«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бауырлас қалалар тынысы

0 276

Астанаға бауырлас болып табылатын әлемнің бірқатар қалаларының тыныс-тіршілігі жөнінде топтама жариялап отырмыз.

РИГАНЫҢ ЕҢ ТАРТЫМДЫ АУДАНЫ ҚАНДАЙ?

Шілденің 12-сінде Латвия астанасы – Рига тұрғындары арасында қаланың ең көрікті де тартымды ауданын анықтау үшін сауалдама жүргізілді. Оның қорытындысы байтақ тұрғындарының ширек бөлігі (27,9%) Межапарк ауданын мұндағы ең жақсы жер деп бағалайтынын көрсетті.

Ригалықтар қаланың өзін-өзі басқару жүйесі жұмысындағы мәдени шараларды ұнататындарын білдіреді. Олардың 89 пайызы астанада өтетін мәдени-көпшілік жұмыстарының жоғары деңгейін және олардың қолжетімді екенін атап өтеді. Тағы 86 пайыздық мөлшерде қаланың табиғи орындарының көптігі жұртты қуантады. Сол сияқты қоғамдық көліктің қызметіне ризашылықты сұралғандардың 86 пайызы білдірген.
Ригалықтардың пікірінше, соңғы жылы елордада көлік және жаяу жүргінші инфрақұрылымы айтарлықтай жақсарған. Мұны сұралғандардың 31 пайызы атап көрсетті. Тағы 23 пайыздық тұрғын қаланың абаттандырылуы жақсы жағына қарай өзгергенін айтады. Бұдан бөлек, респонденттердің 17 пайызы парктер мен жасыл белдеу аймақтарында қоршаған ортаны қорғау жайының жақсы жақтарына көңілдері толатындарын білдірген..
Бұдан алдын «Sputnik Латвия» ақпарат агенттігі соңғы 17 жылда Рига орталығының 40 пайыздық тұрғындарынан айрылып қалғанын жазған еді. Егер 2000 жылы орталықта 50 мың адам тұрған болса, қазір олардың саны 30 мыңға әзер жетеді. Ал жалпы қалада барлығы 641мың адам тұрады. Кейінгі кезеңдері Риганың 58 ауданының 45-інде тұрғындар санының азайғаны байқалады. Алайда «Дрейлини», «Дарзини», «Скансте» секілді аудандарда керісінше тұрғынлдар бірнеше еселеп көбейген екен.
«Мұның бірінші және басты себебі өмір сүруге қолайлы жер іздеуден туады. Қазір Риганың орталығынан үлкен үйлер сатып алуға болады, себебі онда баға төмен. Бірақ жұрт бүгінде жасыл желек жамылған, суы мол сыртқы аудандарда тұрғанды көбірек қалайды. Оларда баға да жоғары. Сосын орталықта көлік қоятын жерлер өте аз. Бұл, әсіресе, балалары бар үйлер үшін өте қолайсыз. Кешке және түнге қарай орталық босап қалады. Бұл деградацияға апарады, қауіпсіздік үшін де қолайлы емес» деп есептейді әлеу­меттік антрополог Виестурс Целминьш.

ТАШКЕНТ АЙТМАТОВТЫ АСПАНДАТТЫ

Өзбекстан астанасы – Ташкент қаласында қырғыздың атақты жазушысы Шыңғыс Айтматов атындағы көше пайда болды.

Бодомзор көшесін енді Шыңғыс Айтматовтың атымен атауға келісім берді. Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев биылғы сәуір айында Қырғызстан халық жазушысының 90 жылдығын республикада кең көлемде атап өтуге пәрмен берген еді. Оның шеңберінде Ташкенттің орталық көшелерінің бірін Айтматовтың атына беру де тапсырылған болатын.
Маусым айында Өзбекстан мен Қыр­ғыз­стан кинорежиссерлері Шыңғыс Айтматовтың «Шынарым менің, шырайлым менің» хикаяты бойынша «Делбирим» деген фильм түсіруді қолға алды. Бұдан басқа, Айтматовтың мүсіні Ташкент облысындағы Паркент ауданының №33 мектебі алдына қойылды.

ВАРШАВАДА СУҒА ШОМЫЛУ МАУСЫМЫ ҚЫЗДЫ

Жаз айлары бір-бірте ысып, жұрттың суға түсу маусымы қызып келеді. Шілде басталғалы бері Польша астанасы – Варшава қаласында аталмыш кезеңнің жалауы барынша жоғары желбірей бастады.

Қазір Балтық теңізінің түстік бетін алып жатқан бұл елде де жаздың қызығы кемеліне келіп, кемеріне толып тұр. Ал Висла өзенінің екі жағалауына бөлініп орналасқан Варшавада мезгілдің ең ыстық шағының бір қызығы суға түсіп, шомылуға ұласып жатыр. «Польша сегодня» порталының мәліметінше, поляк елордасында мұндай бірнеше келісті мекен бар. Алайда бұл жағажайларда күнге қыздырынуға болғанымен, суға шомылуға рұқсат етілмейді. Себебі Висланың ағысы қатты, табаны терең, иірімі көп, сондықтан қауіптілігі күшті. Батпақты-сазды жермен ағып келетіндіктен, өзеннің суы лайланып ағады. Бұған қоса, оның сапасы жыл сайын нашарлап келеді. Санитарлық дәрігерлердің баяндауынша, оның суында әртүрлі ішек ауруларының таяқшалары бар.
Алайда, қала маңында жұрттың шомылуына болатын су көздері аз емес. Мәселен, Варшавадан 50 шақырым жердегі Миньск Мазовецки деген елді мекен жанындағы Карчунок су қоймасы солардың біріне жатады. Мұнда жасалған қалалық жағажайда келушілердің жақсы тынығулары үшін керекті жағдайдың бәрі жасалған. Бұдан басқа тағы 4 жағажай бар.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды