БАТЫСТЫҢ БАЗАРЛЫҒЫ

0 110

ERA_3157

Өткен сенбі, жексенбі күндері қалалық әкімдік алдындағы алаңда дәстүрлі ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өткізіліп, онда Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының тауар өндірушілері өз өнімдерін ұсынды.

Екі батыстық облыстың ауылшаруашылық өнімдері елорда тұрғындарына қала нарығынан 15-20 пайыз арзан бағамен ұсынылып, халықтың мұқтажын барынша қамтамасыз етті. Өткен жылғы жәрмеңкеде тұтынушылардың жоғары сұранысына ие болған Атырау балығына кезекке тұрушылардың қарасы биыл да көп болды.

Жәрмеңкеге ат басын бұрған Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов: «Бүгін елордамызға алыстан ат арытып еліміздің екі үлкен облысы келіп отыр. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген сөз бар. Осылай үлкен дәрежеде ұйымдастыру үшін әрбір өлкеде үлкен дайындық өтеді. Облыстан бөлек аудан әкімдерінің, шаруа қожалықтарының еңбектері еленуі тиіс» деді.

Жәрмеңкеге екі облыс 600 тоннадан астам азық-түлік өнімдерін жеткізді. Соның ішінде 60 тонна балық, 540 тоннадай картоп пен көкөніс және 35 тоннадан астам ет өнімдері саудаға салынды.

Жәрмеңкеде ет пен балықтан басқа сүт, жұмыртқа, ұн және шұжық, бал қатарлы басқа да өнім түрлері халық игілігіне ұсынылды. Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін бұл жәрмеңкені ұйымдастырушыларға елорда­лықтардың қай-қайсысы да алғыс айтудан жалығар емес.

Жәрмеңке барысында екі өңірден келген шығармашылық ұжымдардың концерті ашық аспан аясында астаналықтардың көңіл-күйін көтерумен болды. Әуелеген ән кешкісін Конгресс-холда батысқазақстандықтардың ұйымдастырумен дайындалған мерекелік шараға ұласты.

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × three =