Бейсауат жүргендерге айыппұл салынады

0 17

28 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында көшеде бейсауат жүрген адамдарды полиция тоқтатып, не істеп жүргенін, қайда баратынын сұрайды. Тұрғындар мұндай жағдайға дайын болуы тиіс. Тек азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алуға немесе жұмысқа баруға ғана рұқсат етіледі. Кеше Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев екі қала тұрғындарының қозғалысы қалай шектелетінін түсіндіріп берді.«Қоғамдық көлік, такси қызметі және азық-түлік тасуға қатысты қатаң санитарлық нормаларды сақтауды қарастыратын ережелер бекітілді. Ал көшеге шыққан азаматтар полиция қызметкерлерінің өздерін тоқтатып, сұрақ-жауап алатындығына дайын болуы керек. Сондықтан кез келген азаматта басшысының немесе кадр бөлімі қызметкерінің телефоны болғаны жөн. Бұл олардың ол адамның жұмысқа шыққанын растауы үшін керек» деді Д.Абаев.
Министр түн ортасынан бастап үйден шығуға қатаң шектеулер қолданыла бастайтынын еске салды. Тек азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алуға немесе жұмысқа баруға ғана рұқсат етіледі. «Полиция қызметкерлері азаматтардың дүкендер мен дәріханалардан азық-түлік, дәрі сатып алып, содан кейін үйлеріне беттегенін бақылауға құқылы. Қаладағы парктер мен скверлер күзетіледі. Азаматтардың үй жануарларын аулада қыдыртуға құқы бар» деді ол.
Алайда жұрт басқа себептермен үйінен шығатын болса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Дәурен Абаев бұл туралы: «Әуелі ескерту жасалады, содан соң 26,5 мың теңге көлемінде айыппұл салынады немесе 15 тәулікке қамалады. Полиция қызметкерлері әкімшілік хаттама толтырады, ал іс сотта қаралады. Төтенше жағдай кезінде заңдық талаптарға және билік өкіліне бағынбағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған» деп сөзін түйіндеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 − three =