Баянғали Әлімжанов 12 томдығын Ұлттық академиялық кітапханаға сыйлады

1 265

Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітап­ханасына ақындық, жазушылық, айтыскерлік, жыршылық өнерді бір бойына тоғыстырған Баянғали Әлімжанов баспахананың бояуы кеппеген 12 томдығын сыйға тартты. Бұл еңбектер автордың ұстазы, академик Тұрсынбек Кәкішевтің оқу залында сақталатын болады.

15995147_1337549542970086_7155054452515399135_o

– Басында Мемлекеттік тапсырыспен «Шексіз ғалам, мен сенің бір бөлшегің» атты поэзиялық, «Театр терезе­сін­дегі сәуле» – драматургиялық және «Күлкімен көмкерілген ой» – прозалық шығармаларым жинақталған үш томдығым жарық көрді. Бұдан соң жа­қын­да ғана тоғыз кітапты шы­ғар­дым. Олар бірін-бірі қайтала­майды, – деген автор әрқай­сысына жеке-жеке тоқталды.
«Қорасан қарақшының қолмергені» атты төртінші томында өлеңдер мен поэма­лар шықты. Кітапқа атау берген шығарма, Баянғали Әлім­жановтың айтуынша, қазақ әдебиеті тарихындағы ең кө­лемді дастандардың бірі. Онда 19 жасында түрмеге түсіп, содан әбден ашынған кейіпкердің бейнесі, көптеген адамдардың ащы тағдыры туралы айтылады. «Мұнда кезінде көзімен өзім көрген, құлағымен естіген және көркемдік қиялдан туған оқиғалар жөнінде айтылады» дейді автор.
«Жар мен жарғы» еңбегінде тарихи пьесалар жарық көрген. Мұнда автор Қожаберген жыраудың бейнесін жан-жақты ашуға тырысқан. Жалпы алғанда, автор осы күнге дейін жиырмаға тарта пьесаны дүниеге әкелген. Алтыншы том «Алаш пен Манас» аталады. Осы кітапта ақынның айтыстары жинақталған. «Деген екен» кітабына толғаулар, арнаулар, айтыстағы жыр шашулар кірген.
«Бұрын «Балдырған» журналында жұмыс істедім. Сонда балаларға арнап біраз дүние жазғанмын. Ол жазғандарым оқулықтарға да енді. Дендеп, бірақ, балалар тақырыбына енбеген едім. Немерелерім балабақшаға барғанда қазіргі өлеңдерді түсінбейтін болды. Негізінен, бала кішкентайында өлеңдерді оқығанда ана тіліне деген махаббаты оянуы керек. Ал бүгінгі өлеңдер бала­ларды тартпайды. Себебі тү­сінбейді. Түсінбеген соң жаны қабылдамайды. Бір күні жарым: «балаларға өлеңдерді түсіндіре алмадым, сен оқышы» деді. Мен де оларды түсінбедім. Содан кейін балаларға жазуды қайта қолға алдым» деген ақынның «Жанай мен ай» атауын алған сегізінші томына балаларға арналған өлеңдер, әңгімелер мен пьесалар енді.
Автордың келесі томдары – «Ардагер», «Разрешите жить», «Туған жер – тұнған аңызым», «Ізгі тілек іздері» деп аталады. Осының ішіндегі «Разрешите жить» кітабын оқыған ұлты орыс келіншек оған жоғары бағасын беріп, Баянғали Әлімжановтың бұл еңбектен педагогтік қыры көрінетінін айтқан.
Орыс тілінде жазуының сырын автор былай түсіндіреді. «Жоғарыдағы орыс тіліндегі томда «Абылай хан и его батыры» повесі бар. Онда Мәш­һүр Жүсіптің, Шоқанның, Шәкәрімнің жазғандарына сүйендім. Қазір біздің аңыз­дарымызды қалай болса солай жеткізу белең алып барады. Тіпті, біз үшін қазақ халқының аңызы деп аңыз шығаратындар бар. Бұл рухани қылмыс деп санаймын. Ал қазақтың өзінің аңыздарында рух бар. Оны оқысаң, әруақтанып кетесің. Ал ойдан шығарылған өтірік аңыздарда ондай рух жоқ»
дейді Б.Әлімжанов.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

  1. Лесхан :

    Баянгали аганын телефонын ким тауып бередм

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three + 2 =