БЕЙСЕНБАЙДЫҢ БАҚЫТЫ

0 129

ERA_5884

Бүгінгі Астанада – кешегі Ақмолада бір кездері ауыл шаруашылығы техникасын шығарып, қарқынды жұмыс істеген «Қазақсельмаш» зауыты болды. Бұл кәсіпорын өз өнімдерін алып Одақ ішінде ғана таратпай, Болгария, Чехословакия, Югославия, Моңғолия сынды мемлекеттерге жіберіп отырды. Қала тұрғындарының үлкен бөлігі аталған зауытта еңбек етті.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдары жасы он сегізге енді ғана толып, Алтын атты бойжеткенмен шаңырақ құрып үлгерген Бейсенбай Таушев те осы кәсіпорынға жұмысқа келді. «Қол қусырып, бос жата алмадым. Үйленгеннен кейін жауапкершілікті сезіне бастадым. Отбасын асырау керек дегендей. Зауытта біз негізінен тұқым себетін машиналарды жасадық» дейді өзі сол жылдарды еске алып.

Осы зауытта бақандай он жыл жұмыс істеді. Өндірістен қол үзбей дәнекерлеуші курсын да бітіріп алды. Жастығына қарамай, ұжым ішінде сыйлы азаматқа айналды. Басшылардың да назарына жақсы жағынан ілікті. Оған дәлел – көптеген Алғыс хаттары және суретінің Құрмет тақтасына ілінуі. Екі жыл цех комсоргы болғаны да бар.

Мұның бәрі шаңырақта алған тәрбиеден, майдангер әке өнегесінен болар. Әкесі Қасиден 1938 жылы Баянауылдан Ақмолаға қоныс аударып, соғыс өрті бұрқ ете қалғанда осы жерден майданға шақырылған.

«Мәскеуді жаудан қазақтар қорғап қалды» деп жатамыз ғой, солардың арасында кейіпкеріміздің әкесі де бар еді. Мәскеу түбіндегі жаумен кескілескен шайқастарда ауыр жараланып, елге қайтарылған Қасиден Таушев Ақмолаға оралған соң жылқы зауытында еңбектенді. Былтыр есімі «Ұлы Отан соғысының ардагерлері» кітабына енгізілді.

Осындай әкеден өнеге алған Бейсенбай 1962 жылы Целиноград қаласында дүниеге келді. Сондықтан, оны «нағыз астаналық» деп атауға болады. Балалық шағы Есілдің суына шомылумен, жалаң аяқ жар кешумен өтті.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдардағы дағдарыс елге ауыр тиді. Көптеген кәсіпорындар жабылып, өзгелері жарым-жартылай жұмыс істеді. Бейсенбай еңбек еткен зауыт та соның кебін киді. Жалақы дұрыс төленбей, көптеген жұмысшыларынан айырылды. Ол кезде Бейсенбай мен Алтын Ермек, Серік, Берік атты үш ұлды өсіріп жатқан. Жалақының мардымсыздығынан өзгелері секілді осы шаңырақтың иесі де үйреншікті жұмысын тастауға мәжбүр болып, «Целинэнерго» мекемесіне ауысты. «Ол жылдары аудандарды аралап, үнемі іссапарда жүретінбіз. Мен құрылыс учаскесінде еңбектендім» дейді кейіпкеріміз.

Құрылыс жұмыстарына сол уақытта шыңдала бастады. «Целинэнергодан» кейін бірнеше кәсіпорында жүріп, нәпақа тапты. Солардың бірі – «Астана-Теплотранзит» АҚ.

Қазір «Стройконтракт» ЖШС-нде дәнекерлеушілер бригадирі. Бұл компания аты айтып тұрғандай, құрылыс жұмыстарымен айналысады. Қазір биыл тапсырылуға жоспарланған маңызды нысан – Жекпе-жек сарайын салуда. Дәл Конституция мерекесі күні 52 жасқа толатын, үш ұлынан да немере көріп отырған Бейсенбай да оның салтанатпен бой көтеріп, Астана ажарын айшықтай түсуіне өз үлесін қосуда.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − ten =