«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бауырластықтың жаңа белесі

0 4

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған БАҚ өкілдерімен брифинг өткізді. Қазақстан ­Президенті ең алдымен өзін қасиетті Анадолы жеріне мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны үшін Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанға зор ризашылығын білдірді.

kz4-8532

Анытқабір кесенесін аралап көрген Президент Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды. Онда Қасым-Жомарт Тоқаев тамырлас түрік жұртына зор құрметін білдіріп, Қазақстан мен Түркия арасындағы достықтың мәңгі болуын, екі ел ынтымақтастығының арта беруін және бауырлас түрік халқына бақ-береке тіледі. Одан кейін шағын құрамдағы кездесуде екі ел басшылары саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларды кеңейтуге ерекше көңіл бөле отырып, қазақ-түрік стратегиялық серіктестігінің ауқымды мәселелерін талқылады. Сонымен қатар жаһандық және аймақтық күн тәртібіндегі проблемалар қарастырылды. Келіссөз қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Сондай-ақ мемлекет басшыларының қатысуымен ресми делегация мүшелері мынадай 14 құжатқа қол қойды. Сапар барысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа инвестициялық жобалар таныстырылды. Президент Түркия Республикасының ірі компаниялары басшыларымен кездесулер өткізді. Мемлекет басшысы қорытынды жиында сөйлеген сөзінде осы іс-шараға еліміздің шынайы досы, Түркияның Вице-президенті Фуат Октай мырзаның арнайы келіп отырғанын айтып, оған өз ризашылығын білдірді.

«Түрік халқына және Президент мырзаға қонақжайлығы үшін алғыс айтамын. Біз бүгін бірқатар аса маңызды мәселелер туралы кең ауқымды келіссөздер өткіздік. Пікір алмасу мазмұнды, мағыналы болды. Президент Режеп Тайип Ердоған – білімді, аса беделді саясаткер. Оның көзқарасы кең, сондықтан бұл кісінің пікірлері өте құнды. Түркия – біздің тәуелсіздігімізді алғашқы болып мойындаған ел. Оны қазақ халқы ешқашан ұмытпайды. Қазақстан – Түркия­дан ешқашан да, ешқандай да зиян шекпеген ел. Әлі де солай жалғасып келеді. Қазақстан мен Түркия – тамырлас, бауырлас, достас мемлекеттер. Біздің шетелдегі алғашқы елшілігіміз Анкарада ашылған. Мұның символдық мәні зор. Қазақстан мен Түркия арасында дипломатиялық қатынас орнағанына биыл 30 жыл толды. Осы кезеңде біздің ынтымақтастығымыз нығайып, стратегиялық серіктестікке айналды. Ауқымды шарттық-құқықтық негіз қалыптасты. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыс, жаһандық және өңірлік құрылымдар аясындағы ықпалдастық ойдағыдай дамып келе жатыр» деді Қазақстан басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев ­Алтайдан басталған қазақ көшінің қасиетті Анадолы топырағына жеткеніне биыл 70 жыл толғанын атап өтіп, қандастарымызды сол кездегі Түркия Премьер-министрі Аднан Мендерес құшақ жая қарсы алғанын еске алды. Сондай-ақ жақында Алматы қаласындағы көшеге Түркияның осы бір аса көрнекті саясаткерінің есімі берілгенін айтты. «Түрік жұрты Қазақстанға әрдайым тілектес әрі жанашыр екенін білеміз. Мұны ұдайы сезінеміз. Бүгінгі екіжақты кездесудің нәтижесінде маңызды келісімдерге қол жеткіздік. Бұл сапар саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық, әскери-техникалық және басқа да салалардағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді. Әсіресе, Транскаспий халықаралық көлік бағдарының әлеуетін толық пайдалануға екі ел де мүдделі» деді Мемлекет басшысы.

Президент геосаяси ахуал ушыға түскен қазіргі кезде мұның мән-маңызы айрықша екенін айтып, қазақ-түрік ынтымақтас­тығын жаңа деңгейге көтеру үшін Кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдеме қабылдағандарын жеткізді. Сонымен қатар түрлі саладағы байланысты жаңа белес­ке көтеретін маңызды үкіметаралық құжаттарға қол қойылды. «Бұл – бауырластығымызды бекемдеп, ықпалдастығымызды нығайта түсетін маңызды қадам. Қазақстан мен Түркия Еуразия құрлығында бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге баса мән береді. Осы ретте, екі ел халықаралық және аймақтық деңгейде тығыз ықпалдастық орнатқан» деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент байланыстарды одан әрі нығайту үшін Қазақстанда жоғары деңгейде екіжақты кездесу өткізу аса маңызды деп атап, Түркия Президенті, Режеп Тайип Ердоғанды елімізге сапармен келуге шақырғанын жеткізді. Сол кезде Нұр-Сұлтан қаласында Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің төртінші отырысы өткізілмек. Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің әрдайым бір-біріне қолдау көрсете отырып, табысқа бірге жететініне сенім білдірді.

Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әлі ілгерілетуге дайын екенін атап өтті. «Қазақ бауырларымыздың тұрақтылығы мен тыныштығына аса мүдделі екенімізді және сауда-экономикалық, мәдениет, қауіпсіздік салаларында бірге болатынымызды айтқым келеді. Біз екіжақты және көпжақты қатынастарымызды нығайта береміз деп келістік. БҰҰ, Ислам ынтымақтастық ұйымдарындағы бірлігімізді арттырамыз. Атамекенімізден келіп отырған Президент Қасым-Жомарт ­Тоқаев мырза мен оның құрметті делегациясының келгеніне аса қуаныштымыз» деді Түркия Президенті.

***

Президент Қазақстан үшін Түркияның бауырлас ел әрі маңызды стратегиялық серіктес, сондай-ақ ең ірі сыртқы экономикалық әріптесіміздің бірі екенін атап өтті.

– Соңғы 16 жылда түрік бауыр­ларымыз Қазақстанға 4,2 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция құйды. Пандемия кезінде әлем бойынша шет ел инвестициясының көлемі күрт азайғаны белгілі. Соған қарамастан, Түркиядан біздің елге келетін инвестиция азайған жоқ. Мұны әрине, қуантарлық жайт деп айтуға болады. Бұл – түрік ағайындардың біздің елімізге деген жоғары сенімінің көрінісі. Былтыр Түркияның тікелей инвестициясы рекордтық көрсеткішке жетіп, 680 миллион доллар болды. Қазір Қазақстанда түрік капиталы бар 4 мыңға жуық компания табысты жұмыс істеп жатыр, – деді Мемлекет басшысы.

Президент қазақ-түрік іскерлік орталары арасындағы татулас­тық пен ынтымақтастықты айрықша атап өтті. – Мен Президент ретінде бұл ахуалды ұдайы жетілдіріп, жақсарта беруге айрықша мән беріп отырмын және бар күш-жігерімді саламын. Осы жұмыс Қазақстан үшін өте қажет. Түркия бизнесмендерінің Қазақстандағы келешегі зор. Бұған еш күмән жоқ. Қазақстанда Түркия кәсіпкерлерінің қатысуымен 61 ірі жоба іске асырылды. Оған жалпы құны 2 миллиард доллардан астам қаржы жұмсалды. Бүгінде біздің елде құны 2,5 миллиард доллардан асатын 25 бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ құны 1,3 миллиард доллардан асатын 54 жаңа жоба қолға алынуда. Осылайша, екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді, – деді Қасым- Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан үшін өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және туризм саласындағы жобалар стратегиялық маңыз­ға ие екеніне назар аударды. Оның айтуынша, осы бағытта былтыр «Өнеркәсіп саясаты туралы» заң қабылданған. Қазақстан мұнай-газ саласы үшін құрал-жабдықтар мен қосалқы бөлшектер жасауға ниетті. Бізде бұған қолайлы жағдай жасалған. Мұнай-газ саласындағы инвес­торлар тарапынан сұраныс бар, олар қажетті қаржыны да ұсынып отыр. Ал сіздерде озық технология және тың тәжірибе бар, – деді Мемлекет басшысы.

Президент жер қойнауын пайдалану саласындағы ынтымақтастықтың келешегі зор екенін айтып, түрік инвесторларына бағалы және түсті металды геологиялық барлау бойынша дайын тұрған 5 жобаны ұсынды. Ол ауыл шаруашылығы саласын өзара ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты ретінде атады. – Біз ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге арналған жобаларды барынша қолдауға дайынбыз. Қазақстан жан басына шаққандағы егіс алқабы бойынша әлемде екінші орын алады. Ал жайылымдық жердің аумағы бойынша бесінші орында. Еліміз – астық пен ұн өндірісін өркендеткен әлемдегі ең үздік 10 мемлекеттің қатарында. Біз дәстүрлі дәнді дақылдардан бөлек, 1 миллион тоннадан астам майлы дақыл экспорттадық. Қазақстан соңғы 5 жылда зығыр егілетін алқаптың аумағын 2,5 есеге ұлғайтты. Осылайша, зығыр тұқымын экспорттайтын көшбасшы елдердің қатарына қосылдық. Түркия бұған дейін бізден жылына 10 мың тонна зығыр сатып алатын. Ал биылғы екі айдың ішінде 8 мың тоннасын, яғни, жылдағыдан 6 есе көп алды. Біз Қазақстанда зығыр және басқа да майлы дақылдарды өңдейтін бірлескен өндіріс орындарын ашуды ұсынамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияны туризм бойынша әлемде көш бастап тұрған елдің бірі деп есептейді. Бұл ретте, ол түрік компанияларының қазірдің өзінде Қазақстанның туризм индустриясын дамытуға қосқан қомақты үлесін ерекше атап өтті. Түркістандағы Керуен-сарай, «Rixos Aktau» халықаралық конақ үйі, «Tetys Blu» паркі және басқа да нысандар көпшіліктің көңілінен шығып отырғанын жеткізді. – Туристік жобалар бойынша мемлекеттің қолдау шараларын алуға қойылатын қаржылық талап 10 есеге азайды. Каспий теңізінің Қазақстанға тиесілі жағалауының орасан зор туристік әлеуеті бар. Қонақ үйлер мен емдеу-сауықтыру кешендерін, демалыс орындарын салуға Каспийдегі «Інжу-маржан» шығанағының бойы өте қолайлы. Біз күш-жігерімізді біріктірсек, осы жерде Орталық Азияға туристер тартатын жаңа орталық құра аламыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент елімізде инвес­торлар үшін өте қолайлы әрі заманауи институционалдық орта қалыптасқанын атап өтіп, басымдық берілген инвестициялық жобаларға барынша қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. – Бұл кездесу Қазақстан мен Түркияның сауда-экономикалық ынтымақтастығын нығайта түсуге септігін тигізері сөзсіз. Бүгін біздің елдеріміздің компаниялары арасында 30 коммерциялық құжатқа қол қойылды. Оның бәрі екі елдің алыс-берісін жандандыруға тың серпін береді деп сенемін. Баршаңызды бізбен бірлесіп, өзара тиімді жұмыс істеу үшін Қазақстанға шақырамын. Ең басты мәселе – қол жеткізетін келісімдерді жүзеге асыру. Бұл өте маңызды. Сондықтан менің жеке бақылауымда болады. Жұмысымыз табысты болсын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды