Бедеулікке басты себеп – жасанды ортада өмір сүруіміз

0 144

Баяғыда бір бай болыпты, ол бір перзентке зар болыпты. Осылай басталатын ертегілерде кер бие етін жеген әйел дереу жүкті болып, туған баласы жылдап, айлап емес, әр сәт сайын өсіп, ержетеді. Алайда мұндай ғажайып шынайы өмірде болмайтындықтан өткен ғасырдың 70-жылдары адамзат баласы экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ) әдісін ойлап тапты. Қазір дүние жүзінде осы әдіспен туған 8 миллионнан астам бала бар. Ал оның Қазақстанға келгеніне биыл 25 жыл толады. Бүгінде мемлекет деңгейінде назар аударылып отырған әдісті қолдануды елімізде ең бірінші бастаған эмбриолог-репродуктолог дәрігер Cалтанат Байқошқарова болатын. Биылғы Жолдауында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ЭКҰ бағдарламалары арқылы квота саны 7 мыңға дейін көбейтілетінін айтты. Осы орайда Президент жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, «Экомед» клиникалар желісінің ғылыми директоры Салтанат Берденқызымен арнайы хабарласып, сұхбаттасқан едік.

– Қолдан ұрықтандыруға жүгінуге мәжбүр болатындай елімізде бедеу жұбайлар неге көбейіп кетті? Нашар экология ма, құнарсыз тамақ па, адамның өз денсаулығына дұрыс мән бермеуі себеп пе?
– Жалпы бұл мәселе тек біздің елге ғана тән емес, бұл бүгінде бар әлемнің проблемасына айналып, бедеулік кеңінен тарап отыр. Оның себебі – адамзат қазір жасанды ортада өмір сүреді. Бұрын біздің ата-бабаларымыз, тіпті біздің буын да кеңес дәуірінде біраз уақыт болса да табиғи ортада тіршілік еттік, яғни табиғи таза тағам жеп, таза мақтадан киім кидік. Ал қазір не? Жасанды тамақ, ластанған ауа, химия араласқан киімдер, тұрмыста радиация бөлетін құрылғылардың көбеюі, ұшақпен көп ұшу, рентген сәулесі бар тексерулер, яғни, технологияның дамуының теріс жағы да болып отыр. Осының бәрі біздің өмір сүру салтымызды өзгертіп жатыр. Оның үстіне интернетке тәуелді боп, тәулік бойы қолымыздан, қалтамыздан ұялы телефондардың түспеуі де жақсы емес. Телефонды қазір біздің денеміздің бір мүшесі сияқты жанымыздан тастамайтын болғанбыз.
– Тек осы ғана ма себебі? Басқа қандай факторлар әсер етуі мүмкін?
– Әрине, тек ол емес. Әлеуметтік бедеулік деген бар. Яғни, жастай үйленбей, 30 жастан асқаннан кейін отбасын құрып, қырыққа таман балалы болғысы келетіндер көбейді. Оған дейін жұмыстарын істеп, мансап жолын қуады, жағдай жасап аламын деп уақытын кетіреді. Одан бөлек қабыну процестері де бедеулік мәселесінде өткір тұр. Себебі бұл еркекті де, әйелді де ұрпақсыздыққа алып келеді. Өйткені ол – инфекциялық фактор. Бұл ер мен әйел ұрығы сапасының төмендеуіне, ұрық жүру жолдарының бітеліп қалуына немесе функциясының бұзылуына әкеледі. Ең негізгі факторлар – осылар.
– Бұған дейін елімізде осы бағытта аз квота бөлініп келіпті, мысалы, биылғы жылға 1000 квотадай бөлінген. Кеше мемлекет басшысы Жолдауында бала таба алмай жүрген отбасыларға қалай көмек көрсетілетінін, ЭКО бағдарламалары арқылы квота саны 7 есе көбейтілетінін айтты. Бұл елдегі сұранысты толық қанағаттандыра ала ма?
– Бұл айтылған 7 мың квотаның өзі бәріне бірдей жетеді деп айта алмаймын. Республикада қанша әйел бедеулік диагнозымен есепте тұрғанын нақты айту мүмкін емес, оның өз себептері бар. Келесі жылы іске қосылатын «Аңсаған сәби» бағдарламасына жасанды жолмен ұрықтандыру арқылы бала сүюге үмітті жұптар медициналық іріктеуден кейін қатыса алады. Қазіргі кезекте тұрған азаматтардың біразына, мүмкін 60-70 пайызына берілетін квоталардың көмегі тиеді. Бедеулік мәселесімен айналысқаныма 32 жыл болыпты. Біз көбіне ақылы түрде қызмет көрсеттік. 2010 жылдан бастап мемлекетіміз 100 квотадан бастаса, биыл 1 мыңнан сәл асатын квотаға қол жеткіздік. Соған да қуанатынбыз. Бірақ Президент Жолдауындағы шешім біз үшін үлкен қуаныш болды. Өйткені, бізге келетін адамдардың барлығы бірдей ЭКҰ жасатуға ақша таба алмайды. Сондықтан бұл үлкен көмек және пациенттеріміздің барлығы қуанып жатыр. Күтпеген жағдай болды. Біз көп болса 2 есе көбейтер деп ойлаған едік.
– Бір сөзіңізде Қазақстанда бедеулігі бар адамдардың тізілімін жасау қажет депсіз…
– Иә, бүгінде біз елімізде қанша бедеу әйел мен белсіз ер адамның бар екенін анық білмейміз. Өйткені бедеулік жанға батып, өмірге қауіп төндіретін ауру емес. Сол себепті пациенттер жылдап емделіп, әр дәрігерге бір барып, әр жерге бір көрініп жүреді. Сондықтан оларды тіркеу мүмкін емес. Алдағы уақытта цифрлық технологиялардың көмегімен денсаулық сақтау министрлігіне ұсыныс жасай отыра олардың нақты санын білу үшін бедеуліктің регистрін жасауды қолға алу керек. Яғни, олар қай жерге қаралса да, бәрін ортақ бір базада тіркеп, көріп отыратындай жағдай жасау қажет. Себебі елімізде қанша бедеу адам бар екенін нақты білмесек, бұл бағыттағы жұмыстарымызды жүйелі жоспарлай да алмаймыз. Мұның бәрі – уақыттың еншісіндегі нәрсе. Біз әзірге дүниежүзілік жалпы статистикаға ғана сүйенеміз. Қазір Қазақстанда шамамен жаңадан шаңырақ көтергендердің 15-20%-ы бедеулік мәселесіне ұшырайды. Сонда болжаммен алғанда әрбір бесінші немесе алтыншы отбасы перзентке зар болып жүр деген сөз.
– Денеден тыс ұрықтандыру бағдарламасының құны қанша тұрады? Алғашқы талпынысы нәтиже бермеген жұптардың тағдыры не болады?
– Әрбір квотаға мемлекет тарапынан 1 млн теңгедей ақша бөлінеді. Оның жартысы технологияға, қалған жартысы дәрі-дәрмекке жұмсалады. Мемлекет те босқа шашылмас үшін бізден нәтижелі топтарды таңдауды талап етеді. Олар – аналық ұрығы бар әйел мен аталық ұрығы бар ер адам. Яғни біз маман ретінде алдын ала болжам жасап, қай отбасының қандай мүмкіндігі бар екенін зерттейміз. Әбден көз жеткізген соң ғана сол жұптарды квота бөлінетіндер қатарына қосамыз. Ал нәтижелілігі төмен топтарға болашақта әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы көмектесуге болады. Оған әр адам жарна төлейді. Яғни осы жүйе арқылы жылына бір рет ЭКҰ қызметін алуға мүмкіндік жасалуы тиіс. Салымшы ретінде кез келген адамның қорға салған ақшасын пайдалануға құқығы бар.
– Қазір Қазақстанда осы іспен айналысатын жиырмадан астам орталық бар екен. Сол орталықтардағы қызмет сапасы қандай деңгейде?
– Біздің елде ЭКҰ жасаудың барлық мүмкіндіктері бар. ЭКҰ бағдарламасы елімізде 2010 жылдан бастап медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне қосылған. Бүгінде елімізде 26 ЭКҰ орталық тіркелген. Оның 21-і жекеменшік саналады. Қазіргі уақытта осы әдіспен 22 мыңнан астам бала дүниеге келді. Алайда тіркелген орталықтардың бәрі бірдей жұмыс істеп тұрған жоқ. Ішінде ірілері ғана қарқынды жұмыс істейді. Олар өте жақсы жабдықталған. Тарихы да бай және жасап жатқан жұмыстары да жоғары деңгейде. Олай дейтініміз, аталған орталықтарға шетел азаматтары да жиі келеді. Біздің «Экомед» орталығы солардың қатарында, 25 жылдық тарихымыз бар, бірнеше қалада филиалдарымыз ашылған. Келген пациенттеріміздің тез арада бала көтеріп, сәби сүюіне жағдай жасауға мүмкіндіктеріміз жетеді.
– Дегенмен осындай орталықтар жұмысында кездесетін қандай да бір мәселе немесе кедергілер бар шығар?
– Кедергілер көбіне сол квота және сақтандыру жүйесімен жұмыс істеу барысында болады. Біздің елімізде квоталар 10 жыл бұрын беріле бастады ғой. Сол кезде жазылған ДСМ-нің бұйрықтары, хаттамалар, технологиялар қазір ескірді. Сондықтан біз арнайы жұмыс тобының мамандары министрлікпен бірлесіп, құжаттарға өзгерістер енгіземіз. Себебі жылдан жылға саладағы технологиялар дамып, өзгеріп келеді. Мәселен, стимуляция, гормондық дәрілер, эмбриологиялық технологиялар түрлері де қазір басқаша. Сол жаңалықтардың бәрін квота бөлу және сақтандыру жүйесіндегі құжаттарға енгізу керек. Соңғы технология­мен жұмыс істесек, нәтижелілік деңгейі қазіргі 30-40 пайыздан да жоғары көтерілер еді. Бұл – өте үлкен мүмкіндік. Одан басқа көп орталықтарда заманауи білімді кадр жетіспеушілігі мәселесі де бар. Кейбір орталықтарда жоғары технологиялармен жабдықтауға қаражат жетпей жатады, әсіресе мұндай мәселе мемлекеттік орталықтарда жиі кездеседі. Тағы бір қызық, мамандар түсінбейтін жәйтті айту керек. Квотаға кезекке тұрғандар көп, 4-5 жыл кезек күтеді дейміз. Бірақ квота алған орталықтар әр облысқа бір телефон соғып, кезекте тұрғандарды бізге жіберіңіздер деумен болады. Сөйтіп квотаның жоспарын орындай алмай жатқан орталықтар бар. Және қысқа ғана уақыт, тіптен 2-3 ай ғана кезекте тұрғандар келгенде таң қаласың, қандай жолмен келді екен деп, өйткені көпшілік ұзақ уақыт кезекте тұрып квотаға жете алмайды. Сондықтан квотаға тұрғандардың кезегі тек электрондық жүйе арқылы тіркелу керек, әр жұп өзінің кезегін анық бақылап отыру үшін. Қағазға тіркелген кезекте әртүрлі бұзушылықтар болуы мүмкін. Сосын -квота бөлгенде заң жағынан кедергі келтіретін мәселе, қазір азаматтық некедегі жұптардың да бізге жиі келетіндігі. Ал квота тек ресми заңдастырылған некелі жұптарға ғана берілетіндіктен, олар өз реніштерін де білдіріп жатады.
– Тәжірибеңізде өз қолыңызбен және орталығыңыз бойынша қанша баланың жарық дүниені көруіне септік еттіңіз? Олардың жағдайын үнемі бақылап отырасыз ба? Шамамен жастары қазір 20 жасқа жетіп қалған шығар?
– Алғашқыда кішкентай ғана лаборатория болып 2-3 маман ғана жұмыс бастадық, көп жылдар бойы жүздеген мамандар дайындап, оншақты орталық аштық. Біздің еліміздің орталықтарының басым көпшілігінде біз дайындаған мамандар жұмыс атқарады.Осы ширек ғасырда біздің орталықтарда 12 мыңнан астам бала дүниеге келді. Алғашқы баламыз 24 жастан асты. Туылған балаларды жергілікті балалар дәрігерлері бақылайды, олардың денсаулығы табиғи жолмен келген балалардан айырмашылығы жоқ. Біз перзентке зар болған әр отбасыға адами тұрғыдан шынайы жанымыз ашып жоғары медициналық деңгейде көмектесуге әрқашан дайынбыз және әрбір дүниеге келген сәбиге себепші болғанымызға өте қуанамыз.
– Рахмет! Игілікті ісіңіз алға баса берсін!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen − one =