Бейсекбаев көшесі

0 45

Биыл Ресей батыры, Қазақстанның Халық қаһарманы Бақтыораз Бейсекбаевтың туғанына 100 жыл толады. Елордада елу бес жылдан кейін ерлігі мойындалған батыр атында көше бар. Бұл көше Жәнібек Тархан көшесінен басталып, А.Иманов, Кенесары, С.Сейфуллин көшелерімен, Абай даңғылымен қиылысып, Ш.Жиенқұлова көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 1839,7 м.Бейсекбаевқа бас қаладан көше берілуіне осы жылы отыз жылдық белесіне шығатын «Астана ақшамы» газеті үлкен үлес қосты. 1998 жылы ел жүрегі – елорда шежіресіне айналған басылымда сериялық мақалалар жарияланды. Нәтижесінде 1999 жылдың шілдесінде Жуковский көшесі Б.Бейсекбаев көшесі болып қайта аталды.
Кеңес заманында Николай
Гас­теллоның есімі дәріптелді. 1941 жылдың 26 маусымында, яғни фашистер басқыншылығына қарсы соғыстың бесінші күні Беларусь жерінің Радошковичи кентінің маңында жасалған ерлік Гастелло командирі болған экипаждың атына жазылып кетті. Арада он жыл өткен соң, экипаж мүшелерін қайта жерлеу кезінде шындық анықталса да, бұл өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарына дейін жасырын ұсталды. Анығында, Александр Маслов бастаған экипаж Смоленск маңындағы Боровской аэродромынан Гастелло экипажымен қатар көкке көтерілді. Жаудың танк колоннасына жанып жатқан ұшақты бағыттаған Гастелло емес, Маслов болып шықты. Бұған Гастелло экипажы делініп келген сүйектерді қазып алғанда табылған Маслов пен оның экипажындағы атқыш-байланысшы Григорий Реутовке тиесілі заттар айғақ ретінде ұсынылды. Атқыш Бақтыораз Бейсекбаев дәл осы экипаж құрамында болды. Алайда Кеңес Одағы тарап кеткеннен кейін барып қана әділдік орнына келді.
1996 жылы Ресейдің сол кездегі президенті Борис Ельциннің пәрменімен Александр Масловтың экипажы Ресей батыры атанды. 1998 жылдың 6 мамырында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Бақтыораз Бейсек­баевқа Қазақстанның Халық қаһарманы атағы берілді.
1998 жылдың қысында «Астана ақшамы» газетінде басылымның аға тілшісі Бекен Қайратұлының «Бар қазақтың батыры» атты мақаласы жарық көрді. Онда автор елордадағы Гастелло көшесін Бақтыораз Бейсекбаевтың атына ауыстыруды ұсынды.
«Мақалама белгілі ғалымдар Дихан Қамзабекұлы мен Серік Негимов үн қосты. Одан кейін сол кездегі Парламент депутаттары Әкім Ысқақ, Мырзагелді Кемел және Арғынбай Бекбосын қолдады. Сол жылы газеттің №13, 20, 23, 29 сандарында Бақтыораз Бейсекбаев туралы сериялық мақалалар жарық көрді. Материалдың бәрін жинап алып, қала әкімдігіне бардым. Ол кезде әкімдікте арнайы басқарма болмады, тіл секторы енді ғана құрылып жатты. Оның бастығы болып Қонысбай Әбілов тағайындалды. Бұл кісі де маған қолдау көрсетті. Сол уақытта Бақтыораз Бейсекбаевтың аты дүркіреп тұрған. «Егемен Қазақстан» газетінде батыр туралы Мейрамбек Төлепбергеннің мақаласы жарық көрді. «Атамұра» корпорациясы батырға арнап айтыс өткізді. Артынша корпорация президенті Мұхтар Құл-Мұхаммед Парламент Сенатының депутаты, Сенаттың Заң шығарушылық және сот-құқықтық реформалар жөніндегі комитет төрағасы бола қалды. Сол кісіге де хат жібердім. Соның да әсері болған шығар, әйтеуір ұсынысым өтіп кетті. Бірақ Гастелло көшесі өзгерген жоқ, Бақтыораз Бейсекбаевтың аты Жуковский көшесіне берілді» дейді Б.Қайратұлы.
Бір атап өтерлігі, Бейсекбаевқа елордадан көше берілгені жайлы да алғаш «Астана ақшамы» газеті сүйіншіледі. Бұл туралы шағын мақаланы Амангелді Қияс жазды.
21 жасында қыршын кеткен Бақтыораз Бейсекбаев 1920 жылы Алматы облысы Балқаш ауданында туған. Жастайынан жетім қалып, Іле ауданында балалар үйінде өсті. Артынша ағайындарымен табысты. Жоғарыда айтылғандай, 1941 жылдың 26 маусымында ерлікпен қаза тапты. Қазіргі кезде елордадағы көшемен қатар оның атына туған жерінде мектептің аты беріліп, Бақанаста еңселі ескерткіші орнатылды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды