Қылмыскерді құрықтаған қос сарбаз

0 132

Елордалық жауынгерлер дамылсыз тірліктің көлеңкелі жағымен жиі ұшырасады. Кез келген сәтте, кез келген қиындыққа дайын болу – сол үшін де маңызды.

айбын

Суретте 5573 әскери бөлімінің қос сарбазы – Қайырболат пен Николай. Екі дос кесте бойынша кезекті демалыстарын алған болатын. Олар Жеңіс даңғылы мен Ә.Молдағұлова көшесінің қиылысына жақын маңдағы аулалардан өтіп бара жатып, құбырдың жанында бір азаматтың тұрғанын көреді. Панасыздардың бірі болар деп ойлайды. Қасынан сәл ұзай бергенде, екеуі ыңырсыған дауысты естиді. Кенет құбырлардың астынан еңкейіп қарағанда, теріс қарап жатқан біреуді байқайды. Анықтап қараса, әлгі адамның шалбары шешілген екен. «Ол көріністі сөзбен айту бізге қиын. Шұғыл әрекет етпеу мүмкін емес еді. Адам шыдап тұра алмайды. Оны көрген бойда екі қолын артына қайырып тастадық» дейді қатардағы Қ.Закариев. Сөйтсе, еңгезердей екеу ай-күннің аманында кіп-кішкентай ғана бүлдіршінді зорлаған екен. Ұландықтар әлгі ер адамды әлсіз балақайға зәбір көрсетіп жатқан жерінен жұлып алған. Осы екі арада арам ойын жүзеге асырып болып, құбыр жанында тұрған екіншісі қашып үлгеріпті. Қатардағы Н.Шпадов дереу ұзақтан өтіп бара жатқан жас жігітті тоқтатып, ұялы телефонынан 102 нөмірін тереді. Ішкі істер органдарына қашқан адамды суреттеп, бет алған бағытын, болған оқиғаны хабарлайды. Нәтижесінде, тәртіп сақшыларынан құтылмақ болған ол да көп ұзамай қолға түседі.
Тексеру барысында айуандыққа жол берген екеудің ішімдік ішкені анықталды. «Мен бұл бозбалаларды керек уақытында қызымның қасынан табылған қос періштесі деп есептеймін. Егер олар оқиғаның дәл үстінен түсіп, дереу тұтқындамағанда, әлгілер қыл­мыстың ізін жою үшін қызымды өлтіріп кетер ме еді?..» дейді зәбір көрген бүлдіршіннің әкесі.
Қылмыскерлерді құрықтау кезінде көрсеткен қырағылығы үшін қос жауынгер ҚР Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бұйрығымен ІІ дәре­желі «Ұлттық ұлан қызметінің үздігі» кеуде белгісімен наградталды. Бар болғаны жеті жасар қыз баланың тағдырына балта шапқан, өздерінен екі есе үлкен 38, 39 жастағы опасыз жандарды құқық қорғаушыларға ұстап берген қос жауынгер қандай құрметке болса да лайық.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × 1 =