Бейғамдық жарға жықпасын

0 161

Соңғы кездері елімізде індет қайта өршіп барады. Денсаулық саласының мамандары «елімізде індеттің екінші толқыны келді» деп дабыл қағып, жұртты санитарлық талаптарды сақтауға шақыр­ғанмен, оған құлақ асып жатқан жұрт шамалы. Есесіне «Қазақстанда вирус тарады деген өтірік», «бұл біртүрлі саясат», «вирус бар деп халықты қамау да биліктің ойыны», «карантин бітті, енді қорқып керегі жоқ» деп бойды кеңге салып жүргендер көп.

Індеттен сақтанудың жалғыз жолы карантин талаптарын күшейтіп, коменданттық сағат енгізу емес. Халық болып, санитарлық талаптарды орындап, беттұмша тағып, ара қашықтықты сақтап та індеттің алдын алуға болады. Өкінерлігі, отандастарымыз бұған мүлде селқос қарайды. Беттұмша тағуды, аралық сақтауды өзінің денсаулығын қорғаудың кепілі емес, әншейін қоғамдық тәртіптің талаптарын орындау деп түсінеді. Сосын да беттұмшаны 2-3 сағатта бір ауыстырып тағу былай тұрсын, жұмарлап қалтаға салып қояды да, оны дүкендерге, мекеме орындарына кірерде есіктегі тексерушілерге көрсететін «бет жүздік» ретінде пайдаланады. «Беттұмшаң бар ма» десе, «бар» деп жұмарлап қалтасынан алып шығады. Қоғамдық көліктерде – осындай жағдай. Көлікке отырарда бір көрсетіп, көлікке мінгеннен кейін алып қояды немесе тамағының астына түсіріп қояды. Мұны қалай түсінуге болады? Беттұмшаны, сірә, кім үшін тағып жүрміз?!
Шынын айтқанда, халықтың беттұмша тағуға бейжай қарауына біздің Денсаулық сақтау министрлігінің де кінәсі бар. Себебі әлемде індет тарап жатқанда, беттұмшаның шетел асып, сатылып кетуінің ертерек алдын алмады да, елімізде беттұмша тапшылығы туылды. Бастапқыда Қазақстанның барлық өңірінде жұрт беттұмша таппай қиналса, кейін 20 теңгелік беттұмша 300 теңгеге дейін көтерілді. Беттұмша таппаған жұрт матадан, марлядан беттұмша тігіп киді. Ал ол беттұмшалардың сапасы қандай, індеттен қорғай ала ма дегенді қадағалап жатқан ешкім жоқ. Керісінше, «сасқан үйрек артымен сүңгиді» дегендей, бүкіл әлем беттұмша тағуды міндеттеп жатқанда, біздің Денсау­лық сақтау министрлігінің өкілдері «дені сау адамдардың маска тағуының қажеті жоқ» деп жар салды. Кейін Мемлекет басшысы беттұмша тақпай жүрген журналистерді мысалға алып, мұның дұрыс еместігін айтқан соң барып, үндері өшті. Ал қазір енді жұрттан беттұмша тағуды талап етіп әлек…
Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев 21 нау­рыз күні «қалаларымыздың негізгі көшелерінде маскалар азаматтарға тегін таратылуы тиіс» деген еді. Бұл сөз де сол айтылған жерінде қалды. Тегін таратпаса да, нарықтағы беттұмшаның бағасын бұрынғы 20 теңгеге түсіруге мүмкіндік бар еді. Бірақ қазірше ол мәселені ешкім ескерген жоқ. Қандай дәріханаға кіріңіз, ең сапасыз беттұмшаның өзі – 80 теңге. Тіпті көп жерлерде 120 теңгеден төмен бағада беттұмша таба алмайсыз. Ал ол беттұмшалар вирустан қорғай ала ма? Жұрттың маска таппағанда матадан тігіп алған беттұмшалары медициналық талаптарға сай келе ме? Бұл да денсаулық сақтау салаларының қадағалайтын жұмысы еді. Одан да қайран жоқ. Ал індет болса, індетіп келеді. Жұрт та індет бар дегені өтірік деп бейғам жүр…
Соңғы дерек бойынша Қазақстанда 14809 адам індет жұқтырып, 77 адам көз жұмды және бұл сан күн сайын көбейіп келеді…

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × 3 =