Батырдың бабын тапқан

0 173

Талғат Бигелдинов – авиация генерал-майоры, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры. 1942 жылы майданға аттанып, көк жүзінде 500 сағат болады. 305 рет әскери шабуылға шығып, Берлинді алуға бірінші болып қатысады. Фашистер Талғат мінген ұшақты «қара ажал» деп атаған екен. 23 жасында екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын иеленіп, қан майданнан аман-есен оралады. Қазақстанның әскери-әуе күштерінде басшылық қызметін атқарған.– 2012 жыл болатын. Бір күні бастығым шақырып алып, атақты ұшқыш Талғат ­Бигелдиновтің жеке дәрігері ретінде таға­йындағанын айтты. Ол дегеніміз күндіз-түні постта болып, шақырған уақытында қасынан табылып, алғашқы көмекті көрсетуге тиіспін. «Сізге дейін үш дәрігерді жібергенбіз, ақсақал жақтырмады ма, әйтеуір «таяқтап» қуып жіберіпті» деп жағдайды қысқаша баяндап берді. Ол кез – Талғат Жақыпбекұлының тоқсанның төріне шыққан кезі. Денсаулығына байланысты Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Орталық әскери гос­питалінде тіркеуде тұрады.
Осы мекеменің терапевт-дәрігері ретінде жаңа міндеттен бас тартып, не батырдың «тая­ғынан» да қорыққан жоқпын. Қайта Талғат Бигелдиновтей ірі тұлғаның қызметіне жарағаныма, аңыз адаммен жолығатыныма қуандым. Осындай оймен Алматыдағы Ғылым академиясына қарсы орналасқан үйдегі пәтеріне келдім. Белгіленген уақытта есікті қақтым. Басшыларым мен туралы ескерткен болуы керек. Есікті ашқан жеңгеміз келбетті келген, тәкаппар жан екен, үнсіз ішке кірдім. «Қарапайым дәрігердің алдында неге елпілдеуі керек» деп өзімді басып қойдым. Ізетпен амандасып, өзімді таныстыр­дым. «Сен бе?» дегендей онша пейіл білдірмеді. «Иә, келді ғой бірінен соң бірі. Соңғысы шайтан сияқты, оны өзім қуып жібердім» деді. Әріптестерімнің тұрақтамаған себебін түсіне қойдым. Кейіннен сыйласып кетсек те, жеңгеміз батырдан өткен тентек кісі ме деп қалдым. Сәлден соң «жарайды, кіріңіз» деп батырдың бөлмесінің есігін ашты. Талғат атамыз креслода отыр екен. Қарттыққа реңін бермеген кісімен амандасып, терапевт-кардиолог, Мәскеуде оқып, аспирантураны да сонда бітіріп, мамандығыммен жұмыс істеп жатқан жайымды айттым. Қан қысымын өлшеп, ішіп отырған дәрілерін тексердім. Орынша (шын аты Орынбике болса да осылай атап кеткен) жеңгеміз «мен дәрісін бердім, бронхының шөбін ішкіздім, қан қысымын өлшеп қойдым» деп қосарланып айтып жатыр. Дәрігердің жұмысын өз жауапкершілігіне алған жеңгемізге «қан қысымы деген бәле, он минутта ұшып кетеді, не түсіп кетуі мүмкін, тағы бір тексеріп алайын деп рұқсатын сұрадым. Аяқтарында ісік бар ма деп тұла бойын шолып шықтым. Балдақсыз орнынан тұрайын деп еді, теңселіп қайта отырды. Менің шын ниетіммен дәрігерлік әрекеттерімді қабыл алды. Қабағымен болса да қарсылық білдірген жоқ. Белгілеген дәрігерлік нұсқауымды түсіндіріп, қажет дәріні өзім алып келемін деп, қош айтысып шығып кеттім.
Жасы келген, екі рет инсульт алған, инфарк­ты тағы қосыңыз, соғыстан оралып, қаншама бейнет кешкен жанның ағзасындағы барлық көрсеткіштері бойынша әлдеқашан о дүниелік болуы тиіс. Алайда атамыздың рухының күштілігіне таңғалдым. Тоқсанында да тұғырынан тайып тұрған жоқ. Сырқатқа бой алдырмаған. Тілі күрмелсе де, зор дауысымен гүр етіп шолақ қайырады. Бас­тығым айтқан «таяқтың» сырын да түсіндім. Бір келгенімде Орынша жеңгеміз жайдары қарсы алып, атамыздың қан қысымы жақсы екенін, жаңа ғана тексергенін айтты. Атамыз да сергек отыр екен. Мен әдейілеп келген соң тиісті міндетімді атқаруым керек. Орынша жеңгемнің бәрі жақсы дегеніне сеніп, кері бұрылып кетуімнің еш жөні жоқ. Не дерімді білмей ойланып қалған едім. Атам қабағымнан байқады ма, креслосының оң жақтауына сүйеп қойған таяғын алып, еденге бар күшімен соғып-соғып қалды да, әйеліне көзін шатынатып, тексеруге келді ғой, жұмысын істесін дегендей қолын созды. Тығырықтан жол тапқан батырдың мейірімділігіне қуандым. Қан қысымыңыз мынадай деп көрсетіп, өзін де қуантып қойдым. Содан не керек, бірте-бірте туысымдай болып кетті.Үлкен кісі ғой, әрлі-берлі мазалағанды қаламайды. Алайда біздер де қарап отыра алмаймыз ғой. Алдымен Орынша жеңгемізді, сосын екеулеп атамызды госпитальға жатып ем алуға көндірдік. Госпитальда «генерал палатасы» деген бар, жеңгеміз екеуін сонда жайғастырып, барынша жағдайын жасадық. Бүкіл госпиталь қызметкерлері атаның үйіріліп жанынан шықпай, аяғымен тік тұрып қызмет етті. Жалпы, кісіге салмақ салғанды ұнатпайтын. Міндетіміздің сол болғанын түсінеді. Сонда да қысылып, «жақсы, жақсы» деп қайталап, разылығын осылайша білдіруші еді. Күз-көктемде өзіне де, жеңгемізге де айтып қойғанмын, келген-кеткен адамдар болса бетперде киіп жүрсін деп. Дәрілердің өзі қарт адамның ағзасына ауыр болмасын деп таңдап белгіледік. Оның қайсысын қай кезде ішетінін сағатына дейін көрсетіп, кес­тесін жасап, жеңгемізге тапсырып қойғанмын. Арасында өзім бақылап кетемін. Атам да маған үйренісе бастады. Енді келген бетте шай іш дейтін болды. Қарсыласуға болмайды. Қысқа-қысқа бұйрығын өктем дауысымен айтады. Мен асүйге барып, дәмнен ауыз тиіп, шай іштім деп, жұмысыма кірісемін. Жақтырмай қалса, таяқтың ұшы еденге тиеді.
Соңғы рет туған күнін атап өттік. Бөтен ешкім жоқ, бірді-екілі әскери лауазымдағы азаматтар мен қала әкімі келді. Мен батыр­дың бір қызметіне жарағаныма қуанып, жеңгемізге көмектесіп жүргенмін. Мені «дәрігерім» деп жанына шақырып отырғызып қойды. Сол күні жібек орамал сыйға тартты. Дастарқаннан артылған дәмді салып бер деп жеңгеме бір қарағаны жеткілікті болатын. Қалта толып, оны ауруханаға алып бардым. Ондағылар атамыздың тәбәрігі деп жеп алды.
Осылайша жүргенде, мен кезекті еңбек демалысыма кеттім. Бір жарым айдан кейін батырдың үйіне келгенімде, ағамыз шаршап қалыпты. Аяғы ісіп кеткен. Шұғыл госпитальға жату керек дедім. Көпті көрген адам ғой, өз жайын жақсы түсінген сияқты. Госпиталға баруға келіспеді. Мен де қайтпадым. Өйткені алдағы күндердің ауыр болатынын, дәрігердің көмегінсіз қиналатынын сездім. Атамның бірсыпыра киімдерін өзім көтеріп алып, жедел жәрдеммен госпитальға алып келдім. Бұл жолы «генерал палатасына» емес, жансақтау бөліміне. Госпитальдың барлық басшылары, тағы жауапты әскери азаматтар бірін-бірі ауыстырып, атамыздың соңғы күндерінде қасында болдық.
Батыр атамыз соңғы сағаттарына дейін сынған жоқ. Есінде болды. Көзін ашып жатты. Ауырсынып болса да қабағын шытпастан «ризамын» деп, сағат күндізгі онда дүниеден өтті. Бұл 2014 жылдың 9 қарашасы еді.
Осы күні атамның берген жібек орамалын мешітке, тағы басқа рәсімдік жиындарға барғанда тартып аламын. Менің туыстарымның бәрі Талғат Бигелдинов­тің берген орамалы екенін жақсы біледі, көрген сайын батырды бірге еске аламыз.
Кезінде әдемі сыйды анама бергім келген-ді. Анам ықыласыма риза болып: «Батырдың батасындай орамал өзіңнің басыңда жүрсін» деп, сыйымды алмап еді. Енді қарасам, батырдың орамалы естелік және екі жарым жылдай жанында жүрген күндердің де ескерткіші екен, – деді Рәбиға ­Әбсеметова Талғат Бигелдинов­тей батырдың бабын тап­қан дәрігер.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × 5 =