Бедеуліктің себебі неде?

0 107

Қазір елімізде әрбір алтыншы отбасы сәби сүйе алмай, бедеуліктің зардабын тартып отыр. Ал әлемде балалы болуға қабілетті отбасылы жұптардың 8-12 пайызы осы қиындыққа душар болған. Оның негізгі себептеріне мамандар репродуктивті жүйе ауруларының асқынуын жатқызады. Әрине, бір перзентке зар болуға әкелетін себептер жалғыз бұл емес. Жақында осыған орай ҚР ДСМ ұйымдастыруымен Media MedSchool алаңында «ЭКҰ және репродуктивті денсаулық: 2021 жылы пациенттерді қандай өзгерістер күтіп тұр?» деген тақырыпта 13-онлайн дәріс өткізілді.

Оған шақырылған қонақ, қазақстандық акушер-гинеколог, репродуктолог, профессор, ­Қазақстан репродуктивті медицина қауымдастығының президенті, PERSONA халықаралық клиникасы репродуктология орталығының бас директоры Вячеслав Локшин бедеуліктің өзге де себеп-салдарын атады.
– Гормондық жүйе жұмысының бұзылуы, ұрпақтан ұрпаққа берілу, түсік жасату, тиімсіз контрацепция да бедеулікке алып келетін факторлар. ЭКҰ жасатуға келетін жұптарда 50 пайыз жағдайда ер адамның бедеулігі бала сүйе алмауға себеп болады. Сондықтан көбіне бұл тығырықтан шығарар жалғыз жол экстракорпоральды ұрықтандыру болып отыр. Осындай қосалқы репродуктивтік технологияның елімізде қолданыла бастағанына биыл – 25 жыл. Аталған технология арқасында Қазақстанда «түтік» арқылы бірінші баланың дүниеге келгеніне де ширек ғасырға таяды, содан бері елімізде осы жолмен 22300 бала дүниеге келді. Жылына шамамен 2,5-3 мың бала өмірге келіп отыр. Қазір Қазақстанда 10 қалада қолдан ұрықтандырумен айналысатын 27 клиника бар, олардың ішінде ең мықтылары Алматы, Нұр-Сұлтан және Таразда, – дейді ол.
Қазақстандағы бедеулік себептерінің басқа елдердегі жағдаймен айырмашылығы жоқ деуге болады. Егер елде жылына 150 мың жас отбасы шаңырақ көтерсе, олардың жас екендігіне қарамастан 20 мыңы бір жыл ішінде өз беттерінше балалы бола алмайды. Оның себептері сан алуан. Бедеулік – бұл репродуктивтік жүйе бұзылуынан болатын аурулар нәтижесінің соңғы кезеңі. Жас отбасының бір жыл ішінде балалы болмауы – екі жұпта патологиялық проблема бар деген сөз. Кейде бұл дамудың тежелуімен байланысты болады, кейде тұқым қуалайды. Дегенмен маман бұл көбіне қабынудан болады дейді, яғни жыныстық жолмен болатын қабынулар себеп. Сондықтан В.Локшин отбасын жоспарлауды сылтауратып түсік жасатудың болашақ бала сүюге басты кедергі болатынын, мүмкіндігінше, екі жұп та қорғанып, дәрігер нұсқаулығына сәйкес контрацепция арқылы сақтанғаны жөн екенін айтады.
Жыл өткен сайын бала сүюдің осы мүмкіндігін мейлінше көп отбасының пайдалануына жағдай жасалып келеді. Мәселен, 2010-2019 жылдар аралығында Қазақстанда 7500 бағдарлама жүзеге асырылған. Өткен жылы қолдан ұрықтандыру циклы 11,2 мыңға жеткізілген. Соның бір мыңы МӘМС арқылы жүзеге асырылды және осының нәтижесінде 2,8 мың бала дүние есігін ашты.
Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ЭКҰ жасатуға квота көлемін 2021 жылы 7 мыңға дейін жеткізу туралы тапсырма берді. Бұл квота алу кезегінде тұрғандар санын айтарлықтай азайтуға септік етеді. ЭКҰ процедурасы медициналық сақтандыру қаржысы есебімен де, ақылы түрде де жасалады. Вячеслав Локшиннің сөзіне қарағанда, дәрі-дәрмекті есепке алмағанда, оны жасату 450 мың теңгені құрайды. Ал дәрілерін қоса алғанда жалпы шығын 1,5 млн теңгеге шығады. Өзбекстанда қолдан ұрықтандыру дәрілерін қоспағанда 850 мың теңгеден басталады. Сондықтан Қазақстан басқа елдермен салыстырғанда осы қызмет жөнінен медициналық туризм үшін тартымды ел болып қалып отыр. Бүгінгі таңда елімізде осы процедураны жасататын пациенттердің 11 пайызы шетелдіктер екені де соның айғағы.
Соңғы 15 жылда Еуропада жасалған 6 млн ЭКҰ циклының талдауы бұл елдерде 1 млн халыққа шаққанда 1-2,5 мың қолдан ұрықтандыру жасалатынын көрсетті. Қазақстанда бұл көрсеткіш 0,7 пайыз, яғни 520 адамнан келеді. Посткеңестік елдердегі проблема – оның қолжетімсіздігі. Оған, біріншіден, қаржылық жағдай; екіншіден, географиялық орналасу ерекшелігі және ақпараттың аздығы себеп болады. Осы ретте онлайн іс-шара спикері экстракорпоральды ұрықтандыруды қалай тегін жасатуға болатынын және ол қызметті денсаулығына қарай кімдерге жасап, кімдерге жасауға болмайтынын, сонымен қатар ­репродуктивті денсаулықты қалай күтіп ұстау керектігі жайында кеңестер берді.
Негізінде, жасы ұлғайған сайын әйелдерде қолдан ұрықтандыру нәтижесі де төмендей береді. Сол себепті бұл жолмен балалы болуға ертерек қамданған жөн. Мәселен, зерттеулер көрсеткендей, 40 жастан кіші әйелдердің өз аналық жасушасын пайдалана отырып ЭКҰ жасату арқылы бала туу нәтижелілігі бірінші циклда 32 пайызды құраса, 40-42 жастағы әйелдерде ол 12,3 пайыз болған. Ал 42 жастан жоғары әйелдерде нәтиже 4 пайызды құраған.
Келесі жылы Мемлекет басшысы айтқан квотаны барлық клиника ала алмайды. Оларға да қойылатын 10 талап бар. Соның ең бастысы – клиниканың жұмыс тәжірибесі 3 жылдан кем болмай, жылына 200 ЭКҰ жасауы тиіс.
Мұндай онлайн дәрістер апта сайын ҚР ДСМ және әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қолдауымен және клиницист дәрігерлер, денсаулық сақтау саласы өкілдерінің қатысуымен «Медициналық журналистика мектебі» білім беру жобасы аясында өтеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × 1 =