©2020 Астана Ақшамы
Статистикалық мәліметке жүгінсек, елімізде бедеулік көрсеткіші жыл сайын 15 пайызға артып отырады екен. Бүгінде республика бойынша 350 мың отбасы бала сүю бақытынан айырылған. Бедеулік пен белсіздіктің себебі неде, оның алдын алу жолдары қандай? Бұл жөнінде Астана қаласы №1 перинаталдық орталығы Отбасын жоспарлау және репродукция бөлімшесінің меңгерушісі Айгүл Мұсабаевамен әңгімелескен едік.
Бақыттың үлкені – бала сүю
– Айгүл Мұрсилямқызы, алдымен Астанадағы бедеулікті емдеумен айналысатын бірден бір орталық – Отбасын жоспарлау және репродукция бөлімшесі туралы айтып берсеңіз.
– Әрбір адамға шаңырақ құрып, артына ұрпақ қалдыру – парыз. Бақыттың үлкені де бала сүю. Өкінішке қарай, нәрестенің іңгәлаған үнін есту бақыты некеге тұрған барлық отбасына бірдей бұйырмаған. Бүгінде жаңадан отау құрған отбасылардың 15 пайызы бедеуліктен зардап шегіп жүр. Жыл өткен сайын бедеулік пен белсіздік мәселесі тіптен ушығып барады. Біздің орталықтың басты мақсаты да сол – бала сүйе алмай жүрген отбасыларға ұрпақты болуға көмектесу. Жүкті бола алмаудан бастап, жүктіліктің жетілмей қалуы, ұрпақ өрбіту жүйесіндегі қабынулар, эндокриндік бұзылыстар, жиі түсік тастау сынды проблемаларды шешуге де орталығымыздың жоғары білікті мамандары көмекке келеді. Қазір Отбасын жоспарлау орталығында 3 дәрігер-эндокринолог, уроандролог, физиотерапевт, балалар гинекологы және ісік ауруларын емдейтін дәрігер-гинеколог жұмыс істейді. Мамандарымыздың бәрі де біліктілік талаптарынан өткен, өз саласын терең меңгерген жандар. Ресей, Чехия, Израиль сынды алыс-жақын шет мемлекеттерде тәжірибеден өткен дәрігерлеріміздің әрқайсысы бедеулік мәселелері мен жүктіліктің жетілмеуі жөнінде зерттеулер жазып, көптеген ғылыми еңбектің авторы атанды. Бедеулікті емдеудің тиімді тәсілдерін жетік меңгерген мамандар талай шаңырақта сәбидің үні естілуіне ұйытқы болды.
– Бүгінге дейін қанша отбасыға балалы болу бақытын сыйладыңыздар?
– Соңғы бес жыл ішінде Отбасын жоспарлау және репродукция бөлімшесі дәрігерлерінің көмегімен 1 мыңға жуық отбасы нәрестелі болды. Бұл – олардың ғана емес, біздің де үлкен қуанышымыз. Қазіргі таңда 2 229 жұп емделіп жүр. Олар да балалы болу үмітін үзбек емес. Біз де қолымыздан келгенше көмектесеміз.
400-ден астам астаналық жасанды ұрықтандыруға мұқтаж
– Өздігінен балалы болуға үмітін үзгендер жатырдан тыс ұрықтандыру әдісіне жүгініп жатады. Осыған мұқтаж астаналық тұрғындар сіздердің орталықтарыңыз арқылы экстракорпоральдық ұрықтандыру әдісіне жолдама ала алады екен. ЭКҰ-ға квота алудың жолдарын айта кетсеңіз.
– Жасанды ұрықтандыру жолына жүгіну үшін алдымен Отбасын жоспарлау орталықтарында есепке тұру қажет және медицицналық көрсеткіштері болуы керек. Айталық, әйелдің жатыр түтікшелерінің екеуі де бітелген жағдайда немесе ер адамда белсіздік 2-3 дәрежелі (астеноолиготератозооспермия) болған жағдайда жасанды ұрықтандыру көмегіне иек артуға тура келеді. Бұл әдістің де ағзаға жақпайтын қарсы көрсеткіштері бар. Сондықтан ЭКҰ-ға жүгінбес бұрын әйел мен еркек жан-жақты медициналық тексеруден өтеді. Барлық көрсеткіштер дұрыс болған жағдайда жұптар ЭКҰ-ға мұқтаждардың тізіміне енгізіледі. Жатырдан тыс ұрықтандыруға жіберілетін пациенттерді арнайы комиссия іріктейді. Біздің №1 перинаталдық орталықтың қызметкерлері бұл комиссияның құрамына кірмейді. Бұл – өз алдына тәуелсіз комиссия. Олардың оң шешімінен кейін әйелдің сырқаттану себептері мен тарихы жазылған құжат және барлық медициналық тексерулердің нәтижелерімен бірге ЭКҰ жасалатын арнайы клиникаға жіберіледі. Бұл емдеу мекемесі де құжаттарды тексеріп, дұрыс деп тапқан жағдайда ЭКҰ жасайтын уақытты белгілейді. Мемлекеттен квота бөлінетіндіктен бұл әдіс науқасқа тегін жасалады.
– Сонда бүгінге дейін Астанада ЭКҰ жасатуға қанша квота бөлінді?
– Соңғы төрт жылдың ішінде Астана қаласына 99 квота бөлінді. Осы әдіс арқылы 27 жұп жүкті болды. Бүгінде елорда бойынша экстракорпоральдық ұрықтандыру әдісіне 363 әйел және 51 ер азамат мұқтаж болып отыр. Әрине, бұл – тіркелгендердің саны. Тіркелмей жүргендер қаншама. Оларды санасақ, бұл көрсеткіш бірнеше есе өсетіні сөзсіз.
Отбасының ғана емес, қоғамның да қасіреті
– Бедеулік пен белсіздік – бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның да қасіреті. Ұрпақ сүйе алмаудан қаншама жұптардың шаңырағы ортаға түсіп жатады. Жалпы бедеулікке ұшыраудың себебі неде? Бұл мәселе бүгінде неге ушығып отыр?
– Егер әйел мен еркек үйленіп, бір жыл бойы жүктілік пайда болмаса, бұл бедеулік болып саналады. Әйел бедеулігі екі түрлі. Біріншісі – іштен туа біткен, екіншісі жүре пайда болған бедеулік. Іштен туа біткен бедеулікке жатыр түтігінің бітелуі, жыныс мүшелерінің, жатырдың жетілмей тууы – басты себеп. Жүре пайда болған бедеулік әртүрлі ауруларға, салауатты өмір салтын сақтамауға байланысты туындайды. Атап айтқанда, түсік жасату, жатыр мен жатыр түтікшелеріндегі патология, жыныс мүшелерінің қабынуы, эндометриоз, етеккірдің бұзылуы, гормондық бұзылыстар, жыныстық жолмен жұғатын аурулар, тағы көптеген факторлар себеп болады. Ал, еркектің белсіздігі ұрпақ өрбіту жүйесіндегі қабынулар: аталық бездің, қуық асты безінің қабынулары жыныс-несеп мүшелерінің дамуындағы ауытқулар; жүрек-қан тамыр жүйесі сырқаты, қант диабеті, созылмалы жұқпалы аурулар, аталық ұрық безіндегі ісік және тағы да басқа жағдайлар әсер етеді.
– Бедеуліктің алдын алу жолдары бар ма?
– Әрине. Бедеулік пен белсіздіктің алдын алу жолдары бала кезден басталуы керек. Әр ата-ана баласының бойындағы әр өзгерістерді қалт жібермей, дер кезінде дәрігерге қарату керек. Әсіресе, жұқпалы инфекциялардың алдын алып, қандай да бір эндокринологиялық бұзылыстарды уақыт оздырмай қалыпқа келтірген жөн.
Дәрігерлерге алдын ала жазылу керек
– Отбасын жоспарлау орталығы бүгінге дейін қызметін тегін көрсетіп келді. Биылғы ақпан айынан бастап дәрігедің қабылдауынан бастап, қан сараптамалары – бәрі ақылы болып кетіпті…
– Бұл мәселе әлі де қарастырылып жатыр. Егер қайтадан тегін болса, емделушілер ғана емес, біз де қуанар едік. Өйткені, орталығымызға балалы болудан үмітін үзіп, әбден қиналған жандар ғана келеді. Сондықтан оларға қуаныш сыйлап жатсақ, үмітіміздің ақталғаны деп білеміз.
– Байқағаным, дәрігерлердің қабылдауы, әртүрлі сараптамаларды тапсыру мұнда айтарлықтай қымбат емес секілді. Бұл орталықта емделгісі келген азаматтар Сіздермен қалай байланыса алады?
– Біздің дәрігерлер науқастарды жергілікті емханалардың жолдамасы немесе алдын ала жазылу бойынша қабылдайды. Барлық ақпаратты 43-27-25 анықтама телефоны арқылы білуге болады.
Әңгімелескен
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ