«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бейжіңнен кейін бетбұрыс керек

0 38

Жексенбі күні Қытай астанасы Бейжіңде өткен қысқы Олимпиада ойындары мәресіне жетті. Өкінішке қарай, төрт жылда бір рет өтетін дүбірлі жарыстан Қазақстан спортшылары жүлдесіз қайтты.

1645348159

Алдымен, жүлде алып мерейі өскен елдердің нәтижесіне көз жүгіртелік. Бейжің ойындарының жалпы командалық есебінде Норвегия құрамасы бірінші орынға ие болды. Бұл елдің спортшылары 16 алтын, 8 күміс, 9 қола медаль еншіледі. Екінші орындағы Германия спортшылары 12 алтын, 10 күміс және 5 қола медаль жеңіп алды. Ал алаң иелері, яғни Қытай құрамасы 9 алтын, 4 күміс және 2 қола жүлдеге қол созды. Үздік төрттікті 4 алтын медаль алған АҚШ спортшылары түгендеді.

Ал енді өзімізге жақын постсоветтік елдерге келер болсақ, Ресей олимпиада комитеті командасы болып қатысқан (допинг дауына байланысты Ресей құрамасы тусыз, әнұрансыз қатысты) Ресей спортшылары бұл ойындарда жалпы медаль саны бойынша рекорд орнатты. Ресейлік спортшылар 32 медаль жеңіп алды. Атап айтқанда, 6 алтын, 12 күміс және 16 қола медаль иеленді. Беларусь құрамасы 2 күміс, Украина құрамасы 1 күміс, Латвия және Эстония бір-бір қола жүлде алды.

Еске алсақ, 2018 жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчхань қаласында өткен Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы бір қола медаль алғанда «қол қусырып қайтпадық» деп кәдімгідей қуанған едік. Сол бір жүлденің өзімен жалпы командалық 28-ші орынға ілігіп, жүлдегерлер қатарынан көрінген едік. Одан кейінгі Сочи ойындарында да бір қолаға ие болдық. Бұл жолы да жүлдесі бар елдердің қатарындамыз деп өзімізді жұбаттық. Осы екі арада сегіз жыл сырғып өтті, яғни енді қоламен қоса тағы бір медаль аламыз ба деп шынайы үміттенгенімізді несіне жасырайық. Алайда биылғы жағдайымыз тіптен мүшкіл болып кетті…. Олай дейтініміз, Қазақстан спортшыларының бұл жолғы көрсеткіштері жыл он екі ай жаз болатын, үнемі жазғы климат сақталатын Жаңа Зеландия және Австралия елдерінен де қалып қойды. Айтар болсақ, Жаңа Зеландия спортшылары Бейжіңде 2 алтын және 1 күміс, ал Австралия 1 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль иеленді.

Жалпы, Қазақстанның жағдайы қысқы спорт түрлерін дамытуға жарайтыны сөзсіз. Біріншіден, еліміздің солтүстік-шығыс аймағында алты ай қыс болатыны анық. Табиғи қарың да, мұзың да жетіп артылады. Оның үстіне Алматыда қысқы спорт түрлеріне арналып салынған спорт кешендері жетіп артылады. Ашық та, жабық та нысандар баршылық. Бірқатар кешендеріміз халықаралық стандарттарға сай жасалған. Дегенмен, спорттық көрсеткіштеріміз төмендемесе, өскен жоқ. Осы орайда қалың жанкүйер көкейінде «неге бұлай болды» деген сұрақтың туындайтыны да заңдылық.

Олимпиада ойындарына дейін Қазақстан спортшыларының дайындығы жақсы екені, қанша жолдаманың алынғаны, қай спорт түрлерінен жүлдеге қол жеткізуіміз туралы айтуындай айтылды. Бірақ іс жүзінде нәтиже көңіл көншітпеді. Шынымызды айтсақ, бірінші кезекте тәжірибелі могулылар Юлия Галышева мен Дмитрий Рейхардқа, шорт-трекшілеріміз Абзал Әжіғалиев пен Әділ ­Ғалиахметовке, конькиші Денис Кузинге үлкен үмітпен қараған едік. Алайда бұл спортшыларымыздың ішінен тек Әжіғалиев қана жоғары көрсеткішке қол жеткізді деп айтуға болады. Оның өзінде төртінші орынды айтып отырмыз. Ал басқа спортшыларымыз бәсекеге кіре алмады. Көпшілігі жарыстың іріктеу сындарынан-ақ сүрініп жатты. Ал спортшыларымыздың жекелей көрсеткіштері бойынша мамандар айтып, оның салдары мен себептері туралы қорытынды жасайтын шығар. Ал қалың жұртшылық қандай көрсеткішті болса да нәтижесіне қарап айтады. Бұл ретте Бейжің ойындары Қазақстанның қысқы спортында тоқырау болып тұрғанын айтпасқа болмайды.

Бір ғана мысал келтірер болсақ, Қазақстанның солтүстік-шығыс аймағындай ғана болатын, климаты жағынан ұқсастығы бар Норвегия елінің спортшылары неге әрқашан үздіктер қатарынан көрінеді деген сауалға жауап іздеп көрелік. Мәселен, Бейжің ойындарында фристайлдан жеңімпаз атанған норвегиялық Бирг Руд бір жасынан бастап шаңғы тебе бастаған. Сондай-ақ биатлон жарысында екі алтын, бір күміс және бір қола медаль иеленген Тарьей Бе да өзінің бір сұхбатында «тәй-тәй» басқан сәтімнен шаңғы теуіп өстім депті. Ал Бейжіңдегі шаңғышылар жарыстарында екі алтын медаль еншілеген Йохханес Клебо «норвегтер өмірге шаңғы киіп келеді» деп қалжыңдайды екен. Жалпы, бүгінгі таңда Норвегияда спортпен айналысатын балалар мен жастардың үлесі 93 пайыз болып отыр. Міне, осы мысалдардың өзінен спортқа бала кезден мән беру керектігін аңғаруға болады. Сондай-ақ Норвегияда спорт саласына мемлекеттен көп қаражат та бөліне қоймайды екен. Мәселен, 2018 жылы 18,6 миллион доллар бөлініпті. Дегенмен, бұл шағын мемлекеттің спорттағы жетістіктері өте жоғары болып тұр.

Осы орайда Қазақстанның атақты спортшысы Владимир Смирнов қазақстандық спортшылардың Бейжіңдегі көрсеткіштері туралы ойын былайша ортаға салды.

«Әрине, біздің құраманың Бейжіңде бірде-бір медаль жеңіп алмағаны өте өкінішті. Бірақ нәтиженің дәл осылай болатыны әу баста белгілі болған еді. Өйткені шорт-трек пен могулды қоспағанда, өзге спорт түріндегі өкілдеріміздің Әлем кубоктары мен халықаралық жарыстарда үздіктер қатарынан көрінбеуі Олимпиадада жүлде болмайтынын меңзегендей болды. Коньки жарысында аздаған үміт болды. Ал қалған спортшылардың бар мақсаты – Олимпия ойындарына қатысу болған сияқты. Қазақстандық делегация негізгі міндетті орындады деп ойлаймын. Яғни көптеген спорт түрінен жолдама ұтып алды. Енді спорт шенеуніктері келесі Олимпиадаларда жүлде алу үшін бүгіннен бастап Қазақстандағы дарынды жастарды іздеп, соларға бар жағдайды жасауы керек. Себебі тасада қалған таланттар өздігінен көтеріле алмайды. Спортқа инвестиция құю керек, жаңа спорт түрлеріне көңіл бөлген жөн, халықты көбірек тарту қажет. Дәл осындай еңбексіз бізде ешқашан медальға үміт болмайды» деді қысқы Олимпада ойындарынан бір өзі бір алтын, екі күміс және бір қола медаль жеңіп алған даңқты спортшымыз. Сонымен қатар В.Смирнов «Қазақстанның көп бөлігінде қыс мезгілі алты айға дейін созылады. Былайша айтқанда, қысқы спортпен айналысуға толық мүмкіндік бар. Бірақ спортымызда құрылымдық жүйе дұрыс жұмыс істемейді. Спортта жетістікке жету үшін алдымен жақсылап талдау жасалу керек. Яғни қай облыста қандай спорт түрін дамытуға болады деген сияқты. Содан соң жүйелі түрде орындалатын жақсы бағдарлама қажет. Елімізде бірінші кезекте балалар, жасөспірімдер, студенттер спортын дамыту керек. Алайда бұл үшін арнайы бағдарлама керек екенін тағы қайталап айтамын. Бұл бағдарламаны құрастырып шығатын талантты адамдарды тарту керек және оны енгізу өте маңызды» деп атап айтты.

 ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жақын арада Бейжің ойындарының қорытындысы бойынша кеңес өткізетін болып отыр. Осы жиында қысқы спорт түрлерін дамытудың құрылымдық жүйелері қаралып, бірқатар кадрлық өзгерістер де орын алатын секілді.

Иә, қазақ жанкүйерінің көңілін көншітпеген Бейжің ойындарының нәтижелері әлі талай сыналар, талай жиындар да өтер. Бірақ, бір белгілі нәрсе еліміздің қысқы спортын дамытуға шұғыл бетбұрыс керек, өйтпесек енді төрт жылдан кейін Италияның Милан қаласында өтетін ХХVІІ қысқы Олимпиада ойындарында да осы қалпымызда қалып қоюымыз әбден мүмкін.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды