Бейқам болсақ ауру азаймайды

0 61

Вирус жоқ деп сенбегендердің: «Ауырған танысың бар ма, көрсетші?!» деп мысқылдайтын кезі артта қалды. Қазір қауіпті дерт қаһарына мініп, елдегі жағдай ушыққанда күлуге шама келмей тіпті: «Ауырмаған адам қалды ма?» дейтін күйге жеттік. Иә, халықтың бәрі бірдей COVID-19 инфекциясының нақ өзі болмаса да, соған жақын белгілері бар өкпе қабынуының түрлі деңгейінде ауырып жатыр.

Алексей Цой,
ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Халықтың сұранысы негізінен дене қызуын түсіретін препараттарға көбейген. Осы қажеттілікті ескеріп, дәрі-дәрмекті сатып алу мен жеткізу ережелерін қайта қарау туралы шешім қабылданды. Отандық өндірушілер дене қызуын түсіретін препараттардың ірі партиясын жеткізді. Аптаның аяғына дейін 70 мың қаптама «Ингавирин» мен 40 мың қаптама «Терафлю» көтерме қоймаларға жеткізіліп, одан әрі қарай өңірлерге жіберіледі. Алайда бұл дәрі-дәрмектер емдеу хаттамасына сәйкес амбулатория­лық деңгейде Covid-19 індетін емдеуге қолданылмайтынын естеріңізге салғым келеді.

Айналдырған екі аптаның ішінде елдегі эпидемиология­лық жағдай тым күрделеніп кетті. Бар тірлікті жиып қойып, «бірінші байлықтың» қамын жасауға кіріскен адамдар тіпті өз қаржысына дәрі мен қызмет көрсететін маман таппай қиналуда. Қауіпті аурудың сесі күн санап өскен статистикадан да байқалып тұр. Бүгінге дейін елде вирус жұқтырған 41065 адам тіркелді. Бір тәулікте 1604 қазақстандық вирус жұқтыр­ған. Соның ішінде ең көбі – елордалықтар, мұнда 5442 науқас анықталды. Бұл – клиникалық белгісі бар және симптомсыз науқастарды қоса алғандағы есеп. Енді 1 шілдеден бастап ҚР Денсау­лық сақтау министрлігі бұл көрсеткіштерді бөлек санау әдісінен бас тартып, екі статис­тиканы біріктірді. Соңғы бір тәулікте 110 астаналық дертке шалдыққанымен, адам өлімі тіркелмеді. Елордада бұған дейін барлығы 61 адам аурудан көз жұмды. Пневмонияның өршуі дүрбелеңді одан сайын күшейтіп, шектен ­тыс сұраныс тапшылықты тудырды, яғни ауруханаларда орын мен дәрігер, дәріханаларда керекті дәрі-дәрмек жетпей, аурумен әркім өзі бетпе-бет қалған соңғы 15 күннен бері халық әуре-сарсаңға түсуде.

Людмила Бюрабекова,
ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:

– Аталған хаттама Денсаулық сақтау министрлігінің сапа бойынша бірлескен комиссиясымен осы жылдың қаңтар айында әзірленіп, бекітілген болатын. Құжатқа ем-домның жаңа схемасы – этиотропты ем, вирусқа қарсы терапия енгізілді. Препараттардың саны 4-ке артты. Қазіргі таңда лапиновир, ретоновир қолданыста. Ол ем-дом схемасында болған. Ал құжат бойынша қазір хлорохин және гидроксихлорохин, рендисивир және Жапония, РФ-да кеңінен қолданысқа енгізілген фавиаперавир енгізілді. Бұл препараттардың бәрі де тек стационарларда қолданылатын. Клиникалық тәжірибелер арқылы соңғы хаттама мақұлданды. Енді амбулаторлық деңгейде лапиновир, ретоновир және гидроксихлорохинмен емдеуге болатыны туралы шешім қабылданды.

ДӘРІГЕР ДЕ, ДӘРІ ДЕ ЖЕТІСПЕЙДІ
Шырғалаң шақтың қордаланып бара жатқан мәселелерін шешуге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев араласып, елдің жағдайын тиісті дәрежеде жасай алмаған басшыларды сөкті және ахуалды жақсартуы тиіс шараларды қолдануды тапсырды. Соның ішінде елді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді Үкіметке бес күнде шешуге тапсырма берді.
Брифингтерде дәрігерлер үй жағдайында емделгеннің өзінде дәрі-дәрмектің бәрін беталды сатып алып, ішіңдер демейді. Міндетті түрде учаскелік дәрігердің нұсқаулығы болуы керек. Дәрігерлердің айтуынша, жұрт жаппай алып жатқан «Парацетамол» рецептісіз сатыла береді екен. Ал бактерияға қарсы «Амизон», «Тамифлю», «Азитромицин» сияқты препараттар емдеу хаттамасына сәйкес міндетті түрде дәрігердің нұсқауымен сатылады. Мамандардың бақылауымен үйінде емделетін, КВИ-дің жеңіл түріне шалдыққан науқастарға дене қызуын түсіретін, қанның қоюлығын сұйылтатын дәрілер ұсынылады.
Денсаулық сақтау минис­трлігі әкімдіктермен және бөлшек сауда желілері қауымдастықтарымен арада меморандумға қол қойды. Енді бір адамға препарат 2-3 қаптама күйінде, шектеу­лі түрде сатылады. Себебі ем-дом курсына дәл сонша препарат керек. Әрі препараттар үйде босқа жатып қалмауы қажет. Себебі олардың әрқайсысының өз жарамдылық мерзімі бар. Осылайша алдын ала байбалам салып, қорқынышын жеңе алмай дәріханаға жүгіретін кейбір адамдардың дәріні қаптап алуына тыйым салынады. Алайда бір үйде бірнеше адам ауырып жатса, дәрі-дәрмекті сату жағынан шектеу болмайды. «Бұл – дәрігердің рецепті. Дәрігер ем-дом алу үшін тиісті курс бойынша пациентке дәрі жазып береді» деді ҚР Денсау­лық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова.
Дәрілер бағасына келсек, былтыр қосылған DariKZ мобильді қосымша арқылы дәрі-дәрмектің бағасын көтерген дәріханаларға шағымдануға болады. Бұл қосымшада Қазақстандағы дәрі-дәрмектерге шекті рұқсат етілген баға белгіленген. Осы арқылы препараттың бағасын біліп қана қоймай, басқа дәріханалармен салыстыруға мүмкіндік бар. Егер дәріханадағы бағаның қымбаттағанын байқасаңыз, онда қосымшадағы батырманы баса отырып, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығына мәлімет жіберу керек. Нәтижесінде орталық мамандары аталмыш дәріханаға тексеру жұмыстарын жүргізіп, Денсаулық сақтау министрлігі олардың жұмысын шектейтін болады.

ІНДЕТ ҮЙ ІШІНДЕ ТАРАЛЫП ЖАТЫР
Қазіргі уақытта эпидемио­логиялық жағдай инфекция­ның үйде таралу деңгейіне өтіп кетті. Вирус халық ішіне тарады. Өткен брифингте ҚР жаңадан тағайындалған денсаулық сақтау министрі осыны айта келе, кейінгі айларда медициналық ұйымдар күшейтілген режимде жұмыс жүргізіп жатқанын жеткізді. Медицина қызметкерлері инфекция жұқтырған адамдарды емдеп, олармен үнемі жақын қарым-қатынаста жүр. Сол себепті олар да ауырып қалып жатыр. Министрдің айтуынша, бұл кадр тапшылығы мәселесін күрделендіруде. «Бірақ ресурс жеткілікті. Біз оны да еңсеріп келеміз. Үкіметтік шаралардың жаңа пакеті жағдайды тұрақтандырады» деп үміттендіре келе ол, осы ретте медицина қызметкерлерінің жанқиярлық еңбегіне алғысын білдірді. «Осындай қиын уақытта, өз отбасылары мен жақындарын қалдырып, олар өз денсаулығы үшін қауіпті жағдайда емделушілерге медициналық көмек көрсетуді жалғастыруда. Бұл кәсіп – жанқиярлық пен адалдықты талап ететін күрделі әрі қауіпті жұмыс. Осыған байланысты, сіздерден бізбен тығыз қарым-қатынас жасап, медицина қызметкерлерінің қиын еңбегіне қолдау көрсетулеріңізді сұраймыз» деді А.Цой.
Дегенмен пандемияның әлі қанша уақытқа созылары белгісіз. Төрт айдан бері көптеген медицина мамандары алдыңғы шепте жүріп, індетпен күресуде. Сондықтан бүгінгі бар ресурсқа қарамастан, қазіргі жағдай қосымша күш жұмылдыруды, қосымша ауруханалар ұйымдастырып, алғашқы медициналық-санитарлық көмекті күшейтуді талап етеді. Осыған орай медициналық кадрлардың қазіргі және болашақтағы қажеттілігін қамтамасыз ету үшін қосымша мамандарды жұмылдыру қажеттілігі мәселесі де көтеріліп отыр. Әсіресе, жұқпалы ауруханаларда, провизорлық стационарларда және зертханаларда жұмыс істейтін дәрігерлер, орта және кіші медицина қызметкерлері, волонтерлер қажет.

Амбулаториялық емге де өзгеріс енді
КВИ-ді диагностикалау мен емдеу хаттамасына енгізілген толықтырулар бойынша бұрын тек стационарда қолданылып келген кейбір дәрілермен енді амбулаториялық деңгейде емдеуге болады. Халықаралық деңгейде жаңа мәліметтердің түсуін және осы уақытқа дейін тәжірибені ескере отырып, бұл құжат бірнеше рет қаралып, оның соңғы нұсқасы екі күн бұрын мақұлданыпты.

Компьютерлік  томографияға да кезек көп

Қазір өкпені компьютерлік томографиядан өткізуге де кезек көп. Бүгінгі таңда Қазақстанда 135 томограф бар. Ал елордада мемлекеттік және жекеменшік 22 медициналық мекемеде компьютерлік томография бар екен. Алайда солардың тек төртеуі ғана адам қабылдайды. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қосымша КT және желдеткіштерді де сатып аламыз деп отыр.
Компьютерлік томографияға тегін түсу үшін тұрғылықты мекенжайыңыз бойынша учаскелік дәрігердің арнайы жолдамасы керек. Терапевт немесе педиатр науқастың жағдайына байланысты арнайы жолдама береді. Мамандардың айтуынша, коронавирусты жұқтырған жағдайда, КТ тек бірнеше жағдайда ғана қажет. Біріншіден, вирустық пневмонияны растау немесе жоққа шығару қажет болса, ауру кезінде асқынуы мүмкін өкпеге әсер ететін басқа ауруды жоққа шығару керек болса. Екіншіден, өкпе таза болса, сонымен қатар ауру анық жеңілдетілген сценарий бойынша жүрсе, жұқтырғаннан кейінгі алғашқы 3 күнде КТ жасаудың қажеттілігі жоқ.
Пневмонияны сонымен бірге арзанырақ әрі қолжетімді цифрлы рентген аппараттар арқылы анықтауға болады. Диагностиканың бұл әдістемесі COVID-2019 бойынша ем-дом клиникалық хаттамасына енгізіледі. Нарықта отандық өндірушілер де шығарған бірнеше диагностикалық тест бар. Үкімет 1,2 млн тест сатып алу үшін 1 млрд теңге бөлді. Тесттер қоры әрдайым толығып отырады. Қазақстанда қазіргі таңда 46 диагностикалық зертхана бар. Нұр-Сұлтан қаласында күніне 10 мың тест жүргізуге болады. Зертханалардың қуатын арттыру мақсатында тамыз айының соңына дейін тағы 20 ПТР-анализатор сатып алу жоспарланып отыр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 + thirteen =