БЕЙБІТШІЛІКТІ БЕКЕМДЕГЕН БАСТАМА

0 127

cdbIbIdS

Атақты ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің бастамасымен 1989 жылдың 28 ақпанында дүниеге келген «Невада-Семей» қозғалысына биыл 25 жыл толып отыр.

Тәуелсіз Қазақстан тари­хын­дағы ең алғашқы құжаттың бірі – Семей полигонын біржола жабу туралы Елбасының Жарлығы еді. Бұл Президенттің бейбіт өмір, берекелі тұрмыс – қарусыздану саясатындағы тұңғыш қадамы болатын.
Осыдан біраз уақыт бұрын елдің мұңы мен зарын «Заман-ай» әніне қосқан композитор Төлеген Мұхамеджановпен жүздескен едім. Төлеген аға әңгіме арасында жүрекке жазылмастай жара салған осы Семей полигоны туралы тебірене айтып берді. Айтуынша, Бесқарағай ауданына қарасты Беген ауылының ойын балалары үшін алапат дауыстан кейін пайда болған саңырауқұлақ мереке саналған екен. Семей полигоны туралы шындықты алғаш рет естігенде композитор бірге туған бауырлары мен ең жақын досынан ерте айырылғанын еске алып, жан жүрегімен жылаған. Мұны сондай бір ащы өкінішпен айтқанда, менің де жылағым келді. Бұл – бір ғана мысал. Әйтпесе, Семей полигонының елімізге әкелген зардабы мен залалын айтып тауысу мүмкін емес. Өйткені, адамзат тарихындағы ұзақ жылдарға созылған, ең көп жарылыс Семей өңірінде жасалды. Зардабы тек Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстарымен шектеліп қалмай, алыс жатқан Торғай даласына да жетті. Алғашында адамдар мен жануарларға тікелей уын шашқан ашық сынақтар, тіпті, жер астында да жалғасты. Радиацияның әсерінен адамдар ғана емес, жердің асты да, үсті де азап шекті. Елбасы өзінің естелік жазбаларында «Ядролық сынақтардың барлық қасіретін мойнымен көтерген Қазақстан халқы үшін оларға толық тыйым салу мәселесі аса көкейкесті болып табылады. Өйткені, Семей полигонында 40 жылда 450 сынақ жасалса, одан 1,5 миллион адам зардап шекті. Сондықтан, мен 1991 жылдың 29 тамызында еш қобалжымастан Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлық шығардым» деп жазады. Осылайша 1991 жылы ең ірі ядролық сынақ алаңдарының біріне айналған Семей полигоны жабылды. Жаппай қырып-жою қару-жарағынан өз еркімен бас тарттық.
Бүгінде әлем халқы жыл сайын 29 тамызды ядролық қаруға қарсы күрестің халық­ара­лық күні ретінде атап өтеді. Халықаралық күнтізбеге мұндай атау­лы күннің енгізілу тарихы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен тікелей байланысты екенін ұмытпауымыз керек.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 + twelve =