Бауыржан АЗАНОВ: АДВОКАТТЫҚ ҚЫЗМЕТТI ЖЕТIЛДIРУ ҚАЖЕТ

0 174

ERA_7831

Елімізде адам құқылары мен бостандықтарын сотта қорғауға және бiлiктi заң көмегiн алуға мемлекет кепiлдiк берген және Қазақстан Республикасының Конституциясын басшылыққа ала отырып, азаматтарға жәрдемдесуде Адвокаттық қызметтің маңызы зор. Елімізде бұл қызмет қашан қалыптасты? Азаматтарға қандай көмек көрсетеді? Астанада адвокат жалдаудың құны қанша? Мерейлі мереке қарсаңында адам тағдырына жауаптылықпен қарап, заң шеңберінде құқықтық көмек көрсетіп жүрген тәжірибелі маман, астаналық адвокат Бауыржан Азановпен әңгімелескен едік.

– Бауыржан Әскербекұлы, шетел тәжірибесіне сүйенсек, адвокаттық қызмет – мәртебелі мамандық. Тіпті, дамыған елдерде «отбасылық адвокат» қызметі барынша жетілген. Біздің елімізде бұл қызметтің жағдайы қалай?

– Жасыратыны жоқ, біздің елі­мізде адвокаттық қызметтің жағдайы төмен. Бүгінгі қоғамда, қарапайым қоғам мүшелері арасында құқыққа деген көзқарастың өзгеруі, жалпы құқыққа байланыс­ты бағаның төмендеуі нигилистік сананың дамуына әкелуде. Мәселен, қызмет ба­бында, іс барысында министрлікте жұмыс істейтін лауазымды тұлға­лармен жиі әңгімелесуге тура келеді. Сонда байқағаным, заңды бақылайтын кейбір кісілердің өзінің құқықтық сауаты төмен. Сондықтан, алдымен адамның құқықтық санасы өзгермей, заң шеңберінде іс-әрекет етуді үйренбей қоғамның дамуы екіталай деп ойлаймын. Ал, елімізде адвокаттық қызмет жетілдіруді талап етеді.

– Еліміздің әрбір қаласында адвокаттар алқасының жұмыс істейтінін білеміз. Олар азамат­тарға қандай қызмет көрсетеді?

– Қазақстан Респуб­ли­касының 1997 жылғы 5 желтоқсанда қабы­лданған «Адвокаттық қызмет туралы» заңы бар. Сол заңның 4-бабына сәйкес, адвокаттар ауызша және жазбаша нысанда құқықтық мәселелер бойынша кеңес береді, арыздар, шағымдар, өтініштер мен құқықтық сипаттағы басқа да құжаттарды жасайды, сенім біл­діру­шінің өкілі ретінде азаматтық сот ісін жүргізуге, қорғаушының немесе сенім білдірушінің өкілі ретінде қылмыстық және әкімшілік сот ісін жүргізуге қатысады. Медиация жүргізу кезінде, төрелікте, аралық сот­та және дауларды шешетін өзге де органдарда істерді талқылауға сенім білдірушінің өкілі ретінде қатыса алады. Мемлекеттік органдарда, қоғамдық бірлестіктер мен өзге де ұйымдарда сенім білдірушінің мүддесін білдіреді. Сонымен қатар, сенім білдірушінің өкілі ретінде атқарушылық ісін жүргізуге, сондай-ақ, қылмыстық жазаны орындау кезінде қатысады. Және біздің заң­дарда тыйым салынбаған өзге де құ­қықтық көмектерін көрсетеді.

– Ендеше осы қыз­метті жал­даудың құны қанша?

– Бұл ақылы қызмет болған­дық­тан, ең алдымен, адвокатпен ке­лісімшартқа отырады. Адвокаттың қызметі екі жақтың келісімімен белгі­ленеді. Адвокат шарт жасаспастан бұрын ақысын атқаратын жұмысының ауқымына, істің дең­гейіне, өзінің біліктілігі мен тәжі­рибесіне қарай тағайындайды.

– Азаматтар сіздің қызме­ті­ңізге көбіне қандай істер бойынша жиі жүгінеді?

– Менің ойымша, жыл сайын адвокаттардың қызметіне жүгі­не­тіндер саны артып келеді. Маған көбіне әкімшілік және азаматтық істер бойынша көмек сұрап келеді. Сонымен қатар, бүгінгі қоғамда еңбек дауы ушығып тұр. Аза­маттардың көбі жұмыстан заңсыз босатылған жағдайда адвокаттық қызметке жүгінеді. Мәселен, Ас­тана қаласында азаматтарды жұ­мыс­тан оңай босата салу көп кез­деседі. Көптеген басшылар Еңбек кодексіндегі заң талаптарын сақтай бермейді. Осы ретте мекеме басшылары алдымен заң талаптарын басшылыққа алып, адам тағдырына жауаптылықпен қараса деймін.

– Қазір елордада адвокаттық кеңселер көбейіп келеді. Бұл ком­мерциялық ұйымға жата ма?

– Жоқ, адвокат кеңсесi – ком­мер­­циялық емес ұйым. Ол адво­кат­тардың заң көмегiн көрсетуiнiң мате­риал­дық, ұйымдастырушылық-құқықтық және өзге де шарттарын қамтамасыз ету мақсатында құрылады. Айта кеткен жөн, адвокат кеңсесiн адвокаттар алқасының мүшесi құрады. Сонымен қатар, адвокат тек бiр ғана адвокат кеңсесiнiң құрылтайшысы бола алады.

– Осы салада «Адвокат құ­пиясы» деген термин кездеседі. Оны қалай түсінуге болады?

– Бұл термин туралы заңда арнаулы бап бар. Яғни, «Адвокаттық қызмет туралы» заңның екінші тарауындағы 18-бап адвокат құ­пиясына арналған.

Азаматтардың адвокатқа жүгiну фактiсi, көмек сұрап өтiнiш жасаған адаммен және басқа да адамдармен жасалған ауызша және жазбаша келiссөздердiң мазмұны туралы, көмек сұрап, өтiнiш жасаған адамның мүдделерiнде жасалатын әрекеттердiң сипаты мен нәтижелерi туралы мәлiметтер, сондай-ақ құ­қықтық көмек көрсетуге қатысты өзге ақпараттар – адвокат құпиясы. Екіншіден, адвокаттардың, олардың көмекшілері мен тағылымдамадан өтушілердің адвокаттар алқасы төралқасы, заң консультациясы, адвокат кеңсесi қызметкерлерiнiң заң көмегiн көрсетуге байланысты алынған мәлiметтердi жария етуге, сондай-ақ өз мүдделерi немесе үшiншi бiр адамдардың мүдделерi үшiн пайдалануға құқы жоқ. Сонымен қатар, адвокат құпиясына жататын мәлiметтердi көмек сұрап өтiнiш жасаған адамның келiсiмiнсiз жария еткен адвокат заңға сәйкес жауапқа тартылады.

– Соңғы сауал: азаматтардың құқықтық сауатын жетілдіру үшін не істеу керек?

– Олардың құқықтық сауатын арттыруда, алдымен кеңес берудің тиімді жолдарын қарастырған абзал. Әсіресе, тұрғын үй, жер, еңбек дауы, әлеуметтік және басқа да мә­се­­лелерді оңтайлы шешу жолдарын ке­ңінен түсіндіру қажет. Елбасы Қа­зақстанның өркендеуі үшін құқық­тық сауаттылықты, тәрбиені, са­наны жетілдіру қажеттілігіне на­зар аударып келеді. Еліміздің заң­да­рын сақтау – жауапкершілікті, тү­сі­ністікті, заң талаптарын білуді және соған сәйкес мінез-құлық пен іс-әрекеттерді үй­лестіруді талап етеді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Гүлмира Аймағанбет

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 + twelve =