытталған озық тәжірибені оқып-үйрету және насихаттау бойынша арнайы факультативтер енгізуді қарастыруды, ажырасу жағдайында мүдделері мен құқықтары қорғалуы үшін отбасыдағы балалардың (10-18 жас) сот ісіне қатысуын қамтамасыз етуді, сот алдындағы отбасылық медиация сарапшыларының жұмысын ынталандыруды, ерлі-зайыптыларды татулас­тыру мерзімін барынша ұзартуды, «Отбасы банк» тарапынан көпбалалы отбасыларды ынталандыру және қолдау механизмін жетілдіруді, меншік түріне қарамастан барлық мекемелерде, ұйымдар мен ұжымдарда «Мерейлі отбасы» байқауын өткізуді, әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында отбасы құндылықтарын заманауи форматта дәріптейтін ақпаратты, видео-контентті көбейтуді ұсынды.

Ел мен ұлт болашағы тікелей отбасы жағдайына барып тірелетіні шын болса, бұл – сөзсіз қазіргі қоғамдағы маңызды мәселе. Премьер-министрдің орынбасары берілген жауабында отбасыларды қолдау бағытындағы жағдайды баяндай келе, депутаттық сауалда көтерілген мәселелер ескерілетінін жеткізді.

Бір қызығы, Дархан Қамзабекұлының осы уақытқа дейін бірде-бір кітабы шықпапты. Бұл да жарнамаға әуес еместігінің, қызыл сөзден гөрі істің адамы екендігінің белгісі шығар. Депутат елордада өтетін мәдени-әдеби шараларды қалдырмауға тырысады. Әсіресе, театр­да жиі көреміз. ­Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының ­«Айман-Шолпан» музыкалық комедиясында кездес­кенде амандасып, туған күніміз бір екенін айтқанбыз. Естелікке суретке де түстік.

Әкесі, Ұлы Отан соғысының ардагері Қамзабек Мықтыбекұлының «Қазанат» атты кітабы бар. Өсіп-өнген осы әулет туралы «Он бес үй» деген тәрбиелік мәні зор ерекше жинақ көзімізге түсті. Дархан ағамыз да өмірінің басты кітабы болатын туындыны дайындап жатқан болар.

Шерхан Мұртаза алпысқа толғанда онымен бір күні туған Оралхан Бөкей екі-ақ абзац сөз жазды. Соны «Meн кейде туған айымыз бен күніміздің де (28 қыркүйек) дәл келуін ырымдап, жақсылықтың нышанына балаймын. Міне, сіз 60 деген асуға шықтыңыз, төменге қараңызшы, аға, мен көрінем бе екен?» деп түйіндеді. Дархан Қамзабекұлына да осы сөзді айтқым келіп отыр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды