БАЯНСЫЗ ТАҒДЫРЛАРҒА БАҒЫШТАЛАДЫ

0 108

 Талайсыз нәзік тағдырлар тоғысқан жер. Қасіреттің көз жасы тамған жер. Қаныпезер қоғам қоқан-лоққы жасап, аппақ ар мен намысты аямай таптаған жер. Елорда іргесіндегі «АЛЖИР» мемориалды мұражайында зұлмат жылдары жазықсыз жапа шеккен аналардың рухына тағзым етуге арналған митинг өтті.

Шараға жиналған көпшілік ал­дымен «Қасірет» қақпасынан өтіп, Сталин вагонын тамашалады. Репрессияға ұшыраған арыстарына сенімін жоғалтпай, бас тартпағаны үшін әйелдерді екі ай бойы темір жолда сүйреген отарба тоталитарлық жүйе дәурен құрған тарих беттерінен сыр тартады. Айтқандай, мұражай маңындағы қалың ағаштан күн ұзаққа қарғалар қарқылдайды. Талайды қан қақсатып, талай шаңырақтың шаттығын бұзған Кеңес өкіметінің тасбауыр саясатына әлі күнге лағнет ай­тып тұрғандай қанаттылар. Бәлкім, әлгі қарғалар сол жылдардың куәсі де болар. Сақылдаған сары аязда кірпігіне мұз қатып, қан жылаған аналардың ыстық сәлемін ерлеріне жеткізген шығар… Азапты таңмен басталып, қасіретпен батқан күндерде әйелдердің мұңына, за­рына куә болған шығар. Үш ғасырлық ғұмыры бар құс сексен жыл бұрын да қалықтаған осы көкте.

…Митингке қатысушылар мұражай ішін ара­лап, ондағы құнды жәдігерлермен танысты. Жар­тасты жарып шыққан қарғалдақ гүлінің сырына қанығып, қанмен жазылған хаттардың тереңіне үңілді. Тордан шыға ал­май, аласұрған көгершіндер көңіл құлазытады… Тергеуші бөлмесіндегі қара телефонмен қанша тағдыр шешіліп, қабырға сағатының тықылы қандай шерлі секундтарды ұзатты екен?..

Митинг 1933-1940 және 1950 жылдардың басындағы саяси қуғын-сүргін мен тоталитаризм құрбандарын еске алу тақтасының алдында өтті. Қара мәрмәр тақтаға қашап жазылған әрбір есімнің рухына тағзым еткен көпшілік, оларды бір минут үнсіздікпен еске алды, гүл дестелерін қойды. Астана қалалық мәслихатының хатшысы Сансызбай Есілов сөз алып, «Ақмола «Халық жа­улары» әйелдерінің лагері» тарихына тоқталды. «Қазақ жерінде 26 нүкте болып салынған лагерьде көптеген зиялылардың, арыстардың жарлары, аналары тұтқында болды. Олардың рухына тағзым етіп, құрмет көрсету – бүгінгі ұрпақтың парызы. Бұл өткенді сараптап, келешекте адамзат тари­хында мұндай зұлматты болдырмауды міндеттейді», – деді Сансызбай Есілов.

Басқосуда Астана қаласы Ішкі са­ясат басқармасының бастығы Болат Тілепов, Ақмола облысы Целиноград ауданының әкімі Асқарбек Үйсімбаев, сондай-ақ, мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың немересі Светлана Тыныбекова мен «АЛЖИР» тұтқыны болған Ефосина Яковленконың ұлы Александр Тайга­ринов сөйледі.

Сүбелі сөз

Светлана ТЫНЫБЕКОВА,
мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың немересі:

Әжем Гүләндам Қожанова «ҚАРЛАГ» лагерінде 9 жыл болған екен. Әлі есімде, соғыстан кейінгі жылдары балабақшада жүргенімде келді. Мен оны танымайтын едім. Сол әжем өте сауатты, білімді, өнегелі болды. Тұтқындағы жылдарынан көп-көп естеліктер айтатын. Қарағанды мен Ақмоланың арасында қой бағыпты. Сақылдаған сары аязда ұзақ түнде қасқырмен алысқан кездері де болған. Аш қарынға бір үзім қатқан нанды талғажау еткен сәттері де аз болмапты. «Е-е, ол жылдарды еске алудың өзі қиынның қиыны еді ғой»,– деп отыратын жарықтық.

 Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen + 16 =