Баянауылға бармақ болсаңыз…

0 103

Ұлттық парктер тек біздің ғана бағымызға бітпеген. Американың алтын қақпасы Golden Gate ұлттық паркіне жыл сайын 13,7 миллион адам, ал Гранд Каньонға 4,29 миллион адам келеді екен. Бұл – хайуанаттар мен сирек құстардың мекені. Арнайы бөлінген орындарда келушілер 140-қа тарта қанаттылардың құздағы тірлігін тамашалай алады екен. Ұлыбританияда 1951 жылы іргесін бекіткен Lake District ұлттық паркіне жыл сайын 10,5 млн адам келеді. Осы елдің New Forest ұлттық паркі 4,3 млн адамды, Канададағы Seven Montain ұлттық паркіне 9,2 млн адам келіп аралайды екен. Осыншама адамның нөпірі табиғи бақтарды таптап, айналасын ластап тастамаған деп таңғаласың.Біздің елдегі бақтардың бағы басқаша. Павлодар облысындағы Баянауыл демалыс аймағы ретінде 2023 жылға дейін жүзеге асырылмақшы 10 туристік орталықтың бірі екенін жақында білдік. Алыстан ағылып жатқан адамдардың санын көрмедік. Астанадан баратындарға жолын жеңілдетіп, шақырып отырған да ешкім жоқ екен. Мәліметтерге сүйенсек, Баянауылды аралайтындардың саны екі жүз мыңнан сәл асады.
Баянауыл өңірі 1985 жылы ұлттық парк статусына ие болды. Осы бір таулы өлкеге табаны бір тиген адамның батыстан шығысқа қарай 40-50 шақырым, солтүстіктен оңтүстікке қарай 20-25 шақырымға созылып жатқан Баянауыл таулары мәңгі есінде қалады. Ең биік нүктесі – Ақбет тауы, даланың жауын-шашыны мен желі, жып-жылтыр еткен сан алуан пішінді жартастар – осы жердің басты ерекшелігі, көз тартар көркем бейнесі. Халық арасында кемпіртас, көгершін, найзатас, аттың басы, тас жастықтар және т. б. атпен астарланып кеткен бейнелерді фотодан болса да әркім бірден танитыны сондықтан. Осы өлкеде Сабындыкөл және Жасыбай көлдерінің толқыны жағадағы тасты құшып, шалқып тасып жатыр. Әулие­тас (Қоңыр әулие) және Драверта үңгірі (тастағы жазулар), Құмыра сарқырамасына аяғы жеткен ғана жетеді. Ұлттық бақтың аумағында алты жүзге тарта өсімдік түрі өседі. Баянауыл қарағайы мен қара ольха осы мекенді ғана жерсінген. Мұнда 45 жануардың түрі мекендейді. 160-тан астам құсы бар. Оның ішінде қызыл кітапқа енген сирек кездесетін құстар мен хайуанаттардың 12 түрі, жоғалып бара жатқан өсімдіктің бес түрі осында өседі.
Шілденің ыстығында да, арқаның аязында да Жасыбай, Сабындыкөл және Торайғыр көлдері туристер үшін тартымды нысан болар еді. Обалы не керек, Жасыбайдың айналасына үй тігіп, баршаға қолжетімді болмаса да біршама жақсартып қойды. Саф таза ауа, қоршаған орта, жанға жайлы жағалау мен салқын су мұнда мол қаражат құйып, оған лайық қызмет алмағанның ашуын жуып-шайып жіберсе де, ортанқол сервис көптен бері орнынан қозғалған емес.
Бұл, әрине, Баянауыл тасынан нәпақа тауып жүргендердің ғана шаруасы емес. Туризмге ден қойған барша елдердің тәжірибесінде мемлекет пен жеке инвестициялардың белсенді қолдауымен ғана дамиды. Атағы алыстап кеткен Испанияда туристік жобаның 30 пайызын мемлекет мойнына алған. Португалияда мемлекет туризм объектілерін салуға 10 жылға дейін пайызсыз несие берсе, бұл саланың кәсіпкерлерін Малайзияда салықтан толығымен босату көзделіпті. Мұның бәрін барып, келіп көріп отырғанымыз жоқ, бірақ ашық ақпарат көздерінен тауып алуға болады. Көрші Ресей, Өзбекстанда да бұл іске мән беріп, мықтап ден қойып отыр. Мұның бірі жоқ Баянауылға барған астаналық туристің жайы қандай?
Обалы не керек, Нұр-Сұлтан-Екібастұз жолдары жөндеуден өткелі айнаның бетіндей теп-тегіс. Жол шаршатпайды. Енді осы мүмкіндікті пайдаланып, елордамыздағы туристік компаниялар қала тұрғындарының жайын ойлап неге жол ашып қоймайды деген сұрағымыз сол күйінде. Елордалық туризм басшыларының да құлағына алтын сырға. Екі ортаға қатынайтын көлік бөлініп, демалыс сайын ел-жер көремін дегендерді жинап, Баянауылды аралатып келсе нұр үстіне нұр болар еді. Туристер саны артқан сайын жаңа бағдардың тиімділігіне көзіміз жетіп, шыққан қаражатын да шығарып алар еді.
Осыдан бір жыл бұрын ғана алысты жақындатып, астаналықтар үшін демалыс күндерге арналған Bayanaul Hills туристік бағдары жұмыс істеп еді. Қыста әр сенбіде сағат алтыда Баянауылды бетке алып, жексенбіде елордаға оралатын. Осы күндері жоғарыда біз айтқан орындарды Mercedes-Benz Sprinter жеңіл көлігімен зырылдатып аралап келетін. Жақсы жоба жазға жетпей тоқтап қалды. Сұрастырғанымызда, жоба табыссыз да болмапты, саяхатшылардан толассыз тапсырыс түскен. Бірақ Bayanaul Hills қалай суалғанын білмедік.
Сонымен, Баянауылға бармақ болсаңыз, өзіңізге сеніңіз. Ылаждап жетіп алсаңыз, ойлаған жеріңізге алып баратындар Баянауыл, Павлодар, Екібастұз орталықтарынан, сол жердің туристік агенттері арасынан табылады. Тек жету мен жатар орын, жейтін тамақтың жайын реттеу саяхатшылар емес, елдің туризм саласын дамытамын дейтіндердің міндеті еді. Осы міндет өз дәрежесінде орындалмай, астаналықтардың көбі іргесіндегі Баянауылдың көркем табиғатын көруге жол таппай, алты ай жазда да, қарлы қыста да қамалып үйде отырған жайы бар.
Әзірге айтарымыз, астыңызда жеке көлігіңіз болса, демалыс күндері Баянауыл өңірін бетке алыңыз. Өкінбейсіз. Күн тез қарая қоймайтын Арқа үшін жұманың ақшамында жолға шыққан жолаушы түнге салым Баянауылдың шетіндегі
Сабындыкөлге жетіп қалады. Көлдің жағасына палатка тігіп, ала шыққан азығын талғажу етіп, жаздың жақсы күндерін өткізудің ең қолайлы әрі арзан түрі. Саяхатшыларға арналған оннан астам соны соқпақтардың бірі – Сабындыкөлден 73 шақырымдай қашықтықта жатқан Сұлтанмахмұт кесенесіне бастар жол. Жол бойында Торайғыр көлін жағалап, оның жағасындағы орманды саялап, қаласаңыз көлдің бойындағы қонақүйлерге тоқтап, демді басуға болады. Тағы бір бағыт Жасыбай өзенінен басталып, Ескелдіден өтіп, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кесенесіне соғып, зиярат етуге болады. Мәшһүр атамыз – 1931 жылы өлерінен бұрын орнын белгілеп, алдағы күнді болжап кеткен әулие. 2006 жылы әулиенің жатқан жерін абаттандырып, қонаға үй салып, келем деушілерге жағдай жасап қойды.
Мемлекет тарапынан бөлінген қаржымен Жасыбай-Қоңыр әулие арасындағы сегіз шақырымдық жол салынып бітуге таяды. Торайғыр көлінің жолдары да жөнделіп жатыр. Одан бөлек, елімізге танымал ең алғашқы академик Қ.Сәтбаевтың, Ш.Шөкиннің, М.Көпеевтің, Ж.Аймауытовтың, қазақтан шыққан алғашқы кинорежиссер Ш.Аймановтың және т. б. атақты адамдардың дүниеге келген жері ретінде де танымдық, рухани туризм үшін сұранып тұр. Қазақтың дәстүрлі дүниетанымы мен руханиятының бір бөлшегі Екібастұздан 90 шақырымдағы Ақкөлде жатқан Исабек ишан кесенесі де тағылымды жер. Алайда бұл нысандардың насихаты кем болып, бұқараға жетпей отыр. Әрине, әулиелі жерді табыс көзіне айналдыруға көп адамның тәуекел етпейтіні рас. Дегенмен көзін тапқанға сауапты іс болары анық. Тағы да әлемдік тәжірибеге сүйенейік. Рухани туризм – осы саланың ең табысты бағытының бірі. Ежелгі Мысыр, Үндістан, Израиль, Шығыс Азия, іргедегі Ресейдің ғибадатханалары, Еуропаның тарихи-діни ескерткіштері – барлығы осы бағыттың нысандары. Мұны аралағандардың бәрін діншілдер деуге болмайды. Алайда көңілі жаңарып, рухы тазарып, жаратылыстың құпиясын түсінгісі келгендерге таптырмас жол. Оңтүстікте Түркістан осындай жаңа сапаға көтеріліп жатыр. Алайда Арқаның ардақтайтын жерлерінің айтушысы мен діттеген жеріне жеткізушісі болса, киелі кесенелер мен қасиетті жерлері жоқ емес. Тек алыс жолды жақындатып, туризм дамуына үлес қосатын жанашырлар жетпей жатыр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × 4 =