Батыр қызы ол халқымның

0 22

Еліміздің бас қаласы – елорда көшелеріне халық қаһармандарының есімін беру – ерлікті дәріптеудің дәстүрлі ісі.Әлия Молдағұлова 1925 жылдың 15 маусымында Ақтөбе облысы Қобда ауданы Бұлақ ауылында дүниеге келген. Оның шын есімі – Ілия. Ал бай баласы болғаны үшін қуғын-сүргін көріп, жасырынып өмір сүрген әкесі Нұрмұхамет Сарқұлов Әлияны Ақтөбе қаласында тұратын нағашы ағасы Әубәкір Молдағұловтың тәрбиесіне берген. Ол Ташкентте жоғары оқу орнын бітірген сауатты, әскери қызметтегі адам болатын. Сол себепті де Нұрмұхамет Сарқұлов Әлияның анасының фамилиясын алғанын қалаған деген дерек бар. Ал тағы бір деректер бойынша Әубәкір Әлияны тәрбиесіне алған соң, оған өз фами­лия­сын берген. Осылайша ол Әлия Молдағұлова болады. Бұл деректі Қазақстан ұлттық мұрағатының қызметкері Ақзада Хайруллинқызы растаған.
«Әкесі көрген қуғын-сүргінді көрмесін деп туысқандары Әлияның тегін «Молдағұлова» деп өзгертеді. Ленинградтағы құжаттарда оның аты Лия, Аня деп тіркелді. Бірақ ешқайда «Әлия» деген есім жоқ. Себебі ленинградтықтар оны Аня ретінде таныды. Сондықтан мектеп журналдарында, оқу үлгерімі табельдерінде Әлия «Аня Молдағұлова» деп жазылды» дейді.
Аңызға айналған қазақтың батыр қызы өз еркімен Қызыл әскер қатарына сұранып, мергендердің орталық әйелдер мектебін үздік бітіріп шығады. Сол жылдан бастап 2-Балтық жағалауы фронтында 54-арнайы атқыштар бригадасы 4-батальонының снайпері болған. Жау әскерінің 30-дан аса сарбаздары мен офицерлерінің көзін жойған. 1944 жылы 14 қаңтарда Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники ауданында қаза тапты. Есімі мен ерлігі өшпейтін қайсар қызына халқы қандай құрмет көрсетсе да артық емес. Бүгінде еліміздің бас қаласынан Әлия Молдағұлова көшесін көрсеңіз, бұрылмай кетпейсіз. Қаланың ескі орталығында орналасқан. Кеңес дәуірі кезінде Жеңістің 20 жылдығына орай 9 мамыр көшесі боп аталған. Одан кейін көше атауы бірнеше рет өзгертілген. 2008 жылы Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова есімі берілді. Ұзындығы екі мың жарым метрді алып жатқан көше Берел, Қарауыл, Бекетай, Найзақара, Керегетас, Жеңіс даңғылын, Бейбітшілік, М.Әуезов көшелерін қиып өтіп, Республика даңғылында аяқталады. Әлия Молдағұлова көшесінің бойымен жастар жиі жүреді. Себебі осы маңда республикалық жоғары оқу орындарының бірі – С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті орналасқан және студенттік жатақханалар көп. Жеңіс көшесімен қиылысатын тұста қаһарман қыз Әлияның ескерткіші бой түзеп тұр. Әлия Молдағұлова мүсіні қойылған әдемі саябақ елорданың 10 жылдық мерейтойына ақтөбеліктер тарту еткен сыйы болатын.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − 19 =