Бауырлас елдер өнерпаздары – елорда төрінде

0 108

Кеше елордада Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен қала күніне орай Мәдениет және спорт министрлігі мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан театрларының тәжірибе алмасу мақсатындағы «Елорда – өнер өлкесі» атты шығармашылық кездесулер басталды. Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театрында өткен шараның салтанатты ашылуына Мәдениет және спорт министрі Ақтоты ­Райымқұлова мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қатысты.Шығармашылық кездесулер аясында 10 театр, соның ішінде Өзбекстан Республикасы Өзбек ұлттық академиялық драма театры мен Қырғыз Республикасы Б.Қыдыкеева атындағы Қырғыз мемлекеттік жастар театры, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театры, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры, Қазақстан Республикасының Ұлттық ұлан ән-би ансамблі, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Жастар театры, «Astana Musical» мемлекеттік театры және Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры елордалық көрермендер мен театр сыншылары назарына үздік қойылымдарын ұсынады.
Шығармашылық кездесулер аясында ұсынылған қойылымдар арнайы шақырылған театр сыншылары тарапынан талданып, талқыланатын болады. Театрлардың байланысын нығайту мақсатында шеберлік сыныптары ұйымдастырылады.
Сарапшылар алқасының құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мұхтар Әуезов
атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театрының директоры, өнертану ғылымдарының кандидаты, сарапшылар алқасының төрағасы Еркін Жуасбек, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Қазақстан театр қайраткерлері» одағының төрағасы, театр және кино актеры Тұңғышбай Қадырұлы Жаманқұлов, Қазақ ұлттық өнер университетінің аға оқытушысы, театртанушы, өнертану ғылымдарының магистрі Айзат Қадыралиева, Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры директорының орынбасары, өнертану ғылымдарының магистрі, театртанушы Тимур Нұралыұлы Ахметов, Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының көркем әдебиет және ғылыми қор бөлімінің меңгерушісі, өнертану магистрі, театртанушы Мирас Әбіл бар.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Жастар театрының «Жібек» мюзиклімен (авторы – Ғабит Мүсірепов, қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай) ашылған шығармашылық кездесулер 30 маусымға дейін жалғасады.
– Театр – адамдықты, ізгілікті, сұлулықты паш етіп, гуманизм идеяларына қызмет ететін, ұлт пен ұлтты, ел мен елді жақындастыратын, достастыратын өнер. Заманауи театр – ұрпақтан-ұрпаққа жететін рухани құндылықтар қазынасы, бүгін мен болашақтың көркем жарасымы, – деді А.Райымқұлова.
Елорда әкімі Алтай Көлгінов ­Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театрының жаңа ғимараты Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен салынғанын атап өтті.
– Театрды өткен жылы аштық. Бірақ карантин болғаннан кейін көп шара өткізе алмадық. Қазір жағдай реттеліп, көп адам екпе алып жатқаннан кейін осындай іс-шараларды өткізуге мүмкіндік туып отыр. Алдымызда елорда күні келе жатыр. Бас қалада театрдың салынуы елордамыздың ғана емес, ел мәде­ниетінің, әсіресе ұлттық өнердің әлемдік деңгейге көтерілуі деп айтуға болады. Өнер өлкесіне көршілес мемлекеттердің – Өзбекстан, Қырғызстанның, басқа да елдер өкілдері келіп, тәжірибе алмасуы нұр үстіне нұр, – деді А.Көлгінов.
Алдағы уақытта да театр өнерін қолдау жалғасатынын айтқан қала басшысы театр қызметкерлеріне биыл 70 пәтер берілетінін жеткізіп, әртістерді қуантты.
Жалпы елордада театрлар көбейіп жатқанын атап өтіп, Қаллеки театрының бұрынғы ғимаратына жаңадан ашылған Музыкалық жас көрермен театры орналасқанын айтты. М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының жағдайы әкімдік назарында екенін, театр ғимаратының күрделі жөнделуіне әкімдік қолдау көрсететінін атап өтті.
– Биыл – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы. Елордамыздың Арқа төріне көшуі – Елбасының тарихи шешімі. Астанамызда зәулім ғимараттар бой көтерді, қаншама мәдени және спорт нысандары салынды, елордаға көптеген жастар келіп жатыр. Мұның бәрі – тә­уелсіздігіміздің арқасы. Отыз жылдың ішінде көптеген жетістіктерге жеттік. Өнеріміз әрқашан да үстем болсын! Өнер мен театр майталмандарына толағай шығармашылық табыс тілеймін! – деп түйіндеді сөзін елорда әкімі.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen − 6 =