Бейсекова биігі

Елордада – есімі

0 151

Елорданың үлкен көшелерінің бірі ҚазКСР халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қазақ опера өнерінің алғашқы қарлығашы Шабал Бейсекованың есімімен аталады. Бұл көше Конституция көшесінен басталып, Ш.Айтматов көшесінде аяқталады. Көшенің жалпы ұзындығы – 5600 метр.

БАЛАЛЫҚ ШАҒЫ АҚМОЛАДА ӨТКЕН

Өкінішке қарай, қазір көп адам Бейсекованың кім болғанын білмейді. Тіпті, Шабал апамызды ер-азамат деп ойлағандарды да кездес­тіргенбіз. Бұл әйгілі әнші туралы кейінгі кезде көп айтылмауынан болуы керек. Рас, насихат жетіспей жатыр. Осыдан үш жыл бұрын әншінің ғасырлық мерейтойы да елеусіз қалды.
Шабал Бейсекова ресми құжат бойынша 1917 жылдың 1 қарашасында Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында дүниеге келді. Бірақ әншінің жары, өнерде де, өмірде де қатар жүрген ҚазКСР халық әртісі Кәукен Кенжетаев қосағының туған жылы ретінде 1919 жылды көрсетіп кетті. Оның дерегінше, Шабал апамыз 1936 жылы қазақ мемлекеттік музыка театрына қабылданады. Сол жылдың 17-25 мамырында Мәскеуде қазақ өнері мен мәдениетінің алғашқы онкүндігі өткені белгілі. «Шабал тым жас болғандықтан театр басшылары мұның жасын ұлғайтыңқырап, 1917 жылғы деп төлқұжат әпереді. Сөйтіп осы жыл Шабалдың туған жылы болып қала береді. Ал кәсіподақ билетінде туған жылы – 1919 жыл» деп жазады өзінің естелігінде Кәукен ағамыз.
Өнертанушы Амангелді Мұқан әншінің балалық шағы Ақмола қаласында өтіп, осы жерде мектепке барғаны жайында жазады. Оның себебі, Шабал апамыздың әкесі Бейсек Қаратаев өз заманының оқыған, сауатты адамдарының бірі болыпты. Ақмолада алдымен мұғалім, кейіннен сот, прокурор қызметін атқарған. Отыз жетінің ойраны бұл кісіні де айналып өтпеген. Өзінің қызметі бар, оның үстіне Сәкен Сейфуллинмен достығы, пікірлестігі, ниеттестігі үшін Бейсек атамызды «халық жауы» ретінде ұстап әкетіп, ату жазасына кескен. Содан 1957 жылы ғана ақтаған.
Сол уақыт «халық жауының» отбасына да оңай тимегені, әйелі, бала-шағасы, туған-туысқандары да қудалауға ұшырағаны тарихтан аян. Бір қызығы, Шабал Бейсекованың өмірбаянынан мұндайды таба алмадық. Қызының бойынан өнер ұшқынын байқаған анасы Айнакүл оны Алматыға музыка училищесіне (қазіргі П.Чайковский атындағы музыка колледжі) оқуға жібереді. Әнші осы оқу орнынан кейін қазақ театрына қабылданады. «Жаудың» ұрпағы ретінде қуғын-сүргіннен өзінің өнері, өнеріне жанашыр жандардың қамқорлығы сақтап қалған секілді.

КЕНЖЕТАЙ АҚСАҚАЛДЫҢ КЕСІМІ

Қызы Баян Кенжетаеваның айтуынша, Шабал апамызды алғаш рет сахнаға академик Ахмет Жұбанов қолынан жетектеп алып шыққан. Кейіннен Кәукен Кенжетаев, Бекен Жылысбаев және Мүсілім Алтынбековпен бірге Мәскеу консерватория­сына оқуға аттандырған. Кәукен ағамызбен арадағы махаббат одақ астанасында басталған секілді. Екеуі каникулға Алматыға оралғанда ағамыз апамызды үйіне ертіп апарып, әкесі Кенжетай мен анасымен таныстырған. Ибалы, инабатты қыз үлкен кісілерге ұнаған. Екеуінің отбасы болғандарының хикаясы да қызық.
Мәскеу консерватория­сының соңғы курсында оқып жүргендерінде Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, Кәукен ағамыз майданға аттанады. Шабал Алматыға қайтып келіп, сол жылы ұлы ақын аты берілген Абай атындағы опера және балет театрында өнер жолын жалғастырады. Бір күні Кенжетай ақсақал келіп, болашақ келінін үйіне алып кетеді. Арада бес жыл өтеді. Майданнан шаңырағына оралған Кәукеннің алдынан Шабал шығады.
«Сол кезде әкем маған: «Балам, үйленетін уақытың келді» деді. Ойланып қалдым. Өзім де 31 жасқа келіп қалған едім. «Шабалды аласың, осыдан артық маған келін керек емес» деп әкем кесіп айтады. Осыған көніп, Шабалмен шаңырақ құрдық» дейді өзінің естелігінің бірінде Кәукен Кенжетаев.

КҮЛӘШТІҢ «КІШКЕНТАЙЫ»

Өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан, қазақ опера өнерінің негізі қаланған уақыттан 24 жасында КСРО халық әртісі атанған Күләш Байсейітова сахнада жарқырағаны белгілі. Шабал Бейсекова біраз уақыт соның дублері болды. Мәселен, Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсында Күләш негізгі құрамда бас кейіпкердің партиясын айтса, Шабал екінші құрамда Жібекті сомдады. Бірақ өнертанушылар екеуінің арасында бәсекелестік болмағаны жайлы айтады.
«Күләшпен дауыстары бір тектес лирикалы-колоратуралық сопрано болуынан, тұрақты екеуара бір партияда өнер көрсетуге тиіс болды. Қатар келген сахнадағы шығармашылық ғұмыр жас әншінің өзіндік келбетіне із тастағанын айтып өткен абзал. Бірақ әнші Күләш тарапынан Шабал ешқандай қысым көрмеген, керісінше, Күләш Шабалды қасынан тастамай, ылғи да желеп-жебеп, концерттерге шығарып қамқор болған. «Кішкентайым» деп еркелетіп, ерекше сыйлаған» деп жазады өнертанушы Амангелді Мұқан.
Қазақ радиосының алтын қорындағы хабардың бірінен Шабал Бейсекованың естелігін қағазға түсірген журналист Алтын Иманбаева: «Шабал: «Мен театрға келгенде құшақ жайып қарсы алған Күләш еді. Бұл кісі мен үшін аса қадірлі жан. «Қыз Жібекте» қара сөз айту қиын. Сонда Күләш апай: «Кішкентай, бері келші, дауысыңды көтеріп сөйлеші, реплика болғанда дауысың естілмейді. Залдың артқы жағында құлағы шала еститін адам отыр деп ойла да қаттырақ сөйле» дейтін. Келесі спектакльде бәрі ойдағыдай болғанда «бәрі дұрыс болды» деп қуанатын» деп жазады.
Ал Кәукен Кенжетаев: «Шабал қазақтың екінші Күләші атанды. Бұлай деу – халықтың оның талантының Күләшқа пара-пар екендігін мойындағаны еді. Ол Күләштің лайықты шәкірті, әрі өнерін жалғастырушысы болды» дейді.
Расымен, Күләштан кейін басты партияларды Шабал орындады. Бірақ соның ішінде жұлдызын жандырғаны М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсындағы Сараның партиясы болды. Ақын қыздың бейнесін сахнаға сәтті алып шыққан әнші осы рөлі үшін 1949 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығын иеленді.

ӨНЕРДЕГІ 45 ЖЫЛ

Жалпы Шабал Бейсекованың өнер жолы 45 жылға созылды. Опера театрының сахнасына ол дәл осыншама уақытын арнады. Соның ішінде жоғарыда аталған туындылармен қатар А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абайында» – Ажар, З.Палиашвилидің «Даисиінде» – Маро, Н.Жигановтың «Алтыншашында» – Алтыншаш, С.Мұхамеджановтың «Айсұлуында» – Айсұлу, Е.Брусиловскийдің «Амангелдісінде» – Бану, «Гвардия алғасында» – Айна, Қ.Қожамияровтың «Назугумында» – Назугум, Ш. Гуноның «Ромео мен Джульеттасында» – Джульетта, Ж.Бизенің «Карменінде» – Микаэла, П.Чайковскийдің «Евгений Онегинінде» Татьяна болып шырқады. «Қыз Жібек» операсының мыңыншы қойылымында Жібектің партиясын айтты.
Күләштан алған өнегені өзінен кейінгі буын әншілерге көрсетіп, өнерге баулыды. «Мен театрға келіп, Жібек партиясын орындағанда, Кәукен аға маған постановкасын жасап берді, Шабал Бейсекова жеңгем болып ойнады. Әлі есімде апам «Сен қобалжыма, не істейтінін мен өзім көрсетіп тұрамын» дейтін. Сөйтіп, сахнаға шыққанымда «мына жерде отырасың, мына жерде күлесің, мына жерде жылайсың, мына жерде құлайсың» деп үйрететін» дейді КСРО халық әртісі, КСРО мен Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бибігүл Төлегенова.
ҰЛТТЫҚ МУЗЫКАДАҒЫ ҮЛЕСІ

Шабал Бейсекова опера өнерімен шектелмей, қазақтың халық әндері мен халық композиторларының туындыларын, өз заманындағы композиторлардың шығармаларын насихаттауға елеулі үлес қосты. Қазақ радио­сының алтын қорына оның орындауында «Ахау Керім», «Ақ Дариға», «Баянауыл», «Бұлбұл», «Бір бала» сынды халық әндері, Латиф Хамидидің «Қазақ вальсі», Нұрғиса Тілендиевтің «Көктем таңы», Манарбек Ержановтың «Қуанамын», Садық Кәрімбаевтың «Ақтамақ» секілді шығармалары жазылып алынды.
Кәукен Кенжетаев екеуі елу жыл бірге өмір сүріп, Ғайни және Баян атты перзенттерін тәрбиелеп өсірді. Әсел атты жиен-немерелерін бауырына басты. Әсел Кенжетаева да өнерден алыс кетпей, қылқаламды өзіне серік етіп келе жатыр.
Шабал Бейсекова 1997 жылдың мамыр айында өмірден өтті. Бейсек Қаратаевтың отбасындағы жеті перзенттің тұңғышы болған оның туған сіңлісі, осы күндері тоқсан жастан асып отырған Сапура апа Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Соны естіген соң, апамызбен сөйлесуге ниет танытып, келіні Аяужанға хабарласқан едік, әженің әңгімеге зауқы жоқ екенін жеткізді. Кейуананың журналистерге өкпесі бар болып шықты. «Талай журналиске сұхбат бердім. Ешқайсысы шығармады» деген сол ренішін келіні арқылы айтып жіберді.
Рас, Шабал апамыз туралы мәліметтер қазір там-тұмдап қана кездеседі. Біздің міндетіміз, бұл олқылықтың орнын кішкене болса да толтыру болды. Бір қуантарлығы, Алматыда жыл сайын болмаса да, ара-тұра Кәукен Кенжетаев пен Шабал Бейсекова атындағы халықаралық өнер байқауы өтіп тұрады. Астанамызда әйгілі әнші атына кең көше берілгенін мақаламыздың басында айттық. Ендеше, Бейсекова биігі аласармайды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

ten + five =