Бейбіт күннің бәрі жеңіс

0 96

Кеңес Одағының батыры, нөмірі бірінші Халық Қаһарманы, қазақтан шыққан тұңғыш армия генералы, тәуелсіз Қазақстанның ең алғашқы Қорғаныс министрі.Ол туралы көп жазылды.Ол туралы көп айтылды. Санада жатталса да,  баһадүрдің отты жылдарын тағы бір шолып өтелік. 

Сағиттың суық хабары

Сағадат Нұрмағамбетов – іргедегі Ақмола өңірінің тумасы. 1924 жылы туған. Әкесі Қожахметтің шекесі торсықтай ұлын көре алмай кеткені өкінішті… Жартыкеш жетім алты жасында-ақ тұл жетімге айналды. Қос қарашығын Құдайға табыстап, анасы Айса да бақилық болды. Алайда, бала Сағадат аяулы ана бейнесін көз алдынан, әңгімелерін санасынан өшіріп пе?..

Туыс атасы Әлжан ақсақалдан естіген батырлар жырлары бау-лыды Сағадатты. Қобыланды, Алпамыс секілді оғландардың жауларын ылғи күйрете жеңетіні оның жігерін жанып, ерте есейтті. Расында, ерте есейткен тағдыр талайы-ау. Жетімдікпен өткен ба­ла­лық шақ, соғыс жылдарына дөп келген бозбалалық шақ. Жал­ғыз тірегі, сүйеніші Сағит аға­сы майданға аттанған. Көп ұза­ған жоқ, қара қағаз келді. «…Псков түбінде із-түзсіз жоғалыпты. Сағит қарапайым еңбеккер болды, шахтада, одан кейін колхозда жұ­мыс істеді, – деп еске алды генерал. – Со­ғыс басталысымен, артына жары мен екі баласын қал­ды­рып, май­данға аттанды. Жол­да кетіп бара жатып екі хат жол­дап үлгерді. Бі­рінші хатында түн қата Мәс­кеу­ден өткенін жазса, екін­шісінде – Псков маңында алғаш­қы ұрысқа кіріс­кен­дерін, күн қақап тұр­ғанын айт­қан… Бұл 1941 жыл­дың соңы бола­тын. Онан кейін хабар­сыз кетті».
Иә, жалғыз ағадан келген суық хабар Сағадаттың кеуде тұсының астан-кестеңін шығарған. Сол түн­ді көз ілмей атырған ол меселін қайта-қайта қайтарған әскери ко­-мис­са­риатқа тағы жол салды. Бұл жолы көкірегін ашу-ыза, кек керней келді. Ағасы үшін ештеңеден тайынар емес…

Қосымнан Берлинге дейін

Әдетте, майданға жазылу үшін келген түбітмұрт бозбалаларға әске­ри комиссарлар: «Алдымен мұрын­да­рыңды сүртіп алыңдар!» деп күл­кі ететін. Бұл жолы көзі отты, зерек Сағадатты бірден байқады олар. Саяси ағарту қыз­мет­кер­лері курсына жіберді, келесі жылы әскери училищеге бөлді. Дәрігерлік комиссиядан өтпей қалған жерлестері майданға аттанды. Достарымен қимай қоштасты. Жеңіспен оралып, ауылда кездесуге уағдаласты…Көп ұзамай Қосым­нан шыққан кешегі бала да батысқа бет түзеді. Ә дегеннен пу­леметшілер взводымен Солтүстік Кавказдағы Курка өзеніндегі неміс қорғанысын талқандады. Қайтпас жүректілік пен қырағылық, аға­сының өлімі үшін кек алу сезімі мен әрбір жауынгердің өмірін сақтап қалуға деген қамқорлық, үлкен жауапкершілік пен балалық қызбалық оның бойында араласып, өзгелерді тыңдатуға мәжбүрледі.

Соғыста сұрапыл күндерді Саға­дат аз кешкен жоқ. Взводтан кейін пулеметшілер ротасын басқарды. Одақтық көмір бассейні атанған Донбасты азат етуге қатысты. Маке­евка қаласын жаудан азат ету қан­дай қиынға соқты, қаланың әр үйін, алаңын, көшесін жаудан та­зарту оңай болған жоқ. Жаумен бет­пе-бет айқасуға тура келді. Жау­ды тық­сырып, қаладан шегінуге мәж­­бүр­леді. Бірақ шығынсыз болмады. Жауын­герлер адам түсіне кір­­мейтін ерлік көрсетті. Днепр­ден өту кезінде де әскерлер асқан тө­зім­ділік пен тапқырлық танытты.

Ұстаз болсам деп едім…

Жазмыштан озмыш жоқ. Әйт­песе, Сағадат армия генералы болуды емес, география және тарих пәнінің мұғалімі болуды армандапты. Бұл пәндерге деген ықыласы ерекше болған. Жұмулы көзбен ол әлем картасынан кез келген жерді көрсетіп бере алады. Сол кезде кар­таны көрсеткіш таяқшамен емес, Еуропаны жаудан азат ете оты­рып, барлық қала мен даланы өзі жүріп өтетінін, кейіннен жас мемлекет үкіметінің мүшесі ретінде бүкіл әлемді шарлайтынын білді ме?..

Қырық бірінші жылғы соғыс оның мұғалім болсам деген арманына тосқауыл қойды. Сағиттың кегі, Алаш азаматтарының қаны балаң кеуденің намысын оятып, қолына қару ұстатқан. Осы соғыс Сағадаттың күллі ғұмырын, арманын бір пәсте өзгертіп, әскери істің адамына айналдырды.

Берлинге баса-көктеп кірді

Тарих деректеріне көз салсақ, Сағадаттың ерліктерін айқындай­тын құжаттар көптеп кездеседі. Батырдың 1945 жылғы сәуірде екінші мәрте «Алтын жұлдыз» медалімен марапатталғаны аян. Он­да 1052-атқыштар дивизиясы­ның командирі, Кеңес Одағының баты­ры А.Пешков пен екінші дәре­желі Суворов орденді 301-атқыш­тар дивизиясының коман­дирі В.Антоновтың қолдары бар. Ұсы­ныс­тағы дәлелдемеге жазыл­ған жол­дарды оқиық: «Майор Нұр­­ма­ғам­бетовтің қолбасшылы­ғын­­да­ғы батальон 1945 жылдың 14 сәуi­рiнде жаудың күштi нығыздалған қорғаныстарын бұзып, аз уақытта немiстердiң батыстағы бас қорға­ны­сын үзiп және транстардың бес сы­зығын алды, сөйтіп, танктер мен өзге батальондардың iске қо­сылуына мүмкiндiк бердi. Үш са­ғат­та қаланың шетімен солтүс­тік-шығысқа беттей әрі қарайғы жетiс­тiктi дамытты… Батальон екі жүз гит­лершілді, он сегіз оқ ату нүк­­тесін, сегiз тірек пунктін жойып, алпыс тоғыз жауынгер мен жау офицерiн тұтқындады. Майор Нұрмағамбетовтің атқыш­тар батальоны 23 сәуір күні батыс жағада бекінген Трептов қа­ла­сы маңындағы Шпреде өзе­нін бі­рінші болып кешіп өтті… 24 сәуір­де Берлин қаласында жау­дың та­­бан­ды кедергiсiн сындырып, баса-көктеп кiрдi. Мұнда асқан ше­берлік танытқан майор Нұр­ма­­ғам­­бе­тов­тің батальоны 450-ден ас­там гитлершілді жойып, 1 560-ын тұт­қынға алып және тоғыз тiрек пунктін құртты. Майор Нұр­ма­ғам­бетов бұл шайқаста жараланған».

Соғыстан жеткен екінші суық хабар

«Тура биде туған жоқ» демей ме?.. Отан алдындағы борышына асқан адалдықпен қараған Сағадат Орта Азия әскери округінің ең беделді басшыларының бірі бола тұрып, өзінің ағайын немересін Ауғанстанға соғысқа жіберді… Ал бұл шақта өзінен шені төмен офицерлер өтірік-шыны аралас сыл­таумен жақындарын әскер қата­рынан алып қалып жатқан. Өкінішке қарай, қатардағы жауынгер Кеңес Нұрмағамбетов дұшпандардың оғынан қаза болып, отбасына шайқас алаңынан екінші рет қаралы хабар келді.

Қорғаныс министрлігінің қорғаны

Өмірінің ең үлкен кезеңі – 1942 жыл мен 1996 жыл аралығын ол әскери карьераға арнады. Жас тәуелсіз мемлекеттің Қорғаныс ми­нис­трлігін құрған тұңғыш жан болды. Әрине, тақыр жерден емес, армия өмір сүрді, бірақ… генерал­дың өзі айтқандай, қазақтар арасында полк командирі болатын бірде-бір жан жоқ еді. «Басқаруға, бұй­рық шығаруға бейімі бар деген­дерді өзім Түркия, Ресейге оқуға жіберген кезім болды. Қазір солар­дың көпшілігі – генерал. Генерал дегеннен шығады, осы өміріме дейін біздің шақша басымыз не көрмеді? Жетімдікті де, ашар­шылықты да, ұжымдастыруды да, отыз жетінің зұлматын да, миллиондарды жалмаған сұм соғысты да көрдік. Соғыстан кейінгі елу төрт жыл ғұмырымды осы әскери салаға сарп еттім. Өмірдің мұз қарыған суығын да, от жаныған ыстығын да өткердік» дейді Сағадат.

«Жерін көр де, қазақты көр!»

Осынша шаруаларды тындырған батыр талай елдің дәм-тұзын тат­қанын айттық. Сонда барған мем­лекеттерінің атақ-шендері дар­дай шенеуніктері: «А где Казахстан?» деп сұрайтын көрінеді. Одан бері аз жыл өтсе де талай заман өзге­ріп үлгерді емес пе? Расында да, біл­мес, танымас. Сондықтан болар, Са­хаң­ның жанындағы өзіміздің жігіт­­тер бір уыс болып, үндемей қа­ла­­ды екен. Алайда, тосылып қа­ла­­тын Сағадат па? Тікбақай міне­­зіне басып: «Алдымен ана дөң­­ге­легіңді (глобус) сүзіп шық. Сонда Еура­зия­ның кіндік тұсын­да екі мың жеті жүз шақы­рымға созы­лып жатқан жерді көре­­сің. Же­рін көр де, осыншама ұлан-байтақ алқап­ты тұмсықтыға шоқ­­тыр­май, қанат­тыға қақтырмай сақ­тап қалған қазақ­ты көр» дейді ғой. Міне, қазақ­тың генералы, қазақ­­тың қаһар­маны! Оның «Дәл біз­дей қой­науы қазы­наға бөгіп жат­қан ел жоқ шығар» деп масаттана сөйлегенін естігендер де көп.

P.S. Бүгінде Астана қаласында генерал Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республика­лық мектебі бар. Ал, ондағы болашақ сарбаздар баһадүр аталарының өмірі мен ерлігін үлгі тұтады.

Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × two =