БАЯНДЫ БОЛАШАҚ БАҒДАРЫ

0 93

Астана қаласы әкімдігінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы» – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауы талқыланды. Жиынға Парламент, қалалық мәслихат депутаттары, қала әкімдігіне қарасты мекеме басшылары және саяси партия белсенділері қатысты. Олар Елбасы жолдауындағы маңызды міндеттер төңірегінде пікір алмасып, ой бөлісті.

Қалалық мәслихаттың хатшы­сы Сансызбай Есіловтің пі­кі­рінше, «Қазақстан – 2050» стра­­тегиясы ел дамуының бас­­ты бағыттарын айқындап, бо­лашақтағы алар белестерімізді саралап барып жасалған тарихи құжат. «Заман талабы, халық сұранысы болашақ жоспардың ауқымы мен қарқынын кеңейтіп, тың экономикалық серпіліс жасауды талап етіп отыр. Бұл жолдау еліміздің алдағы 38 жылына жоспарланған стратегиялық мақсаттар мен мін­дет­терді баяндаған, бүкіл ха­лық­ты жалпыға ортақ еңбек қо­ғамына дайындаған аса маңызды құжат бо­лып есептеледі» деді ол.

Жолдаудың әр бөлімі мемлекет саясатының негізгі ұстанымдарына халықтың мүддесі мен игілігіне негізделгенін айтты.

Жыл сайынғы Жолдаудан халық­тың жаңалық, жақсылық күтетіні бар. Себебі онда бүгінгі күннің ең өзекті мәселелері көтеріліп қана қой­май, оларды шешу жолдары да нақты көрсетіледі.

Парламент Сенатының депута­ты Владимир Редкокашин биылғы Жолдаудың халық үшін тың жаңа­лық­тарға толы екендігіне тоқталды.
«Құжаттың «Әлеуметтік сая­сат­тың жаңа принциптері – әлеу­меттік кепілдіктер және жеке жауап­­кершілік» деп аталған бөлі­мі менің назарымды ерекше аудар­ды. Неге десеңіз, мұнда қоғам­ның әлеу­­мет­тік жағдайы төмен топ­та­­рына, жұ­мыс­­сыздарға, мүм­кіндігі шек­теулі жандарға көңіл бөлу қа­жеттігі айтылған» деді ол. Сена­тордың келтірген мәліметі бойынша «Қазақстан – 2030» стратегиялық бағдарламасы қабыл­дан­ғаннан бергі 15 жыл ішінде еліміз ең қарқынды дамушы 5 мем­лекеттің қатарына еніпті. Ел азамат­тарының табысы 16 есеге, ішкі жал­пы өнім жан басына шаққанда 7 есеге ұлғайған.

Владимир Редкокашиннің пікірінше, жолдауда дүниеге ұрпақ әкелуші – қыз бала­лардың тәрбиесі жайында кеңінен сөз болуы – Елбасының ұлт тағдырына бей-жай қарамайтындығының дә­лелі.

«Цесна-Астық» Концерні» ЖШС Басқармасының төрағасы, қалалық мәслихат депутаты Нико­лай Мещеряков Елбасының ауыл шаруа­шылығы өнімдерін жаһан­дық сұра­нысқа сай жаңғырту қажеттігі жайында айтқанына ерекше мән берген сыңайлы. Өз баяндамасында осы бөлімге ерекше тоқталған ол фермерлік пен шағын және орта бизнесті дамыту, ішкі жалпы өнімдегі ауылшаруашылық өнімдерінің үлес салмағын арттыру мәселесін көңілге қонымды деп санайтындығын тілге тиек етті.

ҚР Президенті жанындағы Мем­лекеттік қызмет академиясы әлеуметтік саясат кафедрасының профессоры Тілеуғали Бөрібаев­тың баяндамасында латын әліп­биіне көшу әлемдік ақпараттық кеңіс­тікті игерудің негізгі жолы екендігі айтылды. Ол «Астанада қазақ тілінде білім беретін мектептер мен балабақшаларды ашу одан әрі жалғаса бергені жөн» деген ұсынысын да білдірді.

«Astana Innovations» АҚ төр­ағасы Саят Нүсіпов өздері жү­зеге асыратын инновациялық жо­балардың барлығы да Президент Жол­дауының ұстанымдарына сәйкес келетіндігін атап көрсетті. Бүгінде Астанада инновациялық технологияларға құйылатын инвес-тиция артып келеді, инновациялық өнімдер көлемі де 15 есеге өскен. Инновация игілігін көретін күн жетті. Қазіргі кезде «Смарт-су құ­быры» жобасының арқасында су­ды бей-берекет қолдануды 20 пайыздан 8 пайызға дейін кемі­туге қол жеткіздік. Ал, «Смарт-ЛЭП» жобасы электр қуатын шы­ғын­дауды 45 пайыз азайтуға, «Дә­ріханалық құлтемірлер» жобасы қала тұрғындарына қызмет көр­сетуді 4 минуттан 7 секундқа дейін кемітуге мүмкіндік беріп отыр.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатының салмағы жыл өткен сайын артып келеді. Биылғы Жол­дау­дың да көтерер жүгі жеңіл емес. Демек, онда көрсетілген міндет­тер­ді мүлтіксіз орындау барша қазақ­стан­дық­тарға үлкен сын болары анық. Жиынды басқарған қала­лық мәслихаттың хатшысы Сан­сыз­бай Есілов сөз соңында бар­ша ас­та­налық­­тардың Жолдауды қолдау­да бел­сен­ділік танытып, бұл сыннан сү­рінбей өтетіндігіне сенім білдірді.

Шынар ДОСАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − nineteen =