Бауырлас қала – Бангкок

0 56

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің делегациясы Бангкокта өткен «Бауырлас қалалар апталығы» ресми және мәдени бағдарламасына қатысты. Елорданың ресми өкілдерінің Бангкокқа сапары екі астана арасында бауырластық қарым-қатынас орнатудың 15 жылдығына арналған іс-шаралар аясында өтті.

Атаулы шарада қазақстандық делегация елорданың инвестициялық тартымды­лығын арттыру, көлік инфра­құрылымын дамыту және «Ақылды қала» тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында қабылданып жатқан шаралар туралы әңгімелесті. ЭКСПО-2017 базасында жұмыс істейтін «Астана» халықаралық қаржы орталығы, Халықаралық «жасыл» технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы, Seedstars ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге арналған халықаралық технологиялық стартап-инкубатор, қалалық даму акселераторы, сондай-ақ ІТ-стартап хабы сияқты перспективалы жобалар жеке атап өтілді. Шағын және орта кәсіпкерлік, туризм, мәдениет және спорт сияқты салаларда ынтымақтастықты дамыту және тәжірибе алмасу перспективалары қаралды. Сонымен қатар, екі астананың өкілдері Бангкоктың орталық парктерінің бірінде «Бәйтерек» монументінің моделін орнату мүмкіндігін талқылады. Ал кездесудің мәдени бөлімін қазақ музыка өнерінің дәстүрлі және заманауи шығармаларымен толықтырды. Достық кездесу елордада жалғасын
табады. Өз кезегінде Таиланд корольдігінің елшілігі Нұр-Сұлтанда бірнеше мәдени іс-шара өткізеді. Соның бастысы 7-8 шілде күндері Есіл өзеніндегі Амфитеатрда ұйымдастырылатын «Таиланд түндері» болмақ. Кеште тай халқының музыкасы мен ұлттық биі жұртшылық назарына ұсынылады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 − 6 =