Бейбітшілікке үндейтін көрме

0 32

Ұлттық музейде Семей ядролық полигоны жабылуының 30 жылдығына арналған «Бейбітшілік тағы» көрмесі ашылды. Ұйымдастырушылары – «Дегдар» гуманитарлық қоры, Мәдениет және спорт министрлігі, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі. Көрмеге суретші-пацифист Гонсало Мабунданың (Мозамбик) «Тақ» және «Маска» атты ерекше жұмыстары ұсынылды. Мүсіндердің басты ерекшелігі – олар деактивті қару-жарақтардың қалдықтарынан жасалған. Гонсало Мабунда агрессия құралдарын өнер туындыларына айналдырып, адамзатты бейбітшілікке үндейді.

Көрменің ашылу салтанатына «Дегдар» гуманитарлық қоры қамқорлық кеңесінің төрайымы Дариға Назарбаева, Қазақстан Суретшілері академиясының президенті Амандос Ақанаев, Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің директоры Гүлмира Шалабаева, Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Нұрлан Әлімжанов, «Еуразиялық мәдени альянс» ЕКҰ кураторы Владислав Слудский, Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері, қоғам және мәдениет қайраткерлері қатысты.
Суретші-пацифист Гонсало Мабунда өзінің туған жері Мозамбикте ұзақ жылғы азаматтық соғыстың ауыр зардабын басынан өткерді. Бейбіт заман орнағаннан кейін ол автоматтар, снарядтар мен атылған гильзалардан ерекше мүсіндерді жасап, сұрапыл соғыстың қару-жарақтарын өнер туындылары ретінде ұсынды.
Қылқалам шебері Blouin Modern Painters журналы ұйғарымымен 2019 жылы Африканың үздік он суретшісінің бірі атанған. Модернистік стильде жасалған оның жұмыстарын әдетте Брак пен Пикассоның жұмыстарымен салыстырады. Оның суреттері мен мүсіндері Бруклиндегі Tiroche De Leon музейінде, Ватикан музейінде және көптеген өнертанушылардың коллекцияларында бар. Гонсало Мабунданың жұмыстары Бильбаодағы Гуггенхайм мұражайы, Дюссельдорфтағы көркем өнер мұражайы, Париждегі Помпиду орталығы, Токиодағы Мори өнер мұражайы, Нью-Йорктегі өнер және дизайн мұражайы, Еуропалық парламент, Норвегия, Нидерланды, Швеция елдерінің әскери мұражайларында тұр. Ал елордадағы көрмеге ұсынылған мүсіндер Ұлттық музейге сыйға тапсырылды. Өнер тілі арқылы барша адамзатты соғыстан бас тартып, татулық пен келісімге үндейтін көрмені елордалықтар мен қала қонақтары 23 қазанға дейін тамашалай алады.
Аталмыш көрмеден Қазақстан, АҚШ және Африка суретшілерінің туындыларын да көруге болады. Мұнда да туған жерге деген сүйіспеншілік, тарихқа тағзым сынды тақырыптар қозғалған. Экспозицияда 25-тен астам отандық және шетелдік шеберлердің туындылары жинақталды.
Көрменің ашылуында арнайы концерттік бағдарлама ұсынылды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеев жетекшілік ететін «Forte-Trio» үштігі, опера әншісі Салтанат Ахметова, «Килиманджаро» тобы мен «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі өнер көрсетті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen − eleven =